Қытайда христиандықты шектеудің қатаң шаралары басталды
Қытайда христиандықты шектеудің қатаң шаралары басталды
4 жыл бұрын 4726 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Қытай билігі ел аумағында шетелдіктердің христиандықты насихаттауына қарсы күресті қатаңдатпақ. Бұл жайында South China Morning Post ақпарат көзі мәлім етті. Көп ұзамай тиісті құзырлы орындардан арнайы рұқсат алмаған шетелдіктерге өз діні мен наным-сенімін насихаттауға тыйым салатын жаңа ереже талаптары қолданысқа енеді. Бұдан бөлек, Қытайдың мүддесіне қарсы діни жөн-жоралғыларға тыйым салынады. Ал сарапшылар не дейді? Олардың айтуынша, Қытай билігі осылайша Інжіл мен христиан сенімін еркін насихаттауға шектеу қойғысы келеді. Сондай-ақ, дін саласын реттеуге арналған ереже талаптары бойынша осы елге қандай да бір наным-сенімді насихаттауға келген миссионер 20 күн бойы Қытайдың саяси жүйесінен хабардар ететін курстен өтуге міндеттелетін болады. Шетелдік миссонерлерге де әлеуметтік рейтинг жүйесі қолданылады. Сол арқылы олардың жүріс-тұрысы мен әрекетіне автоматты түрде баға беріледі. Сөз орайы келгенде айта кету керек, аталған елде христиандықты тарату әрдайым шетелдіктердің мойнында болатын. 1980-ші жылдары Қытай билігі экономиканы жандандыру үшін, дәлірегі, инвестиция тарту мақсатында қолға алған «ашықтық пен реформа саясатының» арқасында аталған елге христиан миссионерлері ағылып келген болатын. Қытай билігі экономиканы желеу етіп, олардың бұл әрекетіне көз жұма қараған еді.

Өздеріңіз білетіндей, осы елдегі азшылықты құрайтын мұсылман халықтарына қысым көрсетіп, олардың жүріс-тұрысына бақылауды күшейткен болатын. «Қайта тәрбиелеу» лагері, мешіттерді коммунистік идеологияны насихаттау орталығына айналдыру қытайландыру саясатының бір құралы ғана. Бұдан бөлек, Ішкі Моңғолиядағы ана тіліндегі білім ошақтарын жаппай қытай тіліне көшіру арқылы қытайландыру саясатын жүзеге асыруда. Билік басына Си Цзиньпин келгелі азшылықты құрайтын ұлттар мен ұлыстардың басына күн туды – олардың мәдениеті мен салт-санасына шабуыл күшейді. Әлбетте, Қытай сыртқы саясатында мейлінше өз мүддесін жүзеге асыру үшін ең алдымен ішкі қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп алу керек. Әлеуметтік рейтинг секілді халықты бір шыбықпен жусатып, өргізетін шаралар да Қытай билігін нығайтудың бір парасы ғана. Қытай билігінің бастамасымен қолға алынған социалистік құндылықтарды насихаттау ісі пұтханаларда да қарқынды түрде жалғыстырылуда. Қытай аумағындағы барлық ғибадат ғимараттарының төбесінде Қытай байрағы желбіреп тұруы тиіс. Аталмыш талаптан аттап кете алмаған әлемге әйгілі Шаолин пұтханасының төбесінде 2018 жылы тарихта тұңғыш рет Қытай байрағы желбіреді.

Фото: Mark Schiefelbein / AP

0 пікір
Мұрағат