Мұрнынан қан аққанша жұмыс істеуге тыйым салды
Мұрнынан қан аққанша жұмыс істеуге тыйым салды
3 жыл бұрын 1858 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Қытайдың жоғарғы соты он екі сағаттық кестеге («996» кестесі деп аталады) негізделген алты күндік жұмыс аптасын пайдаланатын жекеменшік компанияға «шүйлікті». Бұл жайында islam.kz порталы CNN ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш сот төралқасы мұндай жұмыс режимін заңсыз деп тапты – қаулыда қызметкердің демалыс пен еңбек демалысына құқығы бары және жұмыс берушінің жұмыс уақытын күніне сегіз сағаттан асырмау талап етілетін заңды сақтауға міндеттелетіні айтылған. Бұдан бөлек, аталған сот Қытай халық республикасының еңбек ресурстары әне әлеуметтік қамсыздандыру министрлігімен бірге біріккен мәлімдеме жасады: онда кей компаниялардың «996» кестесін міндетті етіп, заңсыздыққа барып отырғаны айтылған. Жұмыс беруші қол астындағы қызметкерлерін жұмысты құлшына істеуге шақырып, ынталандыру шараларын қолға алуы мүмкін, алайда, өз міндеттемесін ұмытпауы тиіс. Мәселен, баспа қызметкері жұмыстан зорығып жүрегі сыр беріп өлген. Осы фактіге байланысты сот жұмыс берушіні оның отбасына 400 мың юан (61,7 мың доллар) өтемақы төлеуге міндеттеген – бұл туралы кезінде сайтымыздың жаңалықтар таспасында жазғанбыз (қараңыз: «Жұмыстан титығып өлетіндер қарасы артып келеді» (https://islam.kz/kk/news/alem/jumystan-titygyp-oletinder-qarasy-artyp-keledi-11399/#gsc.tab=0). Қытайда жыл сайын 600 мыңға тарта адам жұмыстан зорығып өледі. Бұл көрсеткіште өндірістік жұмыс барысында жазатайым оқиғалардан мерт болғандар саны ескерілмегенін айта кеткіміз келеді, оның үстіне, бұл тек ресми мәлімет болғандықтан бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін айтқымыз келеді. Әдетте аталған елде «996» кестесін (таңғы сағат 9-дан кешкі 21.00-ге дейінгі алты күндік жұмыс апталығын) технологиялық компаниялар мен стартаптар пайдаланады. Жұмысшыларға кететін жалақыны үнемдеу әрі пайда көру үшін көзді жұмып, заңды белден басатын компаниялар қарасы көп. Мәселен, 2021 жылдың бас кезінде Pinduoduo компаниясында осындай жұмыс кестесінен екі адам қаза тапқан еді. Әлбетте, қытай еңбек қатынасын реттейтін заңнамасында күніне жұмыс уақыты сегіз сағаттан аспауы тиіс, алайда, шұғыл немесе төтенше жағдайларда күніне үш сағатқа дейін ұзартуға рұқсат етілген. Мұндай жағдайда жұмыс беруші шұғыл немесе төтенше жағдайда жұмыс істеген қызметкеріне жалақысынан бөлек еңбекақысының мөлшеріне шаққанда 150-330 пайыз үстемақы төлеуге міндетті.

Ұқсас материалдар:

«Жұмыстан титығып өлетіндер қарасы артып келеді» (https://islam.kz/kk/news/alem/jumystan-titygyp-oletinder-qarasy-artyp-keledi-11399/#gsc.tab=0);

«Тұңғиыққа тартқан жапон иірімі» (https://islam.kz/kk/news/alem/tungiyqqa-tartqan-japon-iirimi-11409/#gsc.tab=0) 

0 пікір
Мұрағат