Оңтүстік-шығыс Азияның шариғи заң үстемдік еткен алғашқы елі
Оңтүстік-шығыс Азияның шариғи заң үстемдік еткен алғашқы елі
5 жыл бұрын 3002 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ұрлық қылғандарға, зина жасағандарға, бір жыныстылардың төсек қатынасына барғандарға, т.б. қысқасы, ең ауыр күнәларды істегендерге қатаң жаза қарастырылған шариғи заң сәуір айының 3-і күні Азиядағы ең өркендеп келе жатқан елде - Брунейде қолданысқа енді. Дәлірегі, Оңтүстік-шығыс Азиядағы осынау шағын мемлекет аймақтағы шариғат талаптарын қолданысқа енгізген ең алғашқы ел ретінде тарихта қалатын болды. Аталмыш заң негізінен осыдан төрт жыл бұрын қабылданған болатын (естеріңізде болса, бұл турасында кезінде хабардар еткенбіз - ред.), алайда, аталған елдің сұлтаны  Хассанал Болкиаһ халықаралық қауымдастық тарапынан қатаң сынға ұшыраған соң қолданысқа енгізуге асықпаған еді. Осыдан бірер күн бұрын хабарлағанымыздай, бір әттегенайы - "Тағы бір елде зина жасағандарға өлім жазасы қолданылатын болды" деген хабарымызда (http://islam.kz/kk/news/alem/tagy-bir-elde-zina-jasagandarga-olim-jazasy-qoldanylatyn-boldy-11658/#gsc.tab=0) айтып өткеніміздей, шариғи заң талаптары тек аталған ел аумағындағы мұсылмандарға ғана қатысты қолданылмақ. Заң бәріне ортақ болуы керек. Бұл ең алдымен елдің тұтастығы үшін керек. Десе де әлем қауымдастығының қас-қабағына қараған Бруней үшін осының өзі үлкен жетістік. Алдағы уақытта бұл заң талаптары барлық ел тұрғындарына ортақ болуы мүмкін. Ең бастысы, алғашқы қадам жасалды. Бруней халқының саны бар-жоғы 430 мың адамнан ғана тұрады. Оның үштен екісі ғана Калимантан аралының солтүстігін жайлаған мұсылмандар. Қалғаны өзге наным-сенімдегі тұрғындар. Сөз орайы келгенде мына деректі көлденең тарта кеткенді жөн көріп отырмыз: Брунейдегі монархия әлемдік тарихтағы ең ұзақ билік басындағы монархия болып табылады. Брунейдің заңы мен атқарушы билігі тек сұлтанның қолына шоғырланған. Жарты ғасырдан астам уақыт тақта отырған қазіргі билеушінің тұсында Бруней Азиядағы ең өркендеген мемлекетке айналды. Экономикасы да, басқасы да. Монархтың қоластындағылар, яғни, Бруней халқы ешқандай салық төлемейді. Білім алу мен медициналық қызмет тегін. Монархтың өзі  әлемдегі байлардың дәулетін шотқа салып, есебін шығарып отыратын  "Форбс" мерзімді басылымының нұсқасы бойынша 1997 жылғы ең бай адамдардың бірі болды. Оның дәулеті сол кезде 38 млрд долларға бағаланған еді. 

0 пікір
Мұрағат