ЗУҚА ҚАЖЫ - ХАЛҚЫНА ПАНА БОЛҒАН АЛТАЙДЫҢ АРЫСТАНЫ
ЗУҚА ҚАЖЫ - ХАЛҚЫНА ПАНА БОЛҒАН АЛТАЙДЫҢ АРЫСТАНЫ
8 жыл бұрын 4784
Марфуға Шапиян

Тәуелсіздіктің қадірін еркіндігі шектеліп, өз тарихын жаза алмай, өтірік дерек құраған ғалым білмегенде, кім білсін?! Тәуелсіздіктің қадірін әкесі «Халық жауы» боп атылып, жетімдер үйін паналаған бала білмегенде, кім білсін?! Тәуелсіздіктің қадірін өзге тілде шүлдірлеп, өз ана тілінде сөйлей алмай жаны қиналған жас білмегенде, кім білсін?! ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ қадірі... Бүгінгі тәуелсіз ұрпақ, біздер біліп жүр ме екенбіз? Біздер осы бір қасиетті ұғымның жолында қанша қан төгілгенін, қаншама тағдыр қирағанын, қаншама ана аңырап, қаншама бала жылап қалғанын білер ме екенбіз? Тәуелсіздік деген бір аңсар Кенедей ханымыздың, Әлихандай көсеміміздің, Ахметтей шешеніміздің ғазиз бастарының құрбандығымен келген еді ғой... Қазақтың ұлт болып ұйысуы жолында толассыз еңбек еткен, қараша халқына пана болған, тәуелсіздікті бір табан болса да жақындатқан сондай ардақтыларымыздың бірі – Зуқа батыр Сәбитұлы. Биылғы 150 жылдық мерейтойы қарсаңында, қажының ғибратқа толы ғұмырын оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.

 

Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады...

         Зуқа батыр 1866 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында Сәбит молданың шаңырағында дүниеге келген. Атасы Нұрмұхаммед абыз Уфа мен Бұқарада білім алған, ел ішіне сыйлы, Қазақстанның шығыс өңірі мен Шыңжаң, Моңғолия қазақтары арасында дін қызметкері болған, даулы мәселелерге төрелік айтқан би болған жан екен. Ол баласы Сәбитті жеті жасынан Уфа қаласында Уәлдан хазіреттен оқытып, білімге жолын ашады. Сол кеткеннен Бұқара, Қазан, Самарқанды аралап 19 жыл ілім үйренген Сәбит 25-ке келгенде ғана ұстазының батасын, аманат еткен аса таяғын алып, оның немере қызы Бәтиманы жар етіп еліне оралған екен. Мол білім үйреніп қайтқан ол елге келген соң бала оқытады, ел-жұртының алғысына бөленеді. Жұрт оны құрметтеп Дамолда атаған. Ласты, Тасты, Тарбағатай, Буыршын аймағында төрт бірдей медресе ашқан Сәбит молданың алдын 500-ге жуық шәкірт көрген деседі. Міне, осылай аманаттап алған білімін шәкірттерге үйретіп, бар ғұмырын игілікті іске арнаған Сәбиттің шаңырағында Зуқадай ел азаматының дүниеге келуі заңды да. Қазақ:

Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы,

Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін,

Өлімге басын қияды.

Жақсы, жаман деместен,

Жанына жұртын жияды, – деп осындай ерлеріне қарата айтса керек. Анасы Бәтима да – өз заманындағы атақты хазіреттің немересі. Нұрмұхамедтей абыз атасы бар, Сәбиттей ақылман әкесі бар Зуқаның басқаша болуы мүмкін де емес-ті. Тегіне тартып туған Зуқа да қаршадайынан мол діни білімді әкеден, сондай-ақ, осы өлкеге дін тарату үшін жіберілген Мұхаммед Мумин ишаннан үйренеді. Зуқа батыр өмірінен жазылған Қажығұмар Шабданұлының «Пана» деректі романында автордың: «Шарапатты Сәбит молланың баласы едің. Үлкен ұлы – сені жастай оқытып, өз білімін, өз өсиетін сіңіріп кеткенін естіп едік», – деген сөзді қарияның аузына салып сөйлетуі соның айғағы болса керек.  Өйткені, Зуқа зерек, алғыр, сөзге шешен, шариғатқа жүйрік, есеп-қисапқа шебер болып, бірден жұрт назарына ілігіп, елдің аузында жүреді.

Батырдың жалғыз фотосуреті 

«Зәбір көрсең, Зуқаға бар»

         1882 жылы әкесі Сәбит молда дүниеден өтіп, отбасының барлық ауыртпалығы 16 жасар Зуқаның иығына түседі. Ол би-болыс туысқандарының жылқысын бағып жүріп, басына қиыншылық түсіп, Сауыр өңіріне қоныс аударады. Зуқа батырдың атамекені кейін Ресей мен Қытай Қазақстанды бөліске салып, шекара сызғанда қытайға қарап қалған жер екен. Қытайдың ұлығы Жеңісхан гүңнің қоластына барған Зуқа онда екі жылдай бала оқытады. Сонда жүріп, қарапайым халықтың жағдайын көзімен көріп, шариғи білімділігі, сөзге шешендігі, батырлығының арқасында зәбір көрген адамдардың қамқоршысына айналады. Әділетсіз, озбыр билеушінің жанында ұзақ бола алмасын білген Зуқа өз туыстары ортасына оралып, дінін уағыздайды, балаларының сауатын ашады, байлардан жәбір көріп, жапа шеккендерінің ақысын алып береді, қиындық көріп, жанына көшіп келгендеріне пана болады. Осылай Алтайдың Бартоғай өңіріне қоныс тепкен Зуқаның маңына шоғырланған халық үлкен бір қауым елге айналып, «Зуқаның елі» аталатын дәрежеге жетеді. Бұл туралы дінтанушы ғалым Халифа Алтай: «Зуқа – жүрек жұтқан батыр, өткір тілді шешен әрі әділ адам болыпты. Зуқаның төңірегіне жиналған ауылдар бірінен бірінің артық-кемі жоқ, біркелкі қоңыр тұрмыс кешіпті. Керей ішіндегі насырға шапқан дау-шар Зуқа менен Ақыт қажының алдында әділ төрелігін табады екен. Зуқа өктемдік көрсеткен ұлықтар мен әкімдерге қаймықпай қарсыласып, өзін паналаған әлсіздерді қорғап отырған», – деп жазады. Халық арасына «Зәбір көрсең, Зуқаға бар» деген сөз тарайды. Әрине, мұның бәрі қарапайым халықты сүліктей сорып отырған ұлықтарға жаға қоймайды. Түрлі себептерді сылтау етіп, халыққа салықты көбейткен олар Зуқаның тосқауылына ұшырай беріп, ашу-ызалары одан сайын артады. Ал Зуқа батыр бұл кезде елін сауаттандырып қана қоймай, жауынгерлік айла-тәсілдерге баулып, әскери өнерді жетік меңгертіп, өздерін қорғайтындай дәрежеге жеткізген еді.

Зуқа батырдың ұрпағы ұрпағы Б.Бәмішұлының әңгімелеуінше, 1903-1904 жылдар аралығында Зуқа батыр салық төлемегені, халқына төлетпегені үшін түрмеге қамалады. Мәми бейсінің ықпалымен бостатылған Зуқа түрмеден қытай тілін үйреніп шыққан екен. Деректер оның 9 тілге жетік болғанын айтады.

 

Зуқа батырдың Мекке-Мәдинаға барып, қажы боп қайтуы

    Зуқа батырдың халық арасындағы кей қызметінен өзінің ата-балалары секілді үлкен дін қайраткері, шариғат білгірі болғанын да байқаймыз. Ол өзін қажылыққа аттандырғысы келіп, 500 қой, 100 жылқы, мол алтын-күміс жинап берген елін тоқтатып, өзінің қажылыққа барғанынан, кедей-кепшіктің тоқ болғанын артық көретінін айтып, бас тартады. Жиналған мал-мүлікті жоқ-жітікке таратып бергізеді. Қағбаны бір көруді қай мұсылман армандамайды дейсіз? Бірақ жеке бастың қуанышынан, ұлтының мүддесін жоғары қойған Зуқаның бұл әрекеті Қ.Шабданұлының «Пана» романында былай суреттеледі: «Біздің елде қазы мен абыройлы би түгел бірер қажының болмағандығынан басынады» деп тапты да Мардан малдыларынан күш бірлестіріп, Зуқасын Меккеге жіберіп қажы атандыруға келісті. Бірақ сол жылы күзде адам саны молайыңқырап, қыстық ішіп-жем, астық жағынан қысылатындығын байқаған Зуқа оған көнбеді. «Меккеге бару – біздей жарлыларға парыз емес, бала-шағаны шайнамамен қамдау – парыз. Биыл астығымыз жетпейді, күшімізді Жеменейден астық әкелуге жұмсалық!» деген мәслихатын айтты».

Қажылық Зуқа батырдың маңдайына жазылған дүние екен. Елінің жарлы-жақыбайын қанша ойласа да, келер 1906 жылы ең жақын жолдастары  бірнеше мергенге бөкен аттырып, оның мүйізін сатып, қаржы жинап, Зуқасын Меккеге аттандырды. Зуқаның қажылық сапарын ақын Рамазан Бұтақбайұлы былай жырға қосқан:

Арғы атам – Сәбит Да молда,

Бел байлаған хақ жолға.

Тақуа ғазиз атанып,

Ғаламнан асқан сары жорға.

Бергі атам Зуқа һәм молда,

Барып келген Бәйтолла.

Шариғатпен сөз сөйлеп,

Және жүйрік заңжолға.

Көрсеткен аят, хадыстан,

Терең сөйлеп жарысқан.

Бәтуа, дәлел беретін,

Ақылға жүйрік данышпан.

Б.Бәбішұлының айтуынша, Зуқа батыр Меккеге Түркияның Ыстамбұл қаласы арқылы барған. Оған дәлел ретінде кейін бұл қаладан қазір барлық жерде жарияланып жүрген Зуқа батырдың суреті табылады. Ол сурет қажының қара сақалды, ақ қабақты, үлкен құлақты, келісті адам болғанын айғақтайды.

Зуқа батыр өмірімен таныса отырып, оның дін қағидаларымен ғұмыр кешкенін байқаймыз. Ол туралы еңбектерде намазын қаза етпегені, жылда құрбандық шалып отырғаны айтылады. Ел тыныштығы бұзылғанына қарамастан, ауыл балаларына білім беруді де тоқтатпағанын көреміз. Сонымен бірге, ел арасындағы дауға билік айтқанда да, халқын игі істерге шақырғанда да аят-хадисті алға тартып сөйлейді екен.

Зуқа батыр жауына да әділетсіздік көрсетпейді. Үстеме бағамен сауда жасап, халықтың тұз, шәй, қант, күріш секілді қажетін жеткізіп, үстінен есепсіз мал алып отырған Мадарын атты саудагердің өзіне: «Қарыз деп алған малды қайтармай, Алла алдында қарызы қайтпайды, қайтаруым шарт. Қарызыңды Алланың кешу-кешпеуі, ақы иесінің үш рет айқайлауында ғана емес, не үшін кешетіндігіне байланысты. Қарыздар болған адамның төлейтін қуаты мүлде болмай қалғанда кештім десең кешілер еді. Ал, менде төлей алатын мал бар», – дейді «Пана» романында. Сонымен қатар, романда сипатталатын айт намазы кезінде еркек кіндіктінің барлығының намазға тұруы да, Зуқа ауылының дінге беріктігін көрсетеді.

Зуқа батырдың өмірі арқау болған Қ.Шабданұлының "Пана" романы 

Батырдың басының кесілуі

Зуқа батыр елін Қытай үкіметінен ғана емес, 1921 жылы Ресейдегі Қазан төңкерісінен қашып, Шыңжаңға қарай өтіп кеткен ақ гвардия генералы Бакичтің қандықол қарақшылығынан да аман алып қалды. Малмен ғана тіршілік етіп, жұтаған халықты егіншілікке баулып, ашаршылықтан құтқарды. Бірақ Алтай аймағына келген билеушілердің бар арманы Зуқа батырдың көзін құрту болатын. Түрлі әскер шығарып, Зуқаны ала алмаған Цзинь Шурен ақырында батырды айламен қолға түсіреді. Бұл туралы ғалым Халифа Алтай: «Үкімет Зуқаның қолында өсіп, ержеткен, Зуқа ауылының барлық сырын білетін Мажым дейтін саудагер дүнгенді пайдаланады. Мажым жастайынан жетім қалған қытай баласы екен. Зуқа қажының қайыр-шапағатына ие болу үшін өзін дүнгенмін деп таныстырыпты. Мажым ержеткен соң қаладан бұл, шәй сатып әкеліп естіген, білген хабарын, әсіресе ұлықтардың Зуқаға қарсы қолданбақ болған шараларын біліп келіп Зуқаға жеткізіп тұрады. Ақыры Сарысүмбедегі қытай ұлығына сатылған Мажым Зуқаның сарбаздары мен туыстарының ауылдан жырақ кеткен сәтін пайдаланып, 1928 жылы күз айларының бір түнінде 200 қаралы жазалаушы шеріктерді жасырын соқпақпен бастап келіп, ауылдың үстінен түсіреді де, өзі қашып кетеді. Жасанған жау жайбарақат жатқан ауылды тырп еткізбей басып алып, Зуқа батырды атып өлтіріп, басын кесіп әкетеді», – деп әңгімелейді.

    Қазақты 30 жылға жуық уақыт қанатының астына қорғап, талай тар жол тайғақ кешуден аман алып шыққан Зуқа батырдың өлімі айналасындағыларға ауыр соққы болды. Батырдың Баян есімді кіші келінінің атасын жоқтауын Ыстамбұлда тұратын Шамшерқан ақсақал:        

Бір дүңгенмен дос болдың,
Осыған неге бос болдың,
Біле тұрып атиім,
Белқұдыққа шет қондың,
Не көрсем өзім көрем деп,
Жұртыңның қамын жеп қондың.
Бесінде Дүңген келіпті-ай,
Қолынан бір шай беріпті-ай.
Қолынан шайды алғанда,
Қып-қызыл қанды көріпті-ай.
Қасында келген Қытайға,
Әтиім бір ат беріпті.
Дүнгеннің алдап жүргенін,
Жақия шошқа біліпті.
Екеуі аман барғанын,
Мадарың Ырым (İбрайім) көріпті.
Ұрдалып шыққан Мадарың
Сол күні түнде келіпті.
Қапыда басып қалың жау,
Әтиім шейіт болыпты,
- деп жеткізеді. Зуқа батырдың кесілген басы Сарысүмбе қаласындағы Қыран Ертіс өзені үстіндегі көпірде ұзақ уақыт ілулі тұрды деседі. Тек кейін ұрпақтары енді қарсы шықпасқа серт беріп, сұратып алып, денесіне қосып жерлеген екен. Ал Зуқаға опасыздық жасаған сатқындар кейін батырдың сарбаздары тарапынан жазасын алды. Мажымның бас терісі сыпырылып, кеудесінен жүрегі қоса суырылып алынса, Жақияны иен далада ұстап алып өлтіріп, басын теректің бұтағына іліп кеткен екен. Ол теректің жанынан өткен қазақ Зуқа батырдың кегі үшін Жақияға лағнет айтпай алға қадам баспайды деседі...

Қазақтың амандығы үшін «түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған, қызыл қанын төгіп, қара терін ағызып, күш-қуатын берген”, ұлтының мұң-мұқтажы, азаттығы жолында жеке бастың тыныштығын ұмытып, толассыз қызмет еткен батыр, шешен, би, қажы Зуқаның күреске толы ғұмыры осылай аяқталды. Біз, тәуелсіз Қазақ елінің кейінгі жеткіншектері Зуқа батырды Алаш зиялылары секілді, тәуелсіздікті бір табан жақындатқан өр рухты батыр ретінде танимыз, есте сақтаймыз...    

Батырға қойылған ескерткіш

0 пікір