Түркия араб әлеміне жақындау үшін тағы бір қадам жасады
Түркия араб әлеміне жақындау үшін тағы бір қадам жасады
21 күн бұрын 815 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан Каир қаласында өткен Араб лигасының сыртқы істер министрлерінің отырысына қатысты. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Arab News ақпарат көзіне жөн сілтеген IslamNews сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Түрік сарапшылары Хакан Фиданның Мысырға сапарын Түркияның Либия, Сомали және Сириядағы әскери операцияларға қатысуы салдарынан қиындап кеткен араб елдерімен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру жолындағы стратегиялық қадам, деп санайды. Түрік әскерилерінің бірқатар араб елдеріндегі және Африка құрлығындағы мемлекеттегі операциясы Араб лигасының қолдауына ие болмады. Түрік барлау басқармасының басшысы ретінде Хакан Фидан Парсы шығанағы елдерімен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру процесін 2020 жылы бастады. Сыртқы істер министрі болып тағайындалғаннан кейін ол араб дипломаттарымен және Араб лигасының бас хатшысы Ахмет Әбдіғайтпен бірнеше кездесу өткізді. Таяуда Мысыр президенті Әбдел Фаттах әл-Сиси Анкараға сапарында Түркия басшысымен Газа секторындағы ахуалды талқылады. Түркия араб мемлекеттері лигасы мен Ислам конференциясы ұйымының өкілдерінен тұратын байланыс тобының жұмысына қосылды, олардың жұмысы қақтығыстың шешімін табуға бағытталған. Бұдан бөлек, Түркия билігі Таяу шығыс аймағындағы шиеленісті шешу үшін ислам мемлекеттерінің одағын құруды ұсынды. Уашингтон институтының ғылыми қызметкері Сонер Кагаптайдың айтуынша, Араб лигасы елдері Сирия режимін қалпына келтіру және халықаралық жүйеге біріктіру керек деген келісімге келген сияқты. Бұл процестің бір бөлігіне түрік-сирия қарым-қатынастарын қалыпқа келтіру міндетін жатқызуға болады. Араб әлеміндегі Біріккен Араб Әмірлігі және Сауд Арабиясы сияқты негізгі ойыншылар Түркияның Мысырмен қарым-қатынасын қалыпқа келтіруін талап етіп келеді. Араб мемлекеттері лигасының мүшесі Сирияның Түркияның саммитке қатысуын мақұлдағанының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Парсы шағаны елдері тек дипломатиялық қатынаспен шектеліп қалмай, Түркиямен арадағы сауда-саттықты жандандыруға ден қойып отыр.

0 пікір
Мұрағат