ЖЫЛУ
ЖЫЛУ
7 жыл бұрын 2963
Құл-Керім ЕЛЕМЕС

Күні кешеге дейін қасаттанып қатып жатқан сүрі қар тура оның Сандуғаш апасын іздеп әрең бір жолға шығысына қарап тұрғандай, үсті қатып, асты еріп, жолдар жаяу адам жүргісіз болып, миша былықты. Тіпті түске таяу адырлардан жиналған қар суы қосылып, сай табанындағы жалғыз аяқ соқпақты ардаға айналдырып алып, ол келе жатқан жаққа қарай бет алып, барған сайын күшейіп, сарқыраған дауыс шығарып аға бастады. «Ақыры селге айналып кетпесе екен» деп тіксінді әкесінің әкпесін іздеп келе жатқан Құлкер.

Ол енді соқпақтың табанымен жүре алмай, жол шетімен күдірлеуге мәжбүр болды. Бір жақсысы Сандуғаш апасының үйі өзінен онша алыс қалмаған еді. Бірақ астынан еріп, асты кеуекке айналған жол шетіндегі қасат ана аяғын басса да гүрт етіп ойылып, мына аяғын басса да күрт етіп ойылып түсіп, жүрісін мандытпай қойды. Тіпті кей жерде екі аяғын бірдей тізеге дейін тығып алып, қасат қарға еріксіз омбылап, үсті-басын су қылып, орнынан әрең тұрған тұстары аз болмады.

Қойшы әйтеуір, сәскеде жолға шыққан ол күн екіндіден ауа әзер Шолпандағы апасына жетті. Үсті-басы малмандай су. Су болғанда да жай су емес, қап-қара дой батпақ. Аяғына әкесі кеше ғана алып берген шеттігінің іші шырық-шырық етеді. Тіпті бір қараған адамға кәдімгі апасын іздеп алыстан келген бала қонаққа ұқсамайды. Керісінше батпаққа батқан тайыншаны сүйреп шығарысқан малшы баланың халы.

Апасы бұл үсті-басы су-су, батпақ-батпақ болған баланың 30 жыл көріспеген бауыры Елеместің Құлкері екенінен мүлде бейxабар болатын. Тіпті бауырының өзі болса бір сәрі, оның «баласы іздеп келеді» деген ой ол кейуанада қайдан болсын? Бірақ бұл бала өзі танитын ауылдың баласы емес әйтеуір. Зәуде болса алыстан біреуді іздеп келген, бөтен бала екенін сыртқы пошымынан бағамдап:

– Құлыным-ай, алыстан келген баласың-ау деймін, әбден қиналыпсың, кәне, бері кел. Қайдан келдің, қай ауылдың баласысың, кімге келдің, кімді іздеп жүрсің, атың кім? – деді. Бала болса мына батпақ-батпақ кейпінен сәл қысылғандай болып, бір жағы бірінші көрісіп тұрған туыстарынан ұялып: 

– Атым Құлкер, Елеместің ұлымын, сіздің осында екеніңізді елден естіп, мені сізге әкем жіберді, – деді. Апасы оң қолымен өзін нұсқап:

– Мені ме, мені іздеп келдің бе, Елеместің ұлысың ба, мынау не дейді-ей, «Елеместің ұлымын» дейді, қайсы Елеместің, кәдімгі Таласбай күйшінің баласы, домбырашы Елеместің бе, соның ұлысың ба, менің бауырым Елеместің ұлысың ба, құлыным-ау, сен кә-дім-гі... – деп қарт әже теңселіп кетті. Өз құлағына өзі сенбеді. Құлкер болса апасы сұраған сұрақтарға жалғасты жауап беріп:

– Иә, сол Елеместің, сол домбырашы Елеместің, күйші Таласбайұлы Елеместің ұлымын, үйім Жыңғылдыда, мұнда ауылға дейін машинамен келдім, одан бері қарай жаяу шығып едім, жол батпақ екен, қызық, жердің үсті қар, қардың асты батпақ, су, қызық екен, – деп таңғалысын жасыра алмай ыржиды. Сандуғаш апасы болса жүзі күлген адамға ұқсап, бірақ соның арасынша көзінен бұршақтап төгілген жасы бетін жуып: 

– Тәңірім-ау, жарылқаушы Ием-ау, Сен не деген Рахымды едің, Сен не деген Мейірімді едің, отыз жыл көріспеген бауырымның ұлы екен ғой мынау, – деп келіп Құлкерді құшақтай алды. Құшақтап алып жылап жатыр, сүйіп жатыр. Кәдімгі дауыс салып тұрып: «шүкір Алла, шүкір-шүкір, бауырымның құлынын аман көрсеткеніңе!» деп кеп өксіді. Көп жылады. Содан аз-кем өтіп, әбден мауқы басылған ана бауырының Құлкерін үйіне ертіп кіріп, бетін жуды. Дереу батпақ, су болған киімдерін ауыстырды. Сөйтті де бетіне қайта қарап, «Елемесімнің дәл өзі, аузынан түсіп қалғандай, мұрнын қара, көзін қара, дәл өзі екен, айналайын!» деп тозаңсыз бетінен тағы бір сүйді. Сөйтті де:

– Әкең аман ба, аман жүріпті ғой, қарғам, ұмытпапты ғой мені, – деп тағы біраз кеңкілдеп алды. Сосын, – Әкеліңдер, анау байлауда тұрған бордақыны, менің бауырымның қарашығы келгенде соймаған қойды, енді қашан соямыз? – деп қорада талайдан бері бағылып жатқан ақсарбасты әкелдіріп, – Бала деген періште, «баланың тілегі қабыл» деген, – деп Құлкерге бата бергізіп, сойғызды да тастады.

Сосын Елемесінің Құлкерін дәл сол бауырының өзіндей аялап, құшақтап, қысып, құшып, жанына отырғызып алды да, одан оның білетінінің бәрін сұрады. Құлкер де сұңғыла бала болатын. Өз әкесі жайлы, әкесінің осы Сандуғаш апасы туралы айтқан әңгімелерін білгенінше апасына айтып берді. 

Түнде, жатқанда да Сандуғаш апасы оны өз жанына жатқызып, бауырына басып, сүйіп, ұзақ жылап, «құлыным» деп маңдайынан искелеп жатып, әзер ұйықтады. Құлкер болса Сандуғаш апасы өзін дәл мұндай жақсы көреді деп ойламаған еді. Ол қуанып, әкесінің осы апасы жайлы «әкпем бауырмал кісі еді» дей беретінінің сырын енді түсінгендей болып, апасына жақындай түсті. Апасының бауыры сондай ыстық екен. Одан өзіне қарай бір аналық жылу өтіп жатты.

Айтпақшы, мана ол мұнда, апасын іздеп келе қалғанда, апасы оның батпақ болған киімдерін жуып жатып, оған бұл батпақтың мәнін түсіндіргісі келіп: «жылда көктем жер үстінен келетін де, бұл уақытта жертің тоңы ерімейтін, ал биыл болса көктем жер астынан келді. Содан ғой, міне, жердің үсті қар болып қатып жатса да, қар астынан еріп, екі-ақ күнде жылғаларға су толып, жолдар мен сай-саланың сүме-сүмесі шығып жатқаны. Мейлі, бұл Алланың мейірімі, жыл астынан келсе көктем тез шығады, шүкір делік!» деген еді. Қайда барса әкесі қасынан тастамай ертіп, сөз, жосын үйретіп, ауыз баққыш, кәріқұлақ етіп жіберген Кұлкер апасының бұл білікті сөзін қағып алған болатын. Ол дәл сол мезетте-ақ іштей «е-е, көктемнің жылуы екі түрлі келеді екен ғой, жылу жердің астынан келген жылы көктем тез шығады екен, ә» деп ойлап үлгірген-ді. Міне енді сол ойын қайта жалғады, «білсемшіл» бала қиялына ерік беріп. 

Дәл сол сәтте далада қар бауырына жерден келген жыл жылуы өтіп жатса, оның бауырына сағынышқа сіреген Сандуғаш апасының бауыр жылуы өтіп жатқан еді.

1 пікір