Имам Мәтуридидің (р.а.) тұлғалық ерекшеліктері
Имам Мәтуридидің (р.а.) тұлғалық ерекшеліктері
9 ай бұрын 2022
Дайындаған Абдусамат Қасым

Имам Мәтуриди (рахимаһуллаһ) - Хижри жыл санауы бойынша шамамен 240-333 (м. 854-944) жылдары өмір кешкен ғұлама. Шығыстан шыққан жарық жұлдыз. Тарихта «Имамуль һуда» деген лақаб атқа ие болған бірегей кәләмшы, ақида ғалымы ретінде танымал. Имам Ағзам Әбу Ханифаның сенім-негіздерін одан әрі дамытып, оны ақли дәлелдермен де бекітіп, белгілі ақида мектеп ретінде қалыптастырған тұлға. Сол себепті «Мәтуриди мәзхабы» деп аталған.

Имам Мәтуриди сол заманда туындаған түрлі ағымдарға қарсы Суннит сенімін интеллектуалды тұрғыда қорғаған ғұламалардың бірегейі. Әсіресе, Мавранахр аймағында Мұғтазилия діни-философиялық ағымы күшейіп, өкіметтен қолдау көріп жатқан шақта, Ол «тәухид» атты ауқымды ақида кітабын жазып, онда мұғтәзилиттердің пікірлерін терістеп, керісінше сунниттік сенім-негізді ақли және нақли дәлелдермен қорғайды. Мұғтазилия ағымдарымен қоса «материалистер», «батыйниттер», «харижиттер», «жәбрия», «мүржия», «қарамита» т.б. сол заманда бой көрсеткен түрлі ағымдардың да қате ұстанымдарын кітабына алып, олардың қате тұстарын дәлелдеп, керісінше әһлу сунна уәл жамағат ұстанымының дұрыстығын айғақтайды. Имам Мәтуриди бірегей кәләмші болуымен қатар, фақиһ әрі Құран тәпсіршісі болған. Оның «Әһлу сүннәт тәуилдері» атты бірнеше томнан тұратын тәпсір кітабы күнімізге дейін жеткен.

Төменде Имам Мәтуридидің жеке тұлғасына қатысты ерекшеліктерімен таныстырып өтсек деп отырмыз. Біз Имам Мәтуридиді ұлы суннит ғалымы ретінде танимыз, ал оның бойындағы жеке тұлғалық сипаттарын көбіміз біле бермейміз. Әрине, Имам Мәтуриди жайында жазылған тарихи мәліметтер аздау. Алайда зерттеуші мамандар оның кітаптарын зерттеп, зерделей келе оның өмірлік ұстанымы мен жеке тұлғалық сипаттарын анықтай білген.

1) Дүниеге қызықпаушылық сипады (зүһд).

Имам Мәтуриди дүниеге қызықпайтын тақуа жан еді. Оның пікірінші мұсылманның басты уайымы - ақыреті болуы тиіс. Сондықтан да, ақыретін ұмыттыратын дүние, ғалымның назарында әбес нәрсе. Алайда, ұлы ғалымның көзқарасынша, дүниеге деген қызығушылық әрдайым әбестік санала бермейді, өйткені дүниелік нәрселерді ұнату адамның табиғатында бар нәрсе, сондықтан да дүниелік нығметті ақыреті үшін ұнатса ол әбестік емес, себебі бұ дүние - о дүниенің егістігі, алайда, ақыретін ұмытып, дүниені ақыреттен артық қойса, ол ағаттық болады. Бұнымен қатар, Имам Мәтуриди әлдекімнің осы дүниедегі халал, таза нәрселерді өзіне харам санап, дүниеден түгелдей баз кешуін де құп көрмейді. Оның түсінігінде «Зүһд» деген, Алланың адал еткен таза нәрселерін өзіне харам ету емес. Ондайларды Ол «зәһид» деп емес «мүтәқашшифа» деп атаған1.

2) Шәкірттерден ақы алмайтын.

Имам Мәтуриди (рахимаһуллаһ) ілім үйреткені үшін және Құран үйреткені үшін ақы алуды дұрыс көрмейтін. Өйткені, Оның пікірінше, ілім үйретуді ақыға байлау - ғылымның іргесін қазумен және шариғатты құлатумен пара-пар2.

3) Алла ризалығы.

Имам Мәтуриди сөздерінде болсын, мейлі істерінде болсын, тек Алланың ризалығын көздейтін.

4) Патшадан именбей ақиқатты тура айту қасиеті.

Ұлы ғалымның бұл қасиетін сол замандағы Аббаси халифаларының кейбір шариғатқа қайшы тірліктерін заңдастыруға тырысуларын сынап айтқан сөзінен ұғынуға болады. Мысалы, Имам Мәтуриди (р.а.) соғыс олжасының Пайғамбарға тиесілі үлесін Аббаси халифаларына және олардың туыстарына мұра ретінде берілу керектігіне қарсы шыққан. Өйткені Пайғамбардың үлесі жетімдерге, міскіндерге және Алла жолына қолданылу керек. Және де, Алла елшісінен жеткен бір риуаятта «Біз мұра қалдырмаймыз, садақа тастамаймыз» деген хадис бар. Имам Мәтуридидің мұндай батыл тұжырымдамасы өзіне таяқ болып тиюі мүмкін екендігіне қарамастан, ол соны айтқан болатын. Бұл да оның шыншыл, ақиқатты тіке айтатын қасиетінің дәлелі.

Сондай-ақ, сол замандарда Мавранахр аймағын басқарған саманидтер мемлекетінің билеушісі Нұх ибн Наср (х. 353-387/ м. 964-997ж), Самарқант халқына салықты арттырып, мал-дүниелеріне қол салуды көздейді. Сол мақсатта жарлық шығарады. Кейін жергілікті ғалымдарды жинап, жарлыққа қолдау көрсетулерін бұйырады. Жиналған ғалымдардың арасында Имам Мәтуриди де бар екен. Сонда, жарлықты оқушы елшіге Имам Мәтуриди р.а.: «Сен әміршінің хатын бізге жеткіздің. Енді оған жауабымызды жеткізгін: «Бізге зұлымдығыңда арттыра бер, біз де түнгі намазымызда дұғамызды арттыра түсейік!» деп, айбат шегіпті. Бұл оқиғаны өткен ғасырдың орта шеңінде өмір кешкен дін мамандарының бірі Мұхаммед Мұнир әд-Димашқи жеткізген. Имам Мәтуридидің теріс дұғасынан соң, көп ұзамай билеуші Нұх ибн Наср бақилық болды деседі.

«Фәтәуә әл-Һиндия» атты Ханафи пәтуа кітабында Имам Мәтуридидің (р.а.) өз заманындағы әділетсіз, залым басшыға қарасты: «Кім сұлтанды әділ деп айтса, ол кәпір болады» деген сөзі келтіріледі. Әрине, патшаны әділ дегені үшін ешкім шын мәнісінде кәпір болып кетпесі анық, алайда Имам Мәтуриди өзінің заманындағы басшының соншалықты әділетсіз, залым екендігіне назар аударту мақсатында солай айтса керек. Бұл да болса Имам Мәтуридидің (р.а.) өз ойын қорықпай білдіре алатын өжет болғандығын көрсетеді.

5) Сұлтан, патшаларды жағалағанды жаны сүймейтін.

Имам Мәтуридидің пікірінше сұлтан мен патшалардың құзырына тек әмір-мағруф жасап, насихат айтып, оларды жаман істен тыю мақсатында ғана шығуға болады. Одан өзге мақсатта, олардың күналарына ортақтасып қалмас үшін, жақындамау керек. Әрине бұл да әділетсіз, дүниеқұмар залым патшаларға қатысты айтылған тұжырым екендігі айтпасақ та белгілі шығар.

6) Билік басындағылардан мал-дүние алмайтын.

Имам Мәтуриди (р.а.) ілім үйретіп, шәкірт тәрбиелегенімен қатар кәсіп иесі де болғандығы айтылады. Сондықтан да, замандас дін ғалымдары секілді билік басындағылардан айлық алмайтын болған.

7) Әулиелік қасиеті.

Имам Мәтуридиден 1 ғасыр кейін өмір кешкен Ханафи ғалымы Әбу Юср әл-Бәздәуи Имам Мәтуридидің таңғажайып кереметтер көрсеткен әулие болғандығын айтады. Ол өзінің «Усулуддин» атты еңбегінде Имам Мәтуриди жайында сөз ете келе былай деген: «Имам Мәтуриди - Әһлу сунна уәл жамағат жолының көшбасшыларының бір еді. Ол - керемет иесі болған (яғни, әулие болған). Менің әкем (Мұхаммед ибн Хусейн) Имам Мәтуридидің кереметтері жайында өзінің атасы шейх зәһид Абдулькәрим ибн Мұсадан естігенін айтып отыратын» деген сөзі бар3.

Бұл сайып өтілгендері ғұламаның бізге белгілі болған жөні. Ұлы ғалымның бізге белгісіз қырлары да бары сөзсіз. Оны анықтап жазу болашақтың еңшісінде. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

(Мақалада қолданылған материалдар - мысырлық дін маманы Ахмед Саъд әд-Дәмәнһуридің «Имам Мәтуридидің өмірбаяны» атты араб тілінде жазылған кітабынан алынды, төмендегі сілтемелер де сол кітапқа тиесілі).


1  Имам Мәтуриди, «Тәуиләту Әһли сунна»: «Мәида» сүресі, 87 аят тәпсірі.
2  Имам Мәтуриди, «Тәуиләту Әһли сунна»: «Ясин» сүресі, 21 аят тәпсірі (2/197).
3  Имам Бәздәуи: «Усулуддин».

0 пікір