Бактерияны өлтіретін, өздігінен қалпына келетін, вирустан жасалған гель (видео)
Бактерияны өлтіретін, өздігінен қалпына келетін, вирустан жасалған гель (видео)
4 жыл бұрын 2136 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Биологтар бактериофаг вирустарынан тұратын гель жасады. Оның қолданылу диапозоны, яғни, аясы өте кең: импланттарды зарасыздандырудан бастап, антибиотикке төзімді инфекциялармен күреске дейін пайдалануға болады.  Десе де оның да кілтипаны бар. Басынан бастасақ... Осы тақырыптағы ғылыми жаңалықтың ерекшелігі мен артықшылығы және кем-кетігі Chemistry of Materials мерзімді басылымында жарияланды. Авторы – Канададағы Макмастер университетінің ғалымы Зейнаб Хоссейнидауст (Zeinab Hosseinidoust). Бактериофагтар немесе жай ғана фаг – бактериялардың түбіне жететін вирус. Биологтердің айтуынша, фагтар жер бетіндегі барлық тіршілік иесін қоса алғанда әлденеше есе орап әкетеді. Алайда, ол тіршілік иесіне жатпайды. «Фагтар барлық жерде кездеседі, соның ішінде, біздің ішімізде де бар. Фаг – бактерияны жоятын табиғи жыртқыш. Бұл арада оның ерекшелігі сонда болып тұр – біз зертханада вирустан қатты материал жасадық, яғни, концентрацияға қол жеткіздік»,- деді Зейнаб Хоссейнидауст (Zeinab Hosseinidoust). Биологтар М13 бактериофагтардың көп данасын бір жерге шоғырландыра алған. Вирустық бөлшектер өздігінен сұйық кристалға айналған. Олардың арасын жалғайтын зат арқылы сарғыш гелге қол жеткізген. Бұл материалдың әр миллиметрінде 300 трлн вирус бар. Ол құрғақ заттың әр грамына 16 грамға дейін су сіңдіре алады. Сөз орайы келгенде айта кету керек, вирустар табиғи нанобөлшектер болып табылады. Оларды жасаудың немесе тудырудың қажеті жоқ: олар өздігінен көбейеді. Гендік инженериянық арқасында олардың құрамын атомына дейін бақылауда ұстай аласыз. Бұл мүмкіндік өз кезегінде биоматериалдарды жасауға көп көмектеседі. Жаңа технологияның осынау артықшылықтарына қарамастан бүгінгі таңда фаг – ауру тудыратын бактериялармен күресте тиімділігін көрсете алмай отыр. Жекелеген жағдайларда ғана олардың көмегі тигені болмаса. Бактериофаг қорегіне келгенде «талғампаз әрі кірпияз» болатындықтан олардың бұл қабілетін тиісті бағытта пайдалану әзірге (тек әзірге ғана) мүмкін болмай тұр. Болашақта гендік инженерия вирустардың «ақылды» штаммдарын жасауы ықтимал. Оның үстіне, вирустық бөлшектер ақуыздан тұратындықтан кез келген бөгде ақуыз аллерген тудырады. Әзірге мұндай гелді медицинада кеңінен пайдалану уақыт еншісіндегі мәселе болып тұр.

0 пікір
Мұрағат