Құнанбай мен Тана би
Құнанбай мен Тана би
8 ай бұрын 3310 ulagat.com/

Құнанбай бір қылмысты қарау үшін Тана бидің еліне барыпты. Тана әрі ақылды, әрі әділ би екен. Бірақ Құнанбайдай табанда сөз табатын шешендігі аз болғандықтан, тілге орамды, ақ алмас «Шешен Қара» деген кедей адамды қасына ертіп жүреді екен. Тана би сұлтанның алдынан шығыпты. Құнанбайдың үстінде патшалық өкіметтен алған жағасы қара пүліш, ақ жібек, оқалы шапаны болыпты. Тана жаяуламай Құнанбайға ат үстінде сәлем беріп, қолын алмақ болса, аты үркіп, қанша тебінсе де, жақындамай қойыпты.

Сонда Тана бидің жаяу келіп сәлем бермегенін жақтырмаған Құнанбай:

— Ат болса да адамның білмегенін біліп, ағасынан ұялып тұр-ау! – депті.

Тананың үндей алмай қалғанын сездірмей шешен Қара іліп әкетіп:

— Құнеке, Хайуан ұятты қайдан білсін, ақ патшаның ала шапанынан үркіп тұр да! – депті. Құнанбай жауап қайырмай шешен Қараға зілді көз тастапты да қойыпты. Ауылға келе жатқанда әртүрлі әңгіме сөз болады. Сөз арасында аға сұлтан Тана биге сұрақ қойып:

— Еліңде неше би бар? – депті. 

— Төртеу.

— Е, бұларың жақсы екен. Құдайдың сүйген пайғамбары төртеу, сүйген періштесі де төртеу. Құдай атынан келген кітап төртеу… – деп, діндар Құнанбай «төрт» қасиетті сан деп тақуалап кетсе керек. Сонда шешен Қара бұған орай былай депті:

— Пендені аздыратынның аты да төртеу: дию, ібіліс, албасты, шайтан. Құнеке, әңгіме олардың санында болып тұрған жоқ, патша ағзамның заңында болып тұр ғой, — депті. Аға сұлтан шешен Қараға тағы бір жақтырмай қарапты. Ауылға келіп, әбден жайғасқан соң Құнанбай Тана биге бұрылып:

— Биім-ау, мынау қасыңнан қалмайтын ойы улы, тілі шаян қара бүйің кім?- депті.

— Бұл өзі үйде болсам, шаруаға берік құлым, түзге шықсам жанға серік ұлым! – депті Тана би. Құнанбай сол арада:

— Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас! – депті. Сонда шешен Қара:

— Құм жиылып тас болады, кіріктірер ылай болса, құл жиылып бас болады, біріктірер құдай болса! – депті.

0 пікір