Соңғы Аудиолар
1 пікір
  • Киелі мекен - Ұлытау - Жүнісов Сәттібай

    Бодандағы халықтан,
    Бұғаусыз жүрген құл артық.
    Алтын тордағы бұлбұлдан,
    Адырда жүрген шіл артық.
    Мысықтілеу жақыннан,
    Алысып өткен сұм артық.
    Білгенше кімнен кім артық,
    Дүние өтер мұнартып.

    Ұлы раббым қазақтай
    Ұлы халықты жаратты.
    Ұланғайыр жер беріп,
    Ұрпағын жайып таратты.
    Ортасында сол жердің,
    Ұлытаудың шыңына,
    Бірліктік туын қадатты.
    Сол халық айдай әлемді,
    Ауызына бүгін қаратты.

    Ұлытау ұлттың ұясы,
    Ұлы рухымның қиясы.
    Туындысы тәңірдің,
    Кеппеген әлі сиясы.
    Қорғаны болған елдіктің,
    Тұғыры өжет өрліктің,
    Алаштай әзиз жұртымның,
    Иманы, ары, ұяты.

    Ұлытаудың төрінде
    Көсемдері ел бастап,
    Шешендері сөз бастап,
    Батырлары жау жасқап,
    Күпшек санды, қақпан бел,
    Арғымағы ойқастап,
    Алтын киімді ханзада
    Әулиетаудың шыңынан
    Тұрды ма екен көз тастап?!

    Айналайын Ұлытау,
    Өріңде арқар маңырап,
    Төскейде төлдер жамырап,
    Шыңыраудан шыққан қайнардай,
    Тереңнен тұрсың тамыр ап.
    Алаша, Жошы тұрған жер,
    Кетбұға кеңес құрған жер.
    Бар қазақ құрмет тұтатын,
    Киелі қара шаңырақ.

    Ұлан байтақ жерімнің,
    Кіндігісің Ұлытау.
    Мәңгілік Алтын ордамның,
    Түндігісің Ұлытау,
    Әуелден-ақ Елбасы,
    Қастерлім деп киелі,
    Ұлылығыңа бас иіп,
    Өзіңе арқа сүйеді.

    Ұран салса Ұлытау,
    Исі қазақ өзіңе,
    Ат маңдайын тіреді.
    Алатау, Алтай, Қаратау,
    Маңқыстау мен Шыңғыстау,
    Қарқаралы, Баянтау,
    Көкорайлы Көкшетау
    Әкелердей тебіреніп,
    Аналардай еміреніп,
    Тілеуіңді тіледі.


    Қасиетті хандардың,
    Өзімісің Ұлытау.
    Өсиетті билердің,
    Сөзімісің Ұлытау.
    Елдігімнің еңселі,
    Қазығысың Ұлытау.
    Бір жағында айдаһар,
    Бір жағында аю бар.
    Қазақтай көкжал бөрінің,
    Азуысың Ұлытау.

    Наркескен ұлттық рухымның,
    Қайрағы болған Ұлытау.
    Еңіреген ерлердің,
    Байрағы болған Ұлытау.
    Ынтымақ, елдік, бірліктің,
    Аймағы болған Ұлытау.
    Ұлтқа ес, жатқа сес болған,
    Мен білсем бұл тау тірі тау!
    9 жыл бұрын