Еуропалық ел 2027 жылдан бастап жаңа үйлерге күн панелін қоюды міндеттейтін болады
|

Ұлыбритания жаңғыртпалы энергия көздеріне көшу саласында шешуші қадамға барайын деп жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы The Times мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Британ билігі 2030 жылға белгілеген көміртектен ада мемлекетке айналу, қоршаған ортаға залал келтірмеу, климат дағдарысын жұмсарту бағытында 2027 жылдан бастап жаңадан тұрғызылатын үйлердің бәріне дерлік ккүн панелдерін орнатуды міндеттейтін жоспарын жариялайтын болады. Бұл тараптағы ереже талаптарына сәйкес жаңа ғимараттардың 80%-ы өз аумағының 40%-ын күн батареяларымен қамтуы тиіс. Жаңа ғимараттардың тағы 19%-ы шатырдың қолайсыз орналасуы немесе көлеңке түсіп тұратын тұста орналасуы, т.б. сияқты факторларға байланысты қатаң талаптар қойылмайды. Жаңа ғимараттардың 1%-ға жуығы ғана күн батареяларын орнатудан толық босатылуы мүмкін. Жаңа талаптар құрылыс құнын шамамен 4000 фунт стерлингке арттыратынына қарамастан, сарапшылар бұл ұзақ мерзімді тиімді инвестиция екенін атап өтті. Күн батареялары әр отбасыға жыл сайын энергия үшін 1000 фунт стерлингке дейін қаражатты үнемдеуге көмектеседі, осы күн панелдерін орнатуға кеткен қаржының орны бір саусақ санына жетпейтін жылда толады, яғни, шамамен төрт жыл ішінде қосымша құрылыс шығындарын өтейді. Жоспарда осы онжылдықтың соңына дейін 47 гигаватт күннен қуат орнатуы тиіс панелдер орнату көзделген. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған үйлерге күн батареяларын орнату үшін мемлекет тарапынан несие ұсынады, дегенмен, ескі ғимараттарды қайта жабдықтау бұл технологияны жаңа құрылысқа кіріктіруден әлдеқайда қымбат шығады.