Ресейде ислами мәміле өркен жайып келеді
Ресейде ислами мәміле өркен жайып келеді
29 күн бұрын 423 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Ресей Федерациясының субьектісі Шешенстанда шариғат талаптары бойынша бөлеп төлеу шартымен қасиетті Рамазан айының бас кезінен бері 350-ге тарта пәтер сатылған. Оның 258-і сәуірдің 1-де сатылған. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұдан бөлек, пайызсыз негізде пәтер сатып алғандар банк атынан қажылыққа жолдамаға (сертификат) ие болды. Осы орайда өткен жылдың қыркүйек айынан бері Шешенстаннан бөлек Башқұртстанда, Татарстанда және Дағыстанда ислами әріптестік бойынша қаржыландыру пилоттық жобасы басталғанын айта кетпекпіз. Аталмыш жоба 2025 жылдың күз мезгіліне дейін созылмақ. Егер бұл шара тиімділігін танытса, жоба РФ-ның өзге аймақтарында іске қосылады. Шариғи принциптер ескерілетін әріптестік қаржыландыру процедурасы көптеген елдерде үлкен сұранысқа ие. Мұндай операцияларға қатысатындар этикалық және діни аспектілерді басшылыққа алады - олар пайыз алмайды, есесіне инвесторлармен және клиенттермен жобаларды жүзеге асырудан түсетін кірістер мен қатерді бірге бөліседі. Осы тұста 2024 жылдың үш айында РФ аумағында исламдық банкинг арқылы жалпы сомасы 1 миллиард рублден асатын 315 транзакция жасалғанын айта кеткен жөн. Бұл туралы «Татар-информ» агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында Татарстан республикасының экономика министрлігінің серіктестік қаржы бөлімінің жетекшісі Руслан Халиуллин мәлімдеді.

 

0 пікір
Мұрағат