Имам Тахауидің «фиқһ» саласындағы деңгейі
Имам Тахауидің «фиқһ» саласындағы деңгейі
2 жыл бұрын 2445
Дайындаған Абдусамат Қасым

Имам Тахауи - миләди жыл санауы бойынша ІХ-Х (9-10) ғасырларда өмір кешкен Ханафи мәзхабының беделді ғұламасы. Діни ғылымдардың әр саласын жетік меңгерген білгір. Фиқһ саласы мен хадис саласын «жүйелі түрде» ұштастырған әрі хадис пен фиқһтың ажырамас байланысын ғылыми түрде көрсете білген ғұламалардың бірегейі ретінде саналады.  

Толық аты – Ахмад ибн Мұхаммад ибн Сәләмә ибн Сәлмә ибн Абдуль Мәлик Әбу Жағфар әт-Тахауи әл-Әздий. Шыққан жері - Мысыр жерінде орналасқан Таха ауылы. 

Имам Тахауи рахимаһуллаһ хадисші болуымен қатар, білікті фиқһ ғұламасы болғандығы мәлім. Бірақ фақиһ ғұламалардың да деңгейлері бар. Мәселен, Ханафи мәзхабында фиқһи деңгейі ең жоғары болғаны – Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ) десек, одан кейін ғалымның екі шәкірті - Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед келеді (рахимаһумәллаһ). Осылай Ханафи ғұламаларын фиқһи білгірлігі жөнінен 7 деңгейге бөлгендер бар. Имам Тахауи қай деңгейде? Бүгін сол жөнін сөз етпекпіз.

Ханафи ғұламаларын фиқһи біліктігі жөнінен 7 дәрежеге бөлген ғалым Кәмәл Бәшә Ахмад ибн Сүлеймен әр-Руми (р.а. ө.ж.хижри 94 ж.) еді. Ол, Имам Тахауидің фиқһи деңгейін «үшінші дәрежелі» деп есептеген. Ол дәрежеге – «мәселеде мүжтәһид» болған ғалымдар кіреді. Яғни, Әбу Ханифадан пәтуа жетпеген мәселелерге пәтуа айта алатын ғұламалар тобы. Бұл «табақаға» кіретін ғұламалар мәзхаб иесіне, яғни, Имам Әбу Ханифаға іргелі-негізді қағидаттарда да («усуль), сол негіздерге сүйеніп шығарылған үкімдерде де («фуруъ») қайшы келе алмайды. Бірақ, Әбу Ханифаның бекітіп кеткен «усуль» қағидаларына сүйеніп, «аят» не «хадисте» үкімі айтылмаған және Имам Ағзамнан да пәтуә жетпеген жаңа мәселелерге үкім шығара алатын деңгейде. Үшінші табақа, яғни, жеті деңгейдің үшінші дәрежесіне жататын ғалымдардың құзыреттілігі осындай екен. Кәмәл Бәшә Имам Тахауиді осы деңгейге жатқызған.

Алайда, миләди XIX (19) ғасырда өмір кешкен білікті Ханафи ғалымдарының бірі, хадисші маман Имам Ләкнәуи, Кәмәл Бәшәның аталмыш уәжіне келіспейді. Ханафи ғалымдарын фиқһи жөнін жеті емес, (Әбу Ханифаны есептемегенде) бес деңгейге бөлген Имам Ләкнәуи (р.а.), Имам Тахауидің фиқһи деңгейін – екінші деңгейлі, яғни, Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед сынды «мүжтәһид филь мәзһәб» / «мәзһәбтә мүжтәһид» болғандар деңгейіне жатқызады. Бұл деңгейдегі фақиһтар (фиқһ ғұламалары) Имам Ағзам Әбу Ханифаның түзеген қағидаттар негізінде дәлелдерден (аят, хадис т.б. фиқһи дәлелдер) үкім шығара алатын құзыретте. Бұл деңгейдегілер Әбу Ханифаға «усуль қағидаттарында» қайшы келе алмағанымен, фуруътарда, яғни, шығарылған үкімдерде қайшы келе алады. Мысалы, Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің кейбір мәселелерде ұстаздарына қайшы үкім айтқандары осыдан. Міне, Имам Ләкнәуи Имам Тахауиді Имам Әбу Юсуфпен және Имам Мұхаммедпен қатар қойып отыр (р.а.). Бұл дегеніміз, Имам Тахауи - кейбір мәселелерде Әбу Ханифаның шығарған үкіміне қайшы үкім қоя алатындай деңгейдегі мүжтәһид ғұлама болған деген сөз. Имам Ләкнәуи Имам Тахауидың фиқһи ерекшеліктерін баяндай келе былай деп қорытындылайды:

«Нұсқасын айтқанда, Имам Тахауи Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің табақасында, олардың деңгейінен әсте төмен емес».  

Тіпті соңғы ғасырларда өмір кешкен дін мамандарының кейбірі Имам Тахауиді өз алдына мәзһәб құра алатындай деңгейдегі бір ғұлама болғандығын көлденең тартады. Ал оның Әбу Ханифаның жолын таңдауының себебін: "фиқһи тұжырымдамаларының Әбу Ханифанікімен бірдей болғандығынан" деп түсіндіреді. Сондықтан да, өз алдына мәзхаб құрудан гөрі, онсыз да оның ұстанымымен ұштасатын бұрыннан бар мәзхабқа өзін атауды жөн көрген дейді олар. Бұлай баға берушілердің пікірінше, Имам Тахауи «усульда» да, «фуруъта» да, ешкімді «тәқлид» етпейтін, өзінің ижтиһадымен жүретін өз алдына бірегей мүжтәһид тұлға.

Имам Тахауидің «мүжтәһид» дәрежесіндегі ғұлама екендігін басқа бір Ханафи ғалымы Имам Кәусәри (р.а.) де айтқан. Имам Тахауидің деңгейін паш ете келе Имам Кәусәри былай деп ағынан жарылады: 

«Имам Тахауи өзін Әбу Ханифаның жолына тән етсе де, шүбәсіз Ол – «мүжтәһид мутлақ» деңгейіне жеткендердің бірі еді»1.

(Мүжтәһид мутлақИмам Әбу Ханифа, Имам Мәлік, Имам Шәфиғи сияқты, өз алдына мәзһәб құра алатындай деңгейдегі мүжтәһид ғұлама).

Алла Тағала Ислам ғұламаларымызды рахымына бөлесін. Пейішінің төрінен орын нәсіп қылсын. Біздің де ұрпағымыздан Имам Тахауи сынды ғұламаларды шығарсын. Олар, шынмәнісінде Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мұрагерлері болатын:

«Шынында ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері. Пайғамбарлар мұраға динар не дирхам қалдырмайды, олар мұраға ілім қалдырады. Кім оны алған болса, мол үлес алғаны». Хадис.(«Сахиху Ибн Хаббан», «Ибн Мәжә», «Әбу Дәуід», «Тирмизи»). 


 1) «Ахкәмуль Құран лит-Тахауи». Кіріспе бөлімі. 

 

0 пікір