«Уа, балам! Мүмкіндігінше, ешкіммен пікір таластырма!...»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (11 бөлім)
«Уа, балам! Мүмкіндігінше, ешкіммен пікір таластырма!...»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (11 бөлім)
2 жыл бұрын 4871
Аударған Абдусамат Қасым

УА, БАЛАМ!

Мен саған сегіз нәрсені өсиет қыламын. Алған білімің қиямет күні саған қарсы даушы болмасын десең, ол сегіз өсиетті қабыл алғын. Сегіз өсиеттің «төртеуін» істеуің керек, ал «төртеуін» істемей қоюың керек.

Істемеу керек төрт нәрселер:

Біріншісі – әлдебір мәселе төңірегінде, қолдан келгенше ешкіммен пікір таластырма. Өйткені пікірталастың зияны баршылық. Пайдасынан, күнәсі көп. Өйткені пікірталас – барлық нашар мінездің бастауы (бастау – бұлақ). Атап айтқанда:  рия, хасад (қызғаныш), тәкәппарлық, кекшілдік, дұшпандық, мақтангершілік т.б.  

Әрине, егер сені мен біреудің арасында, яки, сені мен бір топтың арасында әлдебір мәселе туындап, сенің ниетің (қалауың) шындықты жоғалтып алмау және ақиқатты жарыққа шығару болса, ол кезде талқылауға болады. Бірақ ондай ізгі ниеттің екі белгісі бар:

  • 1) Ақиқаттың сенің аузынан шыға ма, әлде сенен басқаның аузынан шыға ма, айырмашылық көрмеу (яғни, өзге айтса да ақиқатты қабыл ету).
  • 2) Көпшіліктің алдында талқылағаннан гөрі, оңашада талқылағанды жақсы көру.

(Осындай ниетте болсаң, әлдебір мәселені талқылауға болады). 

Осы тұрғыда саған бір пайдалы өсиет айтайын, құлақ ас!

Біліп қой! Шешімді керек ететін мәселелер – ауру жүректің дәрігерге көрсетілгені сияқты. Ал оған жауап беру – оның ауруын емдеуге талпынумен тең.

Біліп қой! Білімсіздер – жүрек ауруына шалдыққан сырқат. Ал ғалымдар – дәрігер. Кемшілікті ғалым – дұрыстап емдемейді. Ал Кемел ғалым – барлық сырқатты емдей бермейді. Ол – емделуді және дұрысталуды қалайтындарды ғана емдейді.

Сондай-ақ, егер ауру – созылмалы ауру түрінен болса немесе ем қонбайтын ауру түрінен болса, дәрігердің біліктілігі, оған былай деп айтуында жатыр: «Сенің ауруың емдеуді қабыл етпейтін ауру, құр уақытты жоғалтып, оны емдеуге тырыспа». (Яғни, кейбір ақиқатты қабыл еткісі келмейтін, дұрыс жолға түскісі келмейтін, дұрысталғысы келмейтін надандарға түсіндіремін деп құр шаршама-ауд.). 

Және де мынаны білгін! Надандық сырқаты төрт түрлі. Оның біреуі емді қабылдайтын түрден, қалған үшеуі емді қабылдамайды... (жалғасы келесі жазбада).

"Әйюһәл Уәләд!"

 

0 пікір