Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әдептілігі мен ұялшақтығы
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әдептілігі мен ұялшақтығы
2 жыл бұрын 4093

Хазіреті Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) беті ашылмаған қыздан да ұялшақ еді. Аса ұяңдығынан өмірде ешбір адамға ұрыспаған, жүріп келе жатқанда үндемейтін, еш уақытта қарқылдап күлмеген. Сол кездерде Арабстан және басқа мемлекеттерде әдеп пен сыпайылыққа құрмет көрсетілмейтін. Арабтар тыр-жалаңаш жуынатын, тіпті Қағбаны тыржалаңаш айналып тауаф ететін. Расулұлла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл іс-әрекеттен жиіркенетін еді. Тіпті осы себепті моншалардан сақтануды бұйырған еді. Тек монша орамалын қолданып шомылуға ана рұқсат берген. Бірақ, бұл рұқсат әйелдерге берілмеген.

Алла  Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әдеп сақтап ел арасында, көпшілік жерлерде, жәрмеңке мен базарларда қатты сөйлемейтін еді. Көңілге қонымсыз сөздер айтпайтын. Мұнымен қатар, ұяңдығынан біреудің жүзіне ұзақ қарап тұра алмайтын. Адамдардың көрілмесін деген жерлеріне және кемшіліктеріне қарамайтын, оны көрсе де көрмегендей болатын. Хазіреті Айша (радиаллаһу анһу) анамыз Оның әуретті жерін еш көрмегендігін айтады[1].

Алла  Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамдарды ұятқа баулып, ұят – иманның бір белгісі екендігін түсіндіретін және оларды харам іске барудан сақтандыратын.

Бір күні бір жас жігіт келіп, Одан зина жасауына рұқсат беруін сұрады. Құзырында отырған сахабалар жас жігітті сөйлетпеуге тырысқанымен Ол «жіберіңдер, қасыма келсін» - деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жанына келген жас жігіттен:

«Бұл жамандықтың анаңа, қызыңа, әпке-қарындастарыңа, немере әпкеңе және нағашы әпке-қарындастарыңа жасалуын қалайсың ба?» - деп сұрады.

Жас жігіт барлығына да: «Жоқ қаламаймын», - деп жауап берді. Осыған байланысты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Басқалар да мұндай жамандықтың өз туыстарына жасалғанын қаламайды», - деп, қолын жас жігіттің кеудесіне қойып:

«Аллаһым, бұл жігіттің күнәларын кешір, жүрегі мен әдептерін харамнан сақтай гөр», - деп дұға етті. Ал, сол жігіт бұдан кейін мұндай жаман іс-әрекетті қайта істемейтін болды[2].

Адамдармен жақсы қарым-қатынасы

Пайғамбарымызбен пайғамбарлық келгенге дейін байланыстары бар адамдар Оның шыншылдығына таң қалғандықтарынан Оны «әл-Әмин», яғни «Сенімді» деп атайтын еді. Пайғамбар болғаннан кейін де Құрайыш халқы Расулұллаһты (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ата жаулары ретінде білсе де, сақталуы тиіс аманаттарын Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) беретін еді.

Бір күні бір бәдәуи Пайғамбардан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алашағын алуға келген еді. Бәдәуи дөрекілікке салынып, Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тым ауыр сөздер айтқан еді. Ардақты сахабалар ашуланып, бәдәуиге былай деп ескерткен еді:

«Сен кімге не айтып тұрғаныңды білесің бе?»

Бәдәуи: «Мен өз ақымды алуға келдім», - деді. Ал Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Сендер оны ұстап жібермей тұрсыңдар. Алайда бұл адам ақысын сұрап тұр ғой», - деді. Осыдан кейін Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бәдәуиге ақысын артығымен ұсынған еді.

Бір күні Сайб деген бір араб саудагері Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) таныстырылды. Расулұлла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Мен оны сендерден де жақсы танимын», - деді. Ал Саиб:

«Ия, саудада жүргенде жолдас болған едік. Бүкіл есептері өте керемет болатын», - деген еді[3].140

Хазіреті Жабир бин Абдуллаһ бір сапар кезінде Расулұллаһпен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге болған еді. Жабирдің (радиаллаһу анһу) түйесі шаршап, әрі қарай жүруге жарамсыз болып қалады, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол түйені Хазіреті Жабирден сатып алып, ақшасын береді де:

«Түйе де, ақша да сенікі», - деп, түйені қайтадан қайтарып береді[4].

Тағы бір рет Расулұлла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) біреуден бір түйе алып, орнына одан да керемет бір түйе береді де:

«Қарыздарын жақсы әрі керемет түрде өтеген адамдар - мәртебелі кісілер», - дейді[5].

Тағы бір жолы бір керуен Мәдинаның сыртында түнеген еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол керуеннің қасынан өтіп бара жатып бір қызыл түйені көріп қалып, бағасын сұрайды да, еш саудаласпай түйені қарызға сатып алып кетеді.

Біраз уақыттан кейін керуендегі кісілер алаңдай бастайды және түйені ақшасын алмай беріп жібергендеріне өкініп, бармақ тістеп қалады. Керуендегі бір әйел:

«Қапа болмаңдар, бұл маңайда сол секілді нұрлы жүзді ешкімді көрмедік. Мұндай адам өтірік айтып, бізді алдап кетпейді», - деп, керуендегілердің абыржуларын басады.

Кешкісін Расулұлла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) керуендегілерге түйенің ақшасымен бірге ішер сулары мен тамақтарын да беріп жіберген еді[6].

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Хұнайн соғысы кезінде Ислам әскерлеріне қарызға сауыт алу үшін әлі мұсылман болмаған Сафванға келіп өтініш жасайды. Сафуан:

«Менің мүліктерімді өз қолымнан алып, мені тонағың келе ме?» - дегенде, Расулұлла саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Жоқ, бұларды бізге қарызға беруіңізді сұраймын. Жоғалғандарын тез арада өтейміз», - деп жауап берген еді. Сафуан мұсылмандарға отыз-қырықтай сауытты қарызға берді. Соғыстан қайтқанда сауыттар саналды. Бірнешесінің жоғалғаны белгілі болған соң, Расулұлла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол жоғалғандар үшін ақша ұсынса Сафуан (радиаллаһу анһу):

«Иә, Расулаллаһ, менің жүрегім енді басқаша соғуда» - деп иман еткен еді[7].

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тікелей өзіне жасалған қылмыс үшін ешқашан кек алмайтын. Көпшіліктің ішіндегі ең аз ашуланатыны, ең көп риза болатыны және ең нәзік жүректісі еді. Мәжіліске келген адамдардың дөрекі әрі ашуға тиер сөздеріне ашуланбай, қайта кешіріммен қарайтын еді. Өзімен бірге отырған немесе алдына келіп мұңын шаққандардың сөзін тегіс тыңдап, соңына дейін сабырлы отыратын. Егер біреу бір нәрсе қаласа, қалауын беретін. Ал бере алмаған жағдайда, уәде ететін еді. Асхабымен әкелік мейіріммен мәміле жасайтын еді.

"Пайғамбарымыз (с.а.у.) және оның күнделікті іс-әрекеттері". 



[1] Шәмәйлул-Мухаммәдия, 283
[2] Ахмед бин Ханбел, І-том, 256-257
[3] Әбу Дәуіт, Әдеп, 20
[4] Бұхари, Буюғ, 34
[5] Асры Сағадат, II, 71 (Тирмизиден)
[6] Дарақутни, Буюғ, II-том, 45. 186-хадис.
[7] Әбу Дәуіт, Буюғ, 90

0 пікір