Жұмыстан кешіккенім үшін басшылық айыппұл сала ала ма?
Жұмыстан кешіккенім үшін басшылық айыппұл сала ала ма?
14 сағат бұрын 194 naryk.kz aikyn.kz kaz.inform.kz Ақтілек Алмасұлы, Аружан Арманқызы, Гүлназ Серік, Назым Бөлесова, Руслан Ғаббасов, Венера Жоламанқызы, Ботакөз Кенжеханқызы

Naryk.kz - Қазақстанда жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа кешіккені немесе міндеттерін орындау кезінде қателік жібергені үшін ақшалай айыппұлға тарта алмайды. Еңбек заңнамасында мұндай жаза түрі қарастырылмаған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ескертті.

Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші қызметкерлерден еңбек тәртібін, ішкі еңбек тәртібі қағидаларын сақтауды және лауазымдық міндеттерін тиісінше орындауды талап етуге құқылы. Алайда тәртіп бұзғаны үшін ақшалай айыппұл белгілеуге құқығы жоқ.

Еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес, жұмыс беруші мынадай тәртіптік жаза қолдана алады:

  • ескерту;

  • сөгіс;

  • қатаң сөгіс;

  • Еңбек кодексінде көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу.

Заңда көрсетілмеген басқа тәртіптік жаза түрлерін қолдануға жол берілмейді.

Мысалы, қызметкер жұмысқа 20 минут кешіксе, жұмыс беруші оған өз бетінше 10 мың теңге айыппұл салып, бұл соманы жалақысынан ұстап қала алмайды. Мұндай жағдайда заңда белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолдана алады.

Сонымен қатар жұмыс беруші тәртіптік жаза қолданар алдында қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етуге міндетті. Жаза түрін таңдаған кезде құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығы, сондай-ақ оны жасауға себеп болған мән-жайлар ескерілуі керек.

Жалақыдан ақша ұстауға бола ма?

Еңбек кодексінің 115-бабында қызметкердің жалақысынан ұстап қалуға болатын жағдайлар нақты көрсетілген. Заңда көзделген кейбір өзге жағдайларда мұндай ұсталым қызметкердің жазбаша келісімімен жүргізілуі мүмкін.

Осылайша, еңбек тәртібін бұзғаны үшін ақшалай айыппұл салу мен заңды негізде жалақыдан ұстап қалу – екі бөлек ұғым. Жұмыс беруші заңда белгіленген тәртіптік жазаларды ақшалай айыппұлмен алмастыра алмайды.

Министрлік еңбек заңнамасын сақтау жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін де міндетті екенін еске салды.

Өтемақы мөлшері қызметкердің пайдаланылмаған демалыс күндері мен орташа жалақысы негізінде есептеледі.

Қазақстанда еңбек шарты тоқтатылған кезде қызметкер пайдаланылмаған жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы үшін өтемақы алуға құқылы, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Еңбек кодексінің 96-бабына сәйкес, қызметкер демалыс күндерін толық пайдаланбаған болса, жұмыс беруші сол күндер үшін ақшалай өтемақы төлеуге міндетті. Бұл талап еңбек шартының тоқтатылу себебіне қарамастан қолданылады. Өтемақы мөлшері қызметкердің пайдаланылмаған демалыс күндері мен орташа жалақысы негізінде есептеледі.

Сондай-ақ Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, еңбек шарты тоқтатылған кезде қызметкерге тиесілі барлық төлем үш жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуге тиіс. Егер жұмыс беруші тиісті ақшаны төлемесе, азамат еңбек инспекциясына немесе сотқа жүгіне алады.

Павлодар облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жұмыс берушінің қандай жағдайда қызметкердің жалақысынан ақша ұстап қала алатынын түсіндірді.

Қазақстанда жұмыс беруші заңда белгіленген жағдайларда қызметкердің жалақысынан ақша ұстап қалуға құқылы. Бірақ мұндай ұсталымның мөлшері мен тәртібіне нақты шектеулер қойылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Павлодар облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жұмыс берушінің қандай жағдайда қызметкердің жалақысынан ақша ұстап қала алатынын түсіндірді. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 115-бабына сәйкес, жалақыдан ақша ұстап қалу сот шешімімен немесе заңнамада көзделген жағдайларда жүзеге асырылады. Жұмыс беруші қызметкердің ұйым алдындағы берешегін өтеу үшін де белгілі бір соманы ұстап қалуы мүмкін.

Мәселен, қызметкер іссапарға берілген ақшаның жұмсалмаған бөлігін уақытында қайтармаса немесе шығындарын растайтын құжаттарды ұсынбаса, жұмыс беруші тиісті соманы жалақысынан өндіріп алуға құқылы. Сондай-ақ жалақы есебінен алдын ала берілген, бірақ жұмыс істеп өтелмеген аванс та қайтарылуы мүмкін.

Егер қызметкер жұмыс берушінің қаражатына оқып, еңбек шартын келісілген мерзімнен бұрын бұзса, оқыту шартының талаптарына сәйкес шығынның жұмыс істелмеген уақытқа пропорционалды бөлігі ұсталады. Еңбек демалысын ауыстыру немесе қызметкерді демалыстан кері шақыртып алу кезінде де заңда көзделген ұсталымдар жүргізілуі мүмкін.

Басқа жағдайларда жалақыдан ақша ұстап қалу үшін қызметкердің жазбаша келісімі қажет. Жұмыс беруші ұсталым туралы қызметкерді хабардар етуге міндетті. Заң бойынша бірнеше атқарушылық құжат негізінде немесе Еңбек кодексінің 115-бабында көзделген жағдайларда ай сайынғы ұсталым қызметкерге тиесілі жалақының 50 пайызынан аспауға тиіс. Демек жұмыс беруші қызметкердің еңбекақысын өз қалауынша қысқарта алмайды. Әрбір ұсталымның заңды негізі болуы қажет.

Ақтілек Алмасұлы

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді алу мерзімінің ең ұзақ кезеңі алты айдан үш айға дейін қысқарған.

Елімізде жұмысынан айырылған азаматтар жаңа жұмыс табуға, кәсіп үйренуге, біліктілігін арттыруға және жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік бар. Тіпті, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азаматтар жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындалады,  – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ең алдымен көмек алудың алғашқы қадамы жұмыс іздеуші ретінде тіркелу қажет. Сондықтан тұрғылықты жердегі Мансап орталығына баруға, eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы өтініш беру керек. Өтініш бергенде азамат білімі, кәсіби дағдысы, еңбек өтілі және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні туралы мәліметтерді толтыруы қажет.

Мысалы, Мансап орталығының мамандары азаматтарға лайықты бос жұмыс табуға көмектесіп, қолжетімді қолдау шаралары туралы кеңес береді.

Жұмысынан айырылған азаматтарға көрсетілетін тағы бір қолдау – мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем. Ол міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және төлем алуға құқығы бар азаматтарға жоғалтқан табысының бір бөлігін өтеу үшін беріледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді алу мерзімінің ең ұзақ кезеңі алты айдан үш айға дейін қысқарады.

- Төлем мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Ал төлемнің ең жоғары мөлшері ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 45 пайызынан аспайды. Әр азаматқа төленетін нақты сома әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысына және сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі, - делінген хабарламада.

Aikyn.kz

Instagram немесе TikTok-тағы жазбасы үшін қызметкерді жұмыстан шығаруға бола ма - заңгер жауап берді
KAZINFORM — Әлеуметтік желіде жұмыс берушіні сынау қызметкерді бірден жұмыстан шығаруға құқық бермейді. Алайда сөз бостандығының да өз шегі бар. Кей жағдайда жарияланған жазба қызметтік міндеттерді бұзудың дәлелі ретінде қарастырылуы мүмкін. Мұндайда жазбаның мазмұны, қызметкердің лауазымы және істің мән-жайы ескеріледі.

Жұмыс беруші әлеуметтік желідегі жазбасы үшін қызметкерді жұмыстан шығара ала ма? Сөз бостандығы мен еңбек тәртібін бұзудың ара-жігін қалай ажыратамыз? Егер қызметкерді жұмыстан шығару туралы шешім қабылданса, ол өз құқығын қалай қорғай алады? Осы сұрақтарға «Эксперт права» заңгерлік кеңес беру ұйымының заң консультанты Анна Латош жауап берді.

Әлеуметтік желідегі жазба үшін жұмыстан шығаруға бола ма?

Конституцияда сөз бостандығына, сондай-ақ заңмен тыйым салынбаған тәсілдермен ақпаратты еркін алу және тарату құқығына кепілдік берілген. Ал елдегі Еңбек кодексінде жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу негіздері нақты көрсетілген.

Instagram немесе TikTok желілерінде жазба жариялау жұмыстан шығаруға негіз бола алмайды. Алайда жарияланымның мазмұны мен мән-жайына қарай ол заңда көзделген еңбек тәртібін бұзудың дәлелі ретінде қарастырылуы мүмкін.

— Бұл жерде адамның өз пікірін білдіру құқығы мен еңбек міндеттерін орындауын ажырата білу маңызды. Жұмыс берушіге жарияланым ұнамағаны немесе ол интернетте жағымсыз реакция тудырғаны үшін ғана қызметкерді жұмыстан шығара алмайды. Еңбек заңнамасында көзделген нақты тәртіп бұзу фактісі анықталып, ол тиісті дәлелдермен расталуы керек, — деп түсіндірді Анна Латош.

Қызметкер еңбек міндетін атқару кезінде өзіне белгілі болған мемлекеттік құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария етсе, жұмыс беруші еңбек шартын бұза алады. Сондай-ақ еңбек міндеттерін себепсіз бірнеше рет орындамаған және бұрын тәртіптік жаза алған қызметкер де жұмыстан шығарылуы мүмкін.

Тәрбие функцияларын атқаратын қызметкерлерге қатысты талап бөлек. Олар қызметтік міндеттеріне қайшы келетін моральға жат қылық жасаса, еңбек шарты бұзылады. Бұл негіздер Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14), 15) және 16) тармақшаларында көрсетілген.

— Әлеуметтік желідегі әр жазбаны жеке бағалау қажет. Егер қызметкер жариялаған ақпарат заңмен қорғалатын құпияны ашса немесе Еңбек кодексінде көрсетілген жұмыстан шығару негіздерінің біріне жататын әрекетті растаса, жұмыс беруші тиісті шара қолдана алады. Алайда қызметкерді әлеуметтік желіге жазба жариялағаны оны жұмыстан шығаруға жеткіліксіз, — дейді сарапшы.

Мемлекеттік қызметшілер мен кейбір кәсіп иелеріне қызмет ерекшелігіне қарай қосымша талаптар қойылады. Олар мемлекеттік немесе кәсіби құпияны сақтауға міндетті. Сондықтан әлеуметтік желідегі жазбаға баға бергенде оның мазмұнымен қатар, автордың лауазымы мен қызметіне қойылатын талаптар да ескеріледі.

Компания беделі мен қызметкердің құқығы

Басшылықтың наразылығы, әлеуметтік желідегі жағымсыз пікірлер немесе компания беделіне нұқсан келуі қызметкерді жұмыстан шығаруға жеткіліксіз. Жұмыс беруші қызметкердің қандай міндетті бұзғанын және оған қатысты қандай дәлел барын нақты көрсетуге тиіс.

— Компанияның беделіне нұқсан келді деген уәж қызметкерді жұмыстан шығаруға өздігінен құқық бермейді. Еңбек шарты мен ішкі әдеп кодексінде қызметкерлерге қойылатын талаптар жазылуы мүмкін. Бірақ компанияның ішкі ережелеріне сілтеп, Еңбек кодексінде қарастырылмаған талаптар бойынша жұмыстан шығаруға болмайды, — деп түсіндірді Анна Латош.

Жазбаның мазмұны мен кімге қолжетімді болғаны да маңызды. Мысалы, жабық аккаунттағы жазылған жарияланым да қызметкерді жауапкершіліктен босатпайды. Бұл ретте мәліметтің шынайылығы, жұмысқа қатысы және жұмыс берушінің оны қалай алғаны ескеріледі.

Жұмыстан шығару кезінде жұмыс беруші қандай тәртіпті сақтауы керек?

Жұмыстан шығаруға заңды себеп болған күннің өзінде жұмыс беруші еңбек заңнамасында белгіленген тәртіпті сақтауға тиіс.

Тәртіптік жаза қолданбас бұрын жұмыс беруші қызметкерден жазбаша түсініктеме сұратуы керек. Қызметкер екі жұмыс күні ішінде түсініктеме бермесе, бұл туралы акт жасалады. Алайда түсініктеменің болмауы тәртіптік шара қолдануға кедергі келтірмейді. Бір теріс қылық үшін бір ғана тәртіптік жаза қолданылады.

ҚР Еңбек кодексінің 66-бабына сәйкес, тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылуы тиіс. Ал теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан асса, жалпы тәртіп бойынша жаза қолданылмайды. Заңда жекелеген жағдайларға қатысты өзге мерзімдер де белгіленген.

— Жұмыс беруші қызметкердің әрекетін ауыр деп санаған күннің өзінде оны өз қалауынша жұмыстан шығара алмайды. Еңбек заңнамасының талаптарын сақтап, жазбаша түсініктеме сұратып, тиісті құжаттарды рәсімдеуі қажет. Белгіленген рәсімнің бұзылуы да жұмыстан шығару туралы шешімге дау айту кезінде ескерілуі мүмкін, — деп түсіндірді сарапшы.

Еңбек шартын бұзу кезінде жұмыс беруші заңда белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті. Жұмыстан шығару туралы бұйрықта оның нақты себебі мен заңның тиісті бабы көрсетілуі керек. Бұйрықтың көшірмесі қызметкерге табысталады немесе заңда белгіленген тәртіппен жіберіледі.

Еңбек кодексінің толық мәтінімен [Әділет құқықтық ақпарат жүйесінен] танысуға болады.

Заңсыз жұмыстан шығарылса, қызметкер құқығын қалай қорғай алады?

Егер жұмыс беруші қызметкерді әлеуметтік желідегі жазбасы үшін жұмыстан шығарса, қызметкер жарияланымның толық нұсқасын, жұмыс берушімен хат алмасуды және іске қатысты басқа да құжаттарды сақтауы керек. Сондай-ақ жұмыстан шығару туралы бұйрықтың көшірмесін алып, онда қандай себеп көрсетілгенін тексерген жөн.

— Егер қызметкер жұмыстан шығаруды заңсыз деп санаса, алдымен жұмыс берушінің шешімімен және оны растайтын құжаттармен танысуы қажет. Жазбаның толық нұсқасы мен хат алмасулар дауды қарау кезінде маңызды дәлел бола алады, — деп түсіндірді Анна Латош.

Жазбаны жеке скриншотпен шектемей, оның толық мәтінін және жарияланған күнін жазып, сақтаған дұрыс. Бұл жағдайды жан-жақты бағалауға көмектеседі.

Жұмыстан шығаруға келіспеген қызметкер бұл шешімге заңда белгіленген тәртіппен шағымдана алады. Мұндай даулар ереже бойынша, алдымен келісу комиссиясында, кейін сотта қаралады. Шағымдану мерзімі шектеулі болғандықтан, оны өткізіп алмау да маңызды.

Threads қолданушылары еңбек шартының үзінділері жарияланған жазбаны қызу талқылап жатыр. 

Жазба авторы қызметкерлерге қандай жағдайда қанша айыппұл салынатыны көрсетілген тізімді жариялап, мұндай талаптардың заңға қаншалықты сай екенін сұраған. Кейін пікірлердің бірінде ол осындай айыппұлдар белгіленгенімен, қызметкердің бір күндік еңбекақысы небәрі 4 мың теңге екенін нақтылаған.

Бір қарағанда, бұл құжат еңбек шартынан гөрі айыппұлдар тізіміне көбірек ұқсайды. Мәселен, 2GIS-те талап етілген пікірді қалдырмағаны үшін 500 теңге айыппұл қарастырылған. Тауардың фото немесе видеосын жібермесе не бейнеқоңырауға шықпаса, 5 мың теңгеден айыппұл салынады. Жұмыс орнын рұқсатсыз тастап кеткені немесе арнайы киімсіз жұмыс істегені үшін 10 мың теңге белгіленген. Клиентке дөрекілік танытқаны үшін 50 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы немесе қызметкер жұмыстан шығарылуы мүмкін. Құжатта бір айда үш реттен артық кешіккен қызметкерді де жұмыстан шығару қарастырылған.

Кейін автор еңбек шартының тағы бір тармағын жариялаған. Онда белгіленген жұмыс уақытынан артық еңбек ету қызметкердің өз еркімен істеген жұмысы ретінде есептелетіні жазылған. Сондықтан артық жұмыс істегені үшін бөлек ақы төленбейді. Тек сатылған тауар құнының үш пайызы беріледі.

Жазбадағы пікірлерде ақы төленбейтін тағылымдама туралы да айтылған.

Еңбек шарты заңнан жоғары тұрмайды

Жұмыс беруші жұмыс кестесін, қызметкердің міндеттері мен ішкі тәртіп ережелерін белгілей алады. Бірақ заңда жоқ жазаны өз бетінше енгізе алмайды. Еңбек кодексінің 64-бабында тәртіптік жазаның түрлері нақты көрсетілген.

Олар – ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс және заңда көзделген негіздер бойынша жұмыстан шығару. Бұл тізімде ақшалай айыппұл жоқ.

Қызметкердің еңбек шартына қол қоюы да жағдайды өзгертпейді. Еңбек кодексінің 10-бабына сәйкес, қызметкердің жағдайын заңда белгіленген талаптардан нашарлататын шарттар жарамсыз деп танылады. 

Қызметкерге жазбаша хабарлау және оған түсініктеме беруге мүмкіндік жасау да айыппұлды заңды етпейді. Тәртіптік жаза қолданбас бұрын қызметкерден түсініктеме талап етілуге тиіс. Бірақ содан кейін жұмыс беруші өзі белгілеген соманы қызметкердің жалақысынан ұстап қала алмайды.

Кейде айыппұлды «жалақыдан ұстап қалу» деп атап, алдағы уақытта осындай сомаларды ұстап қалуға қызметкердің келісімін еңбек шартына алдын ала енгізеді. Алайда жалақыдан ақша сот шешімі бойынша, заңда көзделген жағдайларда немесе өзге негіздер бойынша қызметкердің жазбаша келісімімен ғана ұсталуы мүмкін. Сондықтан қызметкер еңбек шартына қол қойған күннің өзінде, тәртіп бұзғаны үшін белгіленген айыппұл оның жұмыс беруші алдындағы берешегі болып саналмайды.

Жұмыс тапсырмасы ма, әлде қателік үшін айыппұл ма?

Мәселен, әкімші сатып алушыларға көрсету үшін тауарды суретке түсіруге және таңертеңгі онлайн жиынға қатысуға міндетті болуы мүмкін. Егер мұндай міндеттер еңбек шартында, лауазымдық нұсқаулықта немесе ішкі тәртіп ережелерінде көрсетілсе, қызметкер оларды өз кінәсінен орындамаған жағдайда бұл тәртіптік теріс қылық болып саналуы мүмкін. Жұмыс беруші мұны тіркеп, қызметкерден түсініктеме сұрап, заңда көзделген тәртіптік жаза қолдана алады. Бірақ тапсырманы орындамағаны үшін 5 мың теңге айыппұл сала алмайды.

2GIS-тегі пікірлерге қатысты жағдайға да осы талап қолданылады. Пікірлермен жұмыс істеу тауарды немесе қызметті жарнамалаумен айналысатын маманның міндетіне кіруі мүмкін. Алайда тапсырманы орындамағаны үшін қызметкердің жалақысынан 500 теңгені автоматты түрде ұстап қалуға болмайды. Егер қызметкерден өзін сатып алушы ретінде таныстырып, пікір қалдыру талап етілсе, мұндай пікірдің қаншалықты шынайы екені және оның платформа ережелеріне сай келетіні туралы бөлек мәселе туындайды.

Клиентке дөрекілік таныту – өрескел тәртіп бұзушылық. Бірақ заңда мұндай әрекет үшін алдын ала белгіленген айыппұл жоқ. Мәселен, қызметкердің клиентті қорлағаны бейнежазба және куәгерлердің сөзімен расталды делік. Мұндай жағдайда компания тәртіптік жаза қолдана алады. Ал қызметкерді жұмыстан шығару үшін Еңбек кодексінің 52-бабында көзделген негіздердің бірі болуы керек. 

Соның бірі – бұған дейін тәртіптік жаза алған қызметкердің еңбек міндеттерін қайта орындамауы. Сондықтан клиенттің бір ғана шағымы қызметкерді бірден жұмыстан шығаруға жеткілікті негіз бола алмайды.

Жұмыстан рұқсатсыз кету, арнайы киім кимеу және кешігу

Жұмыс орнын рұқсатсыз тастап кетудің салдары 10 мың теңге айыппұлдан да ауыр болуы мүмкін. Егер қызметкер бір ауысым ішінде дәлелді себепсіз қатарынан үш сағат немесе одан да ұзақ уақыт жұмыста болмаса, жұмыс беруші еңбек шартын бұза алады. Алайда жұмыс орнынан аз уақытқа шығып кету, қоңырауға жауап бермеу және жұмыста дәлелді себепсіз болмау – үш түрлі жағдай. Сондықтан қызметкердің жұмыста қанша уақыт болмағанын және оның себебін анықтау қажет.

Қашықтан жұмыс істейтін қызметкер алдын ала белгіленген уақытта бейнебайланысқа шығуға міндетті болуы мүмкін. Бірақ интернеттің өшіп қалуы, сырқаттану немесе басқа да дәлелді себептер болса, қызметкер тәртіп бұзды деп бірден айтуға болмайды. Сол сияқты белгіленген уақытта бейнебайланысқа шықпауы да оның бүкіл ауысым бойы жұмыс істемегенін білдірмейді.

Компания қызметкерлерден белгіленген жұмыс киімін киюді ішкі тәртіп ережелері арқылы талап ете алады. Бұл талапты орындамаған қызметкерге ескерту немесе сөгіс берілуі мүмкін, бірақ жалақысынан 10 мың теңге ұстап қалуға болмайды. Мұнда тағы бір маңызды жайт бар: қауіпсіз жұмыс істеуге қажетті арнайы киім мен қорғаныш құралдарын қызметкерге жұмыс беруші беруге тиіс.

«Үш рет кешіксең – жұмыстан шығарыласың» деген талап та заңға сай емес. Әр кешігу дерегі расталып, оның себебі анықталып, белгіленген тәртіппен рәсімделуге тиіс. Егер тәртіптік жазасының күші әлі жойылмаған қызметкер тағы да тәртіп бұзса, ол жұмыстан шығарылуы мүмкін. Алайда кешігу санының өзі қызметкерді жұмыстан шығаруға заңды негіз бола алмайды.

Жұмыс уақытынан тыс еңбекке ақы төленуге тиіс

Мәселен, сатушының ауысымы сағат 19:00-де аяқталады делік. Бірақ басшысы есепті аяқтауды талап етіп, оны сағат 21:00-ге дейін жұмыстан жібермейді. Еңбек шартында қалай жазылғанына қарамастан, бұл екі сағатты қызметкер өз еркімен жұмыс істеді деп санауға болмайды. Мұндай жағдайда тапсырманы кім бергені және нақты жұмыс істеген уақыттың есепке алынған-алынбағаны маңызды.

Жалпы ереже бойынша, жұмыс уақытынан тыс еңбек етуге қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.  Мұндай жұмысқа кемінде бір жарым есе мөлшерде ақы төленуге тиіс. Тараптар келіскен жағдайда ақшалай төлемнің орнына демалыс беруге болады. Бұл ретте жұмыс уақытынан тыс істеген әр сағат үшін кемінде бір сағат демалыс берілуге тиіс. Ал тауар сатылымынан түсетін соманың үш пайызы мөлшеріндегі төлем бұл кепілдікті жоққа шығармайды. Егер қызметкер ешкімнің тапсырмасынсыз және басшылықпен келіспей жұмыста қалып қойса, оның жұмыс уақытынан тыс еңбек еткенін дәлелдеу қиынырақ болады.

«Тағылымдама» деген атаудың өзі адаммен міндетті түрде еңбек шарты жасалуға тиіс дегенді білдірмейді. Оның іс жүзінде қандай жұмыс атқаратыны маңызды. Егер жұмысқа үміткер белгіленген кесте бойынша келіп, сатып алушыларға қызмет көрсетсе, тауар сатса және әкімшіге бағынса, ол іс жүзінде қызметкер ретінде жұмыс істеп жүр деген сөз. Мұндай жағдайда оны еңбек шарты жасалғаннан кейін ғана жұмысқа жіберуге болады, ал жұмыс істеген уақытына ақы төленуге тиіс.

Ал адам шынымен оқудан өтіп, штаттағы қызметкердің орнына жұмыс істемесе, онымен оқыту шарты жасалуы мүмкін. Студенттердің кәсіптік практикасы бөлек тәртіппен реттеледі. Сынақ мерзімін де ақы төленбейтін тағылымдама деп көрсетуге болмайды. Ол еңбек шартында белгіленіп, алғашқы жұмыс күнінен басталады. 

Телефон пайдалану, сату жоспарын орындамау және тауардың кем шығуы

Іс жүзінде қызметкерлерге ақшалай жаза қолдануға себеп болатын жағдайлар бұдан да көп. Мәселен, кейбір жұмыс берушілер жеке телефон пайдаланғаны, үзіліс уақытын созып жібергені, сату жоспарын орындамағаны немесе тауар кем шыққаны үшін қызметкерлерге айыппұл салады.

Заң бойынша жұмыс беруші телефон мен басқа да гаджеттерді пайдалану тәртібін, сондай-ақ үзіліс ұзақтығын ішкі ережелерде белгілей алады. Егер қызметкер бұл ережелермен таныс болса, талапты бұзғаны тіркеліп, оған заңда көзделген тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін. Бірақ мұндай тәртіп бұзушылық үшін белгілі бір мөлшерде ақшалай айыппұл белгілеуге болмайды.

Егер қызметкер сату жоспарын орындамаса, компания оған сыйақының өзгермелі бөлігін есептемеуі мүмкін. Бірақ ол үшін сыйақы төлеудің шарттары мен көрсеткіштері еңбек шартында немесе жұмыс берушінің актісінде алдын ала белгіленуге тиіс. Ал негізгі жалақыдан ақша ұстап қалуға болмайды.

Еңбек кодексінің 107-бабына сәйкес,  біржолғы ынталандыру төлемдерін есептемегенде, жалақының негізгі бөлігі кемінде 75 пайыз болуы керек. Мәселен, біржолғы сыйақыны есептемегендегі жалақы 200 мың теңге болса, оның негізгі бөлігі кемінде 150 мың теңге, ал өзгермелі бөлігі 50 мың теңгеден аспауға тиіс.

Алайда, бұл 50 мың теңге «айыппұл қоры» емес. Қызметкер алдын ала белгіленген көрсеткіштерді орындамаған жағдайда ғана бұл сома сыйақы ретінде есептелмеуі мүмкін.

Тауар бүлінген немесе кем шыққан жағдайда басқа тәртіп қолданылады. Мәселен, сатушы өз кінәсінен құны 20 мың теңге болатын тауарды бүлдірсе, компания келтірілген тікелей залалды өтеуді талап ете алады. 

Ол үшін шығын көлемі, қызметкердің кінәсі және залалдың оның әрекетінен келгені дәлелденуге тиіс. Ал тауар кем шықса, мән-жайды анықтамай тұрып, оның құнын ауысымдағы барлық қызметкерге бөліп төлеуге міндеттеуге болмайды. Сондай-ақ бүлінген тауардың құнының орнына екі есе айыппұл немесе оны сатудан түсуі мүмкін пайданы талап етуге болмайды.

Жалақыдан ақшаны қандай жағдайда ұстауға болады?

Заңда көзделген негіздер бойынша жалақыдан ақша ұстау қызметкерді тәртіп бұзғаны үшін жазалау болып саналмайды. Жоғарыда айтылғандай, ақша сот шешімі бойынша, жұмыс істелмеген кезең үшін алдын ала төленген авансты немесе қайтарылмаған іссапар қаражатын өтеу үшін ұсталуы мүмкін. Сондай-ақ еңбек шартында көзделсе, қызметкер жұмыстан мерзімінен бұрын кеткен жағдайда оны оқытуға жұмсалған шығындар үшін де ақша ұсталуы мүмкін. Еңбек демалысын ауыстыру немесе одан кері шақырту кезінде де заңда көзделген жекелеген жағдайларда ақша ұстауға жол беріледі. Ал басқа негіздер бойынша ақша ұстау үшін қызметкердің жазбаша келісімі қажет. Мұндай жағдайлардың өзінде ай сайын ұсталатын сома, әдетте, қызметкерге төленуге тиіс жалақының жартысынан аспауға тиіс.

Қызметкер өзі келтіргені дәлелденген залалды өз еркімен өтей алады. Ал дау туындаса, жұмыс беруші сотқа жүгінуге құқылы. Өз бетінше қызмет көрсететін орындаушымен жасалған азаматтық-құқықтық шартта міндеттемені орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын қарастыруға болады. Бірақ іс жүзінде еңбек қатынастары болса, оны азаматтық-құқықтық шартпен бүркемелеуге болмайды. Ал әкімшілік айыппұлды жұмыс беруші емес, уәкілетті мемлекеттік орган немесе сот салады.

Егер жалақыдан ақша ұсталып қойса, қызметкер есеп айырысу парағын сұратып, ақшаның қандай негізде ұсталғанын анықтағаны жөн. 

Еңбек шартын, ішкі тәртіп ережелерін, бұйрықтарды, хат-хабарларды, жұмыс уақытын есепке алу табелін және банк көшірмелерін де сақтап қойған дұрыс. Осы құжаттармен еңбек инспекциясына жүгінуге болады. Жеке еңбек дауы, әдетте, алдымен келісу комиссиясында, содан кейін ғана сотта қаралады. Еңбек шартындағы айыппұл туралы тармаққа қол қойғанның өзінде қызметкер жалақысынан ақша ұсталғанына дау айту құқығынан айырылмайды.

Жұмыста бастықпен болған диалогты оның рұқсатынсыз диктофонға жазуға бола ма
KAZINFORM — Жұмыс барысында басшымен болған әңгімені оның рұқсатынсыз диктафонға жазуға бола ма? Мұндай жазбаны кейін еңбек дауы немесе сот процесінде дәлел ретінде пайдалана аласыз ба? Kazinform тілшісі бұл сауалдардың жауабын заңгерден біліп көрді.

Заңгер Алексей Божковтың айтуынша, әңгімені екінші тарапқа ескертпей аудиоға жазып алу кейін құқықтық мәселелер туындатуы мүмкін. Әсіресе жазба қандай да бір дауда немесе сотта дәлел ретінде ұсынылса, оның қашан, қандай жағдайда және қандай мақсатта жасалғаны маңызды.

— Егер біз әңгімені бастапқыда екінші адамға ескертпей жазып алсақ, кейін оны қандай да бір дауда дәлел ретінде пайдаланған кезде жазбаның қалай және қандай жағдайда алынғанын түсіндіруге тура келеді. Мысалы, аудиожазба жарияланып, соған байланысты сотқа жүгінсе, оның заңды жолмен алынғанын дәлелдеу мәселесі туындауы мүмкін, — дейді ол.

Заңгер өз сөзінде аудиожазбаның сотта дәлел ретінде қабылдануы автоматты түрде шешілмейтінін жеткізді. Сот оның іске қатыстылығын, алыну жағдайын, заң талаптарына сәйкестігін және шынайылығын бағалайды. Сондықтан екінші тараптың жазбаға қарсылық білдіруі де сот барысында оның жол берілетін дәлел ретінде бағалануына қатысты мәселе туындатуы мүмкін.

Бұл ретте аудиожазбаны жасау мен оны кейін жариялау — екі бөлек құқықтық мәселе.

— Егер басшы тарапынан заңсыз талап қойылды деп есептесеңіз, мәселені құқықтық жолмен шеше аласыз. Мысалы, тиісті органдарға жүгінуге немесе еңбек қатынастары шеңберінде өз құқықтарыңызды қорғауға болады. Ал әңгімені жазып алып, кейін оны жариялау — бөлек мәселе. Жарияланған материалдың мазмұнына, адамның құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделеріне қатысты қосымша құқықтық сұрақтар туындауы мүмкін, — дейді Алексей Божков.

Оның айтуынша, егер адам маңызды әңгімені аудиожазбаға түсіргісі келсе, сөйлесіп отырған адамға бұл туралы алдын ала хабарлаған жөн.

— Әңгіме жазылатынын алдын ала ескерткен дұрыс. Егер екінші тарап бұған келіспесе, онда әңгімені жалғастыру немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдауға болады. Бұл кейін жазба

0 пікір
Мұрағат