Қажымұқан қажылыққа барған ба?
Қажымұқан қажылыққа барған ба?
8 жыл бұрын 14087
Марфуға ШАПИЯН

Қажымұқан – қазақтың күш атасы. Қажымұқан – заманының алыбы. Қажымұқан – халқымыздың тұңғыш кәсіпқой палуаны. Жауырыны жер иіскемеген батыр бабамыз туралы аңыз көп. Бірақ сол аңыздардың арасынан бізді ең қатты қызықтырғаны – оның қажылық сапары еді. Палуан Мұқан қалай «Қажымұқан» атанып кетті? Расымен қажылыққа барған ба? Мекке-Мәдинаны көзімен көрген бе? Намаз оқыған ба? Кезекті мақаламызда осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

 

Анадан алып боп туған – Мұқан

Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы 12 тамызда Ақмола өңіріндегі Қоспа деген жерде дүниеге келген. Әкесі Мұңайтпас отынға деген ағашты түбірімен балтасыз суырып әкете беретін алып болса, анасы Кәбира бір барғанда бір айлық отынды иығына салып әкелетін зор қуат иесі болыпты. Ал бала Мұқанның тұлғасы 12-13 жасында 20 жасар жігіттікіндей екен. Қыстыгүні Қызылжардағы Масликов атты саудагерде жалшы боп жүрген бозбала Мұқан бірде шанамен шөп әкеле жатады. Екі аттың бірі жолда өліп, ызаға булыққан ол өлі атты шөптің үстіне лақтырып, екінші атты шананың артына байлап, мая шөпті ауылға өзі сүйреп келген деседі. Сол жолы қаршадай баланың жойқын күші маңайындағыларды таңғалдырыпты. 18 жасында Омбыға келген Мұқан алғаш циркті көреді, тұңғыш рет күресіп, көзге түседі. Айналасындағылардың кеңесімен күрестің оқуын оқымақ болып, 1889 жылы Петербургтен бір-ақ шығады. Міне, осылай оның үлкен спорттағы алғашқы белестері басталады.  

Мұқанды әлем чемпионы дей аламыз ба?

Бүгінде кей деректерде Қажымұқанды «тек қазақ ішіне танымал болған», «әлемдік деңгейге шықпаған», «әлем чемпионы атауымыз жараспайды», «чемпионаттарға қатыспаған», «циркте өнер көрсетіп жүре берген» деген сөздер айтылып жүр. Бірақ бұл сөздердің негізсіз екенін соңғы табылған деректер дәлелдеуде. Мұқан Петербургте алты ай француз күресін үйренеді, 1890 жылы үш ай Гамбургтегі күрес мектебінде тәжірибе жинайды. Ал 1891 жылы алғаш рет әлемдік деңгейдегі күреске түсіп, Иван Заикинді жеңеді. Бұл күрес Киев қаласында өткен болатын. Дәл осы сапарында кейін айнымас досына айналған атақты палуан Поддубныймен танысады. Бұл досымен талай жарыстарға бірге қатысқан Мұқан бас жүлдені Поддубныйға күрессіз беріп, оны ұстаз тұтып, өзі кейінгі орындарды алып отырады екен. Қажымұқан 1899 жылы Парижде араб палуаны Хажы Мұрзықты жеңсе, 1905 жылы Қытайдың Харбин қаласында жапондық Саракикиді джиу-джитсу әдісімен жер жастандырады. Әлемнің талай елдерін аралап, күрескені жөнінде палуанның өзі:

Қажымұқанмын қазақта күшім асқан,

Палуандықтан айтайын біраз дастан.

«Орыс палуан» атанып он екі жыл,

Жиырма төрт патшалықтың жерін басқам.

Қаласын кездім талай дүниенің,

Таныттым мені туған қазақ елін.

Үстімнен жүкті автобус жүрген уақта,

Сонда да қайыспаған қайран белім, – деп жырлайды. Ал халық ақыны   Нартай Бекежанов:

Қазақтың Қажымұқан палуаны,

Өнердің бар өзінде алуаны.

Шетелден қырық сегіз медаль алған,

Қайтпаған, асып туған аруағы.

Құдіретті қара күштің қаһарманы,

Палуанның бәрін жыққан жиһандағы.

Тізесін белдескеннен бүккен емес,

Чемпион жер жүзіне аталғалы, – десе,сырбаз ақын Сырбай Мәуленов:

Атағы болып кеткен аңыз ердің,

Қол соққан түре келіп Париж, Берлин.

Брюссель, Рим, Лондон газеттері,

Палуанның жазған теріп әр іздерін, – деп жазған болатын. Қажымұқан өмірін зерттеуші Қалиәкпар Әміржановтың: «Қажымұқан – қазақ халқының туын биікке көтерген әлем чемпионы. Ол портты қала Жиддаға келген. Ондағы жарысқа әлемнің 25 палуаны қатысады. Үндістаннан – Салах, Мамбу, Ахмет, Әли, Египеттен – Юсуф, Нура, Мустафа, Ираннан – Махмуд және Фаруддин, Оңтүстік Африкадан – қара мұсылман Ципс қатысқан. Жартылай финалға Мұқан және Мамбу, Ципс пен Юсуф шығады. Нәтижесінде, финалға Мұқан және Ципс жетеді. Мұқан 10 минуттың ішінде қара мұсылманды жеңіп, алтын медаль мен бас жүлдеге бес мың реал ақша алады. Медальдың лентасында «Азия мен Африка чемпионы» деген сөз жазылған. Қажымұқанның қытай палуаны Ци-Хо-Чангты, жапон палуаны Саракикиді жеңгенін еске алсақ, оны Азия, Африка чемпионы болған деуге толық құқымыз бар. 1910 жылы Берлинде өткен біріншілікте Дүниежүзі чемпионы Ганс Каунды құлатып, тағы да чемпион атанады. 1909-1910 жылдары Еуропаның Рига, Кельн, Гетеборг, Берлин қалаларында өткен біріншіліктерде дүниежүзінің чемпионы атағын үш мәрте алады», – деп жазды өз зерттеулерінде. Міне, осы жазбалардың барлығы Қажымұқанның әлемдік дәрежедегі палуан болғанының дәлелдейді емес пе?! Тек мұрағат ақтарылмай, құжаттар зерттелмей жатса керек. Әйтпесе, палуан өміріне қатысты талай құнды дүние табылар еді деп ойлаймыз.  

 

Қажымұқан діндар болған ба?

Қажымұқанның теңдессіз палуандығымен қатар, дінге жақын, иманды жан болғанын дәлелдейтін естеліктер де баршылық. Бірінші әйелі, орыс қызы Надежда Чепковскаяны алғанда өзге қазақ зиялыларындай Қажымұқан да некесін мұсылманша қидырып, әйеліне Ислам дінін қабылдатады. Надежда атты есімін өзгерткізіп, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүйікті қызы Фатиманың атын бергізеді. Кейін халық оны «Бәтима» атап кетеді. Бұл туралы Надежда Чепковскаяның өзі «Күш атасы» кітапта: «Қажымұқан өте сымбатты, бойшаң, қараторы жігіт болатын. Шынымды айтсам, мен оны бір көргеннен-ақ ұнатып қалдым. Цирк ойыны мен күрес екі айға созылды, біздің танысқанымызға да екі айдай уақыт болды. Осы мерзім ішінде екеуіміздің арамызда махаббат оты тұтанып, өмірлік дос болуға бел байластық. Қажымұқан мені өз еліне, Омбыға алып баратынын айтты. Мен болсам, Мұқанға сенгенім соншалық, ұлты, салты басқа адам болса да енді маған ешкімнің зекіп сөйлеп, зәбірлік жасай алмайтынына көзім жеткендіктен шексіз қуаныш үстінде едім. Әлі есімде, Обыға келген соң ғана өмірімнің өзгеріп, нұрланып, шаттыққа, жақсылыққа бөленгенін сезіндім. Қазақ халқының жайдары жүзді меймандостығы, бауырмалдығы бірден баурап әкетті. Омбы қазақтары мені басқа ұлттың баласы деп жат көрмей бауырына басып, туысқандай қарсы алып, «келін келді, той болады» деп қуанысып жатты. Омбыға келгеннен соң көп ұзамай, мені мешітке апарып Хасен деген молдаға некемізді қидырды. Сон күннен бастап мен «Қажымұқанның зайыбы Бәтима» атандым», – деп еске алады. Қажымұқанның бұл әйелінен туған екі ұл – Халиолла мен Ғабдолланың есімдерінің де мұсылманша қойылуы көп нәрсені аңғартса керек.

Қажымұқан бертінірек, 1948 жылы қайтыс болды. Сондықтан оның көзін көрген көнекөз қариялардың көпшілігінің көзі бүгінде тірі. Палуанның кейінгі өмірі туралы олардың айтқан естеліктері баршылық. Міне, сол естеліктерде Қажымұқан өмірінің соңғы жылдарында бес уақыт намаз оқып, Аллаға құлшылық еткені айтылады. Палуанның ұлы Айдарханның досы болған, Қажымұқанды кішкентай кезінде көрген Әшімбай Өткелбаев ақсақал: «Қазандағы ет піскенше Айдархан екеуміз гүл теруге кеткенбіз. Келсек, ата төсекте домбырасын шертіп жатыр екен. Ет жеп болған соң ол кісі қорылдап ұйқыға басты. Сізге өтірік, маған шын, қорылынан бүкіл дала гүрілдегендей. Ұйқысынан тұра сала жуынып, намаз оқыды. Құлшылық жасап болып төмен қарай сәл жүгіріп, тоқтады да, атқосшысы жанына сүйрелеп әкеп берген үлкен кір тастарын көтере бастады», – деген естелік айтқан. Осының өзі атағы әлемді шарлаған алып палуанның дінге қаншалықты жақын болғанының дәлелі болса керек.   

Қажымұқанның оң жағында әйелі Мінәйім, ұлы Айдархан және немере інісі Есбол

Мұқан палуан қажылыққа қалай барды?

О баста Қажымұқанның азан шақырылып қойылған есімі Мұқан екен. Бірақ бертін келе «Қажы Мұқан» атанып, халыққа да солай танымал болады. Палуанға бұл атаудың қалай жалғанғаны жөнінде де түрлі пікірлер бар. Біреулер «Мұқан қажылыққа барамын деп жолға шығып, Түркиядан қайтқан. Содан кейін «қажы» атана басатаған» десе, енді біреулер «Меккеге қажылыққа барғаны рас», – дейді. Біз де соңғы нұсқаға қосыламыз. Өйткені, қазақтың кез келген адамды «қажы» атай бермесі анық. Біздің ойымызша, палуан қажылыққа барған, парызын өтеген, тек кейінгі жылдары Кеңестік идеологияға орай бұл туралы көп айта бермеген. Бұл сөзімізді қажымұқантанушы Қалиәкпар Әміржановтың мына дерегі қуаттай түседі: «Ыстамбұлда атақты түрік палуаны Нұрланы жеңген соң, Шәкір паша мен Имам Баюр Мұқанды құрметтеп қажылыққа шақырады. Сөйтіп үш аптаға созылған керуен Орталық Таврдан, Тигр өзенінің бойымен Бағдатқа, одан әрі Үлкен Нефуз шөлімен Меккеге жетеді. Меккеде құлшылық жасап, Мұқан құдықтан зәмзәм су ішеді, Арафат тауының етегінде үш күн шатырда түнейді. Қысқасы, ол қажылықтың шарттарын түгелімен орындайды. Содан бастап Мұқан деген есімі ұмытылып, Қажымұқан аталып кетеді. Ал «жауырыны жерге тимеген түрік палуанын жеңген соң Мұқанға қажы атағы беріліпті» деген – жалған әңгіме. Бұл сол уақытта қоғамның құбылысын, көзқарасын байқаған палуанның нағыз қажылығын жасырып, себеп тауып, өзінің шығарған «ертегісі» ғой».

Қажылық сапары туралы Қажымұқанның өз аузынан шыққан да сөз бар екен. Палуан ауылдасы Дүйсенбай Елібаевқа: «Балам, мені халық бірінен бірі естіп қана біліп жүр. Атымды да толық білмеген жұрт Әжімұқан деп атап жүр. Менің атым – Қажымұқан. Меккеден келе жатқанымда «Қажы» деген сөзді түріктер қосып, «Қажы Мұқан» атандым», – деген көрінеді. Бұл деректер – Қажымұқанның қажылыққа барғанының анық дәлелі. Өйткені, Жиддаға жарысқа барып тұрған Қажымұқандай адамның Меккеге соқпай кетуі мүмкін емес шығар. Қажылық маусымы болмаған күнде де кіші қажылыққа барған болуы әбден ықтимал. Тек қашан, қай жылы, қандай жағдайда барғанын анықтау – болашақ зерттеушілердің еншісіндегі дүние.  

 Әміре Қашаубаевпен

Қажымұқан түрмеге не үшін қамалды?

Қажымұқан өз замандастары – көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың барлығымен аралас-құралас болған. Алаш зиялыларымен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Әсіресе Міржақып Дулатовпен жақын араласып, ол ел аралауға шыққанда жанына бірге еріп кетеді екен. Өнер адамдарының да жанында жиі жүрген Қажымұқан туралы биші Шара Жиенқұлова: «Айбынды да әлеуетті кісі еді. Жер жүзіне аты мәшһүр болса да сондайлық қарапайым, кішіпейіл, нағыз халықтың ұлы еді», – деп еске алады. Ал палуанмен кейін жақсы араласып, дос-жар болып кеткен ақын Әбділда Тәжібаев алғашқы кездесуі жөнінде: «Қажекең етті қалай сыпайы жесе, шайды да сондай сыпайы ішті. Табақта келінге деген сарқыт қалды, кеселер де ақырына дейін төңкерілген жоқ. Кейінірек ортадағы стол шығарылды, апам текеметін  жайып, оның үстіне кілемін төседі. Сөйтіп осы төрден палуан ағаға қашан қайтқанынша жатып тұратын орын ұсынылды. Үйімізде жай кісі емес, алып адамның жатқанын бірінші күні ғана сезіндік, аздап қысылдық та. «Қалай тойындырар екенбіз, бұл дәуді?» – дедік. Бірақ дәуіміз өзіміз қатарлы ғана ішіп-жейтін кісі болып шықты. Бірінші түні Қажекеңнің жөтелгенінен балалар да бірнеше рет жылап оянды, ол еденде жатып жөтелгенде жер қозғалғандай үй солқылайды екен», – деп жазған болатын.

Қазақ зиялылары мен өнер адамдарының ортасында еркелеп қана жүрген Қажымұқанның түрмеге қамалуы осы аралас-құраластығынан болды. Өйткені, 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қазақ зиялылары егемендік үшін күресуге бел шеше кіріседі. Олардың арасында Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, қазақтың алғашқы режиссері Жұмат Шанин мен Ермек Серкебаевтың әкесі Бекмұхаммед Серкебаев болған. Бұл игі істің бел ортасында Қажымұқан да жүрді. Ол алашордашылар жиналатын жер – Семейге жиі барып тұрған. Қазақ жанашырлары Кеңес үкіметінің құрығына ілініп, шетінен абақтыға қамала бастаған 1929 жылы Қажымұқан да ұсталып, түрмеге түседі. Новосібірдегі түрмеде 5-6 ай жатқан соң, оны жолдастары шығарып алған деседі. Одан кейінгі жылдары Қажымұқан өзге елдерде жүргеніне қарамастан, қазақтың зиялылары құрған «Алаш» партиясына бірнеше рет ақша аударыпты. Бұл туралы сақталған құжаттар бар көрінеді. Ал 1937 жылдың зобалаңында «халық жауы» атанғандармен байланысы бар адамдардың барлығы айдалды, атылды. Бұл уақытта палуан көзден таса жүре тұруды ұйғарып, ел ішіне кетеді. Бірақ нақты қайда, не істеп жүргенін ешкім білмеген. Өмірінің бұл кезеңі туралы Қажымұқан да ешкімге тіс жарып айтпаған деседі.

 Палуан Алаш зиялыларының ортасында

«Бұлшық еті даланың...»

Қажымұқанға жыр арнамаған ақын кемде-кем. Сол сияқты Қажымұқанды аңызға арқау етпеген әңгімеші, шежіреші де жоқ шығар. «Қазақтың бас бұлшық еті» туралы ақиқат аралас аңыз күні бүгінге дейін қазақ даласын кезіп жүр. Жұрт әсіресе палуанның Иманжүсіптен қалай таяқ жегенін түрлендіріп, жасандырып әрқилы етіп әңгімелейді. Бұл оқиғаны Әбділда Тәжібаевқа Қажымұқанның өзі айтып берген деседі.

Қажымұқанның жасырақ уақыты екен. Базарда бір шалмен сөзге келісіп қалған палуанды шал қамшымен ұрмаққа ұмтылғанда, Қажымұқан оны аттан жұлып алып, үйдің үстіне атып ұрыпты. Ашуланған ақсақал: «Ініңді өз қолыңмен жазаламасаң, бұл дүниеде кешірмеймін», – деп Иманжүсіпке барады. Имекең де қатты ашуланып, бір топ адаммен қымыз ішіп отырған Қажымұқанға келеді. «Әкеңдей кісіге неге азар бересің, ит?!» – деп, арқасынан қамшымен салып өтіпті. Оны палуанның өзі: «Ту сыртым сөгіліп кеткен шығар деп ем, әйтеуір аман екен. Көзім қарауытып кетіп, әрең жығылмай қалдым», – деп есіне алған көрінеді. «Япырмай, аямағаны ма?» – деген Әбділдаға: «Әрине, аяғаны. Жұрт «Әзірейіл Иманжүсіптің қамшысының ұшында» дейтін. Шындап соқса, мені екі бөліп түсірмей ме? Ондай ағалар қазір қайда? Болмысы бөлек жандар еді ғой», – деп көзіне жас алыпты.

Ал тағы бір аңыз былай толғайды: «Ресейде «Русский медведь» деген лақап аты бар Володя деген орманшы болған екен. Қажымұқан онымен де күресіп, жеңіске жеткен. Сонда орманшы: «Қазақ батыры! Отыз бес жылдан кейін мен сені іздеп барамын. Сонда тағы бір күресейік. Сол жолы сені міндетті түрде жеңемін», – депті. Сонымен ол оқиға ұмытылады. Кейін Қажымұқан Темірланда тұрғанда қалай тауып алғаны белгісіз, жаңағы орманшы шал іздеп келіпті. Жанында еңгезердей екі ұлы бар екен. Қажекең қуанып, оларды қонақ етіпті. Ол кезде Қажымұқанның жасы 75-те, орманшының жасы одан да үлкен болса керек. Сонда ол: «Әй, Мұқан! Екі мың шақырым жерден сені бекер іздеп келген жоқпын. Ұмытып қалдың ба? Бүгін уәделескенімізге 35 жыл толды. Мен сенімен күреспей кетпеймін», – дейді. Қажекең: «Екі шалдың күресіп жатқаны ұят болар», – десе де, анау айтқанынан қайтпайды. Ақыры Қажымұқан Володя шалмен күресіп, айқын басымдықпен жеңеді. «Жеңілген жұдырыққа тоймас» дегендей, қарт аңшы енді ұлын күрестірмен болады. Қажекеңнің сандықта жатқан жалпақ белбеуі бар екен. Соны беліне буынғанда іші тартылып, бүкіл күш кеудесіне жиналыпты. Солай орманшының екі ұлын да жеңіпті».

Теңдессіз палуан өмірінің соңғы жылдарын өткізген Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында 1948 жылы 77 жасқа қараған шағында дүниеден өтеді. Көзі тірісінде палуанды Дәуапа атты алып кемпір арнайы іздеп келіп: «Неге ертерек кездеспедік екен? Екеуміз қосылғанда, бізден де алып палуан туар еді ғой», – деп Қажымұқанды құшақтап жылаған деседі. Ақын Мұхтар Шахановтың тілімен айтсақ:

Япыр-ай, бұл не, ұлтымыз алыптықтан суынғаны ма?

Жүз қырық жылдай өтсе де Қажымұқанның туғанына,

Күллі қазақ әйелдері жыл сайын толғатқаныменен,

Намысын өр кеуде еркек қуаттарға қорғатқаныменен,

Әкеле алмаған соң өмірге жойқын күш – жаңа Қажымұқанды

Әр әйелдің өз күйеуіне өкпе қыжылы, назы тұтанды.  

Расымен де арада қаншама уақыт өтсе де қазақ даласынан әлі жаңа Қажымұқан шыққан жоқ. Алып атасының күрестегі жеңісті жолын әлі ешкім қайталамады...

Қажымұқан халық арасында өнер көрсетуде

4 пікір
  • Керемет! Марфуға, қызым, осындай танымдық дүниелеріңді көбейте түссең. Көп рақмет!
    8 жыл бұрын
  • Әсіресе, қазақ зиялыларымен түскен суреті ғажап екен! Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтарды көріп, көзім толып, көңілім босап кетті.
    8 жыл бұрын
  • Бір демде оқып шықтым, рахмет, еңбегіңіз жана берсін.
    8 жыл бұрын
  • Али де осындой алып тулгаларды казактын аналары омирге акелер ин ша алла
    8 жыл бұрын