Жаңа туған сәбиге алғаш рет жәрдемақы (пособие) тағайындаған кісі - Әзіреті Омар (р.а.) болатын.
Жаңа туған сәбиге алғаш рет жәрдемақы (пособие) тағайындаған кісі - Әзіреті Омар (р.а.) болатын.
1 жыл бұрын 3227

Бисмилләһир рахманир рахим

Өзінің әділдігімен танымал сахаба Әзіреті Омар радияллаһу анһуды білмейтін кісі кемде-кем. Пайғамбарымыз оны ақ пен қараны тез айыра білетін парасаттылығына қарап «Фаруқ» деп атаған, ал, әділдігі мен қарапайымдылығы ел аузында аңызға айналып, ерлігі дастан болған.

Әзіреті Омар - Ислам тарихында екінші халифа. Исламдағы ең абзал тұлға ретінде, Әбу Бәкірден кейінгі орында тұрады. 

Әзіреті Омардың ел басқарып тұрған шағында мұсылман жерлерінің шекарасы едәуір кеңейіп, халықтың жағдайы жақсарған болатын. Әскери және әлеуметтік салаларында да көзге батар өзгерістер енгізді. Айталық, әскери мерзімнің алты айға қысқаруы, сот жүйесі, полиция органының құрылуы, қылмыскерлерді қамайтын түрменің пайда болуы, ревизорлық т.б. Және де зейнетақы мен жас балаларға жәрдемақы тағайындау сияқты әлеуметтік төлемдерді де алғаш рет іске қосқан осы халифа болды. 

Бүгін Әзіреті Омардың жаңа туған сәбилерге қазынадан жәрдемақы тағайындауына түрткі болған бір оқиғамен бөліссек деп отырмыз. 

Бұл оқиға Әсләм есімді Әзіреті Омардың азатты құлынан жеткен. Оқиға былай өрбиді: 

Медине қаласына бір топ жергілікті саудагерлер келеді. Олар қаланың шетіндегі айт намазы оқылатын үлкен орынға келіп түседі. Халифа Әзіреті Омар Абдуррахман ибн Ауфқа:

«Келушілерді менімен бірге қарауылдай аласың ба?» - дейді. Сахаба Абдуррахман ибн Ауф келіседі. Сөйтіп екеуі келген саудагерлер мен жүктерін түнімен ұры-қарыдан қорғау үшін қарауылдауға келеді. Екеуі бірге түнгі намаздарын оқып болып, отырғанда Әзіреті Омар бір жылаған сәбидің даусын естиді. Дауысқа қарай барса, анасының қасында сәби жылап жатыр екен. Әзіреті Омар анасына: 

- Алладан қорық. Сәбиіңе дұрыстап қара! - деп, айтып өзінің орнына оралады. Бірақ артынан тағы сәбидің даусын естиді. Қайта дауыс жаққа барып, баланың анасына қайтадан ескерту жасап кетеді. Түннің ақырғы бөлігінде тағы жаңағы сәбидің жылаған даусын естиді. Омар орнынан тұрып анасына барады, бұл жолы ұрысып:

- «Өкініш болсын! Қандай жаман анасың! Балаң неге түнімен жылауын тоқтатпай жатыр? - деп сұрайды. Баланың анасы алдындағы кісінің халифа екенін танымай:

- Ей, Алланың құлы! Мен оны әдейі сүт бермей, сүттен шығармақшымын, сол себепті емшек сұрап жылап жатыр, - деп жауап береді.

Әзіреті Омар:

- Неге омыраудан шығармақшысың? - деп сұрағанда, ол (баланың анасы):

- Өйткені Халифа Омар тек емшектен шыққан балаларға ғана жәрдемақы береді, - дейді әйел.

- Балаңның жасы қаншада еді? - деп сұрайды Әзіреті Омар.

- Пәлен айлық нәресте, - дейді.

Сонда Әзіреті Омар оған:

- Баланы омыраудан шығармаңыз! - дейді де, бұрылып кетіп қалады.  

Таң атып, мұсылмандар намазға жиналғанда, әдет бойынша, Әзіреті Омар имамдыққа өтеді. Бірақ намаз оқып тұрып, көңілі босап көз жасын ұстай алмай еңкілдеп жылайды. Арттағы жамағат оның жылағаны себепті оқыған сүресін ести алмайды. Намаздан кейін Әзіреті Омар өз-өзіне «Омар, сен неткен жаман адам едің! Сенің алаңсыздығыңнан қаншама мұсылмандардың сәбилері аштан өлді!» деп жылайды. Көз жасын тыйып, жаршыға былай деп жар салуын бұйырады:

- Бұдан былай ешкім балаларын емшектен ерте шығарушы болмасын! Біз Исламда туылған барлық жаңа туған сәбиге қазынадан жәрдемақы тағайындаймыз!» - деп(1), алғаш рет жаңа туған сәбилер үшін мемлекеттік қазынадан, біздердің бүгінде «жәрдемақы» (пособие) деп атап кеткен әлеуметтік төлемді тағайындаған алғашқы басшы болды. Алла пейіште шалқытсын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


(1) Ибн Кәсир: "әл-Бидая уән Ниһая". 

Дайындаған Абдусамат Қасым

 

 

0 пікір