Төле бидің он жұмбағы және Қазыбек бидің шешімі
Төле бидің он жұмбағы және Қазыбек бидің шешімі
2 жыл бұрын 13289

Төле би тоқсан жасқа келгенде Қаздауысты Қазыбек сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендері, ойшылдары жиналып, әңгіме –дүкен құрып отырғанда:

- Қаздауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, -дейді Төл би.

- Айтыңыз, айтыңыз?

- Айтсам он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз,он.

Отырғандар таң тамаша болады.

- Бұл не деген жұмбақ? Осындай да жұмбақ болады екен? –дейді отырғандар.

- Төке, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз, -дейді Қаздауысты Қазыбек.

- Рұқсат, рұқсат! –дейді Төле би.

Сонда Қаздауысты Қазыбек би жұмбақтың шешімін былай деп тізіп өтіпті:

Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман.

Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман.

Үш дегеніміз – үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.

Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман.

Бес дегеніміз – белсеніп шапқан жау жаман.

Алты дегеніміз –асқынып кеткен дерт жаман.

Жеті дегеніміз – жас келіншек жесір қалса, сол жаман.

Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы жаман.

Тоғыз дегеніміз –торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпесе сол жаман.

Он дегеніміз –оңалмас кәрілікке дау болмас деген,- дейді Қаздауысты Қазыбек.

Қазибектің тапқырлығына дән риза болған Төле би:

- Рахмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым, - деп, Қазыбекке деген ризашылығын білдіріпті.

«Орталық Қазақстан» газеті,
1990 жыл.
(abai.kz)

0 пікір