Нығмет пен ниқмет!
Нығмет пен ниқмет!
8 жыл бұрын 16662
Қайрат Жолдыбайұлы

Қысқы демалыс болған соң отбасымызбен Алматыға тартып кеттік. Туған-туыстың бәрі осында ғой. Балаларым әйтеурі мәз. Ағайынның  өздерімен қатарлас балаларымен мәре-сәре болып ойнап жүр. Әкем марқұм қайтарында "балалар жат болып кетпесін, қай жерде жүрсеңдер де бір-бірлеріңмен жиі араласыңдар"- деп шегелеп тұрып, аманат қылып айтып кеткен болатын. Аллаға шүкір он бауыр бүгінде ынтымағы жарасқан үлкен әулетпіз. Бір-бірімізді іздеп, қолдан келгенше жәрдемдесіп тұрамыз. Шешеміз бәрін түгендеп отырады. "Абысын тату болса, ас көп" демекші әулеттің келіндері де бір үйдің әпкелі-сіңілі қыздарындай тату-тәтті.

Бауырларымызбен өткен-кеткенді еске алып, арқа-жарқа болып, дастархан басында әңгімелесіп отырмыз. Мұрат есімді ағам ескі күндерден есінде қалған мына бір естелігін айтып берді: "Кеңес кезеңі. Қалада оқуда жүрген кезім. Әкем қалаға кетерімде азғантай ғана ақша беретін еді. Ол ақша не тойып емін-еркін тамақ ішкенге жетпейді, не жұрт құсап мода қуып киінгенге жетпейді. Қысқасы студент кезімде өлместің күнін кештім. Оқуды аяқтап, қолыма бір жапырақ қағазымды ұстап, ауылға да келдім-ау әйтеуір. Әкеме оқуды аяқтаған құжатымды көрсетіп едім, дереу мені ертіп ақша сақтайтын қобдишасының жанына алып келді. Қобдишасын ашып еді, кілең бума-бума 25 сомдық ақшалар екен. Әкем: "Мына ақшадан қалағаныңша ал. Қалаған нәрсеңе жұмса" - деді. Мен әкеме ренжіңкіреп: "Әке, мен қалада жұрттың балалары секілді кең жүріп оқи алмадым. Қиналған кездерім де аз болмады. Осы ақшаны сол кезде бермедің бе?" - дедім. Әкем: "Балам, сен қаладасың. Мен сені жанымда жүргендей қадағалай алмаймын. Қала да, заман да жылтыр мұз секілді. Тайып жығылуың әбден мүмкін. Қалтаңда артық ақшаң болса, қыдырғың келеді, оны бір жерлерге барып жұмсауың керек. Балаларға қосылып, темекі тартып, ішімдік ішіп теріс жолға түсіп кетуіңнен қорықтым. Оның үстіне өмірдің қиыншылығын көрсең, кейінгі өміріңе сабақ болады. Молшылықтың қадірін білесің" - деді. Мен басымды шұлғып, үнсіз келістім".

Ағам осы естелігін айтқанда, әкемнің оқуға кетерде маған да азғантай ғана ақша ұстататыны, ал шешемнің әкемнен тығып тағы бір нәрселер беретіні есіме түсті. Қазір қарап отырсам екеуінікі де шынайы мейірімнен туған әрекет. Әкемдікі артық ақша баланы бұзады деген қауіп болса, шешемдікі қиналып қалмасын деген ана мейірімі.

Жоқтықтың салдарынан балаға қысып беру оңай ғой. Ал бар бола тұра үнемдеп беру қиын. Бүгінде бала тәрбиесінде көп ата-ананың қателесетін тұсы да осы. Балам ешкімнен кем болмасын деп небір қымбат дүниелерді алып беріп, қалтасын ақшаға толтырып тастау қаншалық дұрыс?!  Бар асылға ерте жаста еңбексіз жеткен баланың психологиясы бұзылады. Ол армандайтын, қызығатын ешнәрсе қалмайды. Қатарынан ерекшеленгендіктен, өзгеге жоғарыдан қарайтын көкірек бітеді. Малдың қадірі кетеді. Ысырапқа үйір болады. Айта берсе көп қой.

Құранның: "Мал-мүліктерің де, балаларың да сендер үшін тек қана сынақ" - деген бәріміз білетін аяты бар. Қазіргі таңдағы кейбір бай-манап, биік мансап иелерінің ұл-қыздарының есебі жоқ, қадірі кеткен бейпіл байлықтың кесірінен жасап жатқан сорақы әс-әрекеттерін көргенде, бала тәрбиесіндегі осынау олқылықтың нәтижесі екеніне көзің нақ жетеді. Байлықтың бұзбағаны кемде-кем. Оның бүлігінен аман қалғаны да некен-саяқ. Осы тұста Абайдың "Қарны тоқтық, ісі жоқтық аздырар адам баласын" дегені ойға оралады.  Алла Тағала кейде жазалағысы келген адамға үйіп-төгіп есепсіз байлықты да, атақ пен мансапты де бере салады. Нығмет пен ниқметті ажырату қиын. "Нығмет" түсінікті. Ал "ниқмет" жаза дегенді білдіреді. Ендеше бүгінде "нығмет" деп жүргеніміз, Жаратқанның нығмет кейпіндегі ниқметі болып жүрмесін! Байлық Алладан алшақтатпаса ғана нығмет! Адамдығыңнан адастырмаса ғана нығмет! Әйтпесе ниқмет!

0 пікір