Сахабалардың басшылық қызметтен қашуы
Сахабалардың басшылық қызметтен қашуы
2 жыл бұрын 4673

Әнәс (р.а.) айтады:

«Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Миқдат ибн әл-Әсуадты бір аймаққа басшы етіп жібереді. Алайда біраз уақыт өткен соң, ол Аллаһ расулына қайтып келеді.

Одан:

– Ел басқарған қалай екен? – деп сұрайды.

– Халықтың кейде мені әулиедей көріп, кейде түкке алғысыз ететінін байқадым. Тіпті өзімнен күмәндана бастадым, – дейді.

Пайғамбарымыз:

 – Иә, ел басқару оңай емес, – дейді.

– Сені хақ дінмен жіберген Аллаһқа ант етемін, бұдан кейін ешқашан ел басқармаймын, – дейді. Миқдатқа: «Алдымызға шығып, имам бол», – деген де, бұл жауапкершіліктен де қашқақтайтын[1]. Тағы бір риуаятта Миқдат ибн Әсуад (р.а.) былай деген: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мені бір әскери жасаққа қолбасшы етіп жорыққа аттандырды. Қайтып оралғаннан кейін, менен: «Қалай екен?» – деп сұрағанда, «Жанымдағыларды қызметшілерім екен деп қаламын. Уаллаһи, бұдан былай екі адамнан тұратын топты да басқармаймын» , – дедім үзілді-кесілді»[2]. 

Әбу Һұрайраның Омардың басшылыққа тағайындау
туралы ұсынысын қабылдамауы

Әбу Һұрайрадан риуаят етілгені бойынша, Омар оны әлдебір елді мекенге басшы етіп сайлау үшін шақыртады. Әбу Һұрайра оның бұл ұсынысын қабылдамайды.

Омар (р.а.):

– Сенен де қайырлы адам талаптанған қызметті неге қаламайсың? ─ деп сұрайды.

Әбу Һұрайра:

– Кім екен менен қайырлы? ─ дейді.

– Жақып пайғамбардың баласы – Жүсіп пайғамбар, – деп жауап береді Омар (р.а.).

Әбу Һұрайра (р.а.):

– Жүсіп (а.с.) – пайғамбардың баласы, әрі өзі де пайғамбар. Ал мен Үмәймаұлы Әбу Һұрайрамын. Мен екі-үш нәрседен қорқамын, – дейді.

Сонда Омар:

– Бес нәрседен қорқамын десеңші, – дейді.

Әбу Һұрайра:

– Білмеген нәрсемді айтудан, негізсіз үкім беруден, ту сыртымнан тиетін соққыдан, малымның қолды болуынан немесе тартып алуынан және намысымның тапталуынан қорқамын, – деп жауап береді[3].

Ибн Омардың (р.а.) қазылық қызмет туралы
ұсынысты қабылдамауы

Ибн Омардан (р.а.) риуаят етілгені бойынша, Осман (р.а.) Ибн Омарды (р.а.) қазы тағайындамақ болғанда, ол бұл қызметтен бас тартады.

«Мен Расулаллаһтың «Қазылар үш топқа бөлінеді: біреуі құтылады, екеуі отқа түседі. Заңсыз немесе өз қалауымен үкім құриды. Ақиқатпен шешім шығарғаны құтылады»[4] дегенін естігенмін», ─ деп жауап береді.                                     

Кәндахләуи: «Сахабалар салған сара жол». «Көкжиек» баспасы, Алматы,2010.


[1] Хайсами, Мәжмәуз-зәуәид 5/364 (9024).
[2] Табарани, әл-Муғжамул-кәбир 20/258 (609)
[3] Әбу Нуайм, Хилия 1/380
[4] Ибн Хиббан, Сахих 11/440 (5056).

 

0 пікір