Әйелдің қынабынан бөлінетін сұйықтық дәретті бұза ма?
Әйелдің қынабынан бөлінетін сұйықтық дәретті бұза ма?
8 жыл бұрын 121900

1.Сұрақ:  
Әссәләумағалейкум! Айтуға қысылып тұрсам да, маңызды болғандықтан айтуым керек. Әйел адамға тән «выделение» келеді. Менде тым көп келіп, намаз үстінде дәретім бұзылып кетеді. Тіпті бір намазда 3-4 мәрте дәрет алуға мәжбүрмін. Намаздағы ойымның бәрі сол дәретім бұзылып қалмаса екен деп тұрады. Не оқып жатқанымды түсінбей қаламын. Бұл жағдай үзірге жата ма? Үзірге жатпаса не істеуге болады? Анықтап айтып берсеңіз! Осы сұрақ көптеген намазхан құрбыларымды мазалап жүр. Алла разы болсын! Гүлмира.  

2. Сұрақ:  
Әссәләму ғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ!
Намаз оқитын кезде қобалжитындықтан дәретім намаздың алдында көбінесе бұзыла береді. Сондықтан да, екі реттен дәрет алуға тура келеді. Осы жағдай үзірге санала ма? Сайттарыңызда бір намаз уақытында кем дегенде бір рет болсын көрінуі керек делінген. Басқа сайттан менікіндей жағдай үзірге саналады делінген. Дұрыс-бұрысын ажыратып берсеңіздер! Рақмет. Гүлім. 

3. Сұрақ:  
Қыздарда жалпы әйелдерде хайыздан басқа күндері жиі бөлініп тұратын сұйықтық бар (выделение). Сол сұйықтық әр бөлінген сайын дәрет бұзыла ма?   

Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Ұлы сөздің ұяттығы жоқ, еркектен де, әйелден де бөлінетін сұйықтықтарды: «Мәзи» (әйелдердікін кейде «القذى-қазәә» дейді)«уәди» және «мәни» деп бөлуге болады.  Біріншісінің орысша баламасы ‒ смегма. Екіншісі, кіші дәреттен кейін бөлінетін сұйықтық. Үшіншісі ‒ сперма.  Алғашқы екеуі дәретті ғана бұзса, үшіншісі (мәни) көп жағдайда ғұсылды да бұзады. Үшеуі де нәжіс болып есептеледі.

Бұлардан бөлек тек әйелдерде ғана бөлінетін сұйықтық түрі тағы бар. Оны фиқһ кітаптарында «рутубатуль фарж» дейді, яғни, әйел қынабынан (влагалища) бөлінетін дымқылдық (бели).

Медицина мамандарының тұжырымына қарағанда, адам баласына ауыздағы сілекей, көздің дымқылдығы, денеден бөлінетін тер, мұрыннан ағатын су қаншалықты қажет болса, аталмыш қынаптан бөлінетін дымқылдық та әйел үшін соншалықты қажет. Онсыз әйел түрлі ауруларға шалдығады. Бұл сұйықтық балиғат жасқа жетпеген шақта немесе климакстан кейін т.б. осы сияқты гармондардың жеткіліксіз болып тұрған кезеңдерінде сыртқа шығады. Бұл сұйықтық өздігінен еріксіз түрде бөлінеді. Оны кешеуілдету немесе зәр секілді тоқтатып қою әйелдің еркінде емес. Бізге жолданып отырған жоғарыдағы сұрақ  осы дымқылдыққа қатысты.

Мұның шариғи үкіміне келер болсақ, бұл мәселе екі жөнінен қаралады:

  • Біріншісі ‒ таза ма, әлде нәжіс пе?
  • Екіншісі ‒ ол бөлінген жағдайда дәрет бұзыла ма, әлде бұзылмай ма?

Бірінші мәселеге қатысты, ертеректе өмір сүрген ғұламалар арасында Имам Ағзам Әбу Ханифаның (р.а.) пайымынша және жалпы Ханафи мәзхабы бойынша «қынаптан бөлінетін дымқылдық», егер, мәни, мәзи сияқты нәжіс саналатын сұйықтықтармен араласпаған болса, таза үкімінде. Құдды, денеден шыққан тер іспетті. Ол фиқһ кітабтарында «Рутубатуль Фаржид-Дәхиль ‒ Ішкі әйелдік мүшенің дымқылдығы» деген атпен белгілі.

Бірақ, Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед бұл дымқылдықтың нәжіс шығатын жерден туындайтындығын назарға ала отырып, аталмыш «ішкі дымқылдықты», яғни, қынаптан шығатын сұйықтықты нәжіс санаған. Мәлики мәзхабында да ол ‒ нәжіс.

Шәфиғи және Ханбәли мәзхабтарында екі көзқарас бар. Бірінде, оны нәжіс десе, екіншісінде таза санайды. Бірақ, бұл мәзхабта да ең дұрыс деп қабыл етілген көзқарас бойынша, ол таза. Киімге тиген жағдайда, намазға кедергісі жоқ.

Айта кету керек, Ханафи фиқһ кітаптарында ішкі дымқылдықпен қатар, «сыртқы дымқылдық» түрі де сөз етіледі. Оны «Рутубатуль Фаржил-Хориж ‒ Сыртқы әйелдік мүшенің дымқылдығы» дейді. Дымқылдықтың бұл түрін барлық мәзһаб ғұламалары таза санаған. (Сыртқы жағы медицина ғылымында «вульва» деп аталады).

Ендігі жерде, қынаптан бөлінетін ішкі дымқылдық дәретті бұза ма, жоқ па? ‒деген сұраққа, ертеректегі Ханафи ғұламаларынан ашық жауап таба алмадық. Алайда, «екі жолдан шыққан барлық нәрсе дәретті бұзады» деген қағидаға сүйеніп, қазіргі дін ғалымдарының бір сыпырасы «қынаптан бөлінетін дымқылдық нәжіс емес, бірақ, дәретті бұзады» деп отыр.

Дегенмен, медицина ғылымы дамыған мына заманда, дәрігер мамандардың анықтамаларын арқау етіп, қынаптан бөлінетін аталмыш дымқылдықтың дәретті бұзбайтындығын тұжырымдаған беделді Ислам ғалымдары да жоқ емес. Атап айтсақ, ХХ ғасырда өмір сүрген Ханафи фиқһ маманы, беделді ғалым мархұм Шейх Мұстафа Зарқа р.а. (1907-1999 ж.), сондай-ақ, атақты фиқһшы мархұм профессор доктор Уаһбату Зухайли және Түркия еліндегі «Дін істері жоғарғы кеңесі» (D.i.K.) т.б., бұлар "дәрет бұзылмайды" деген.  

Өйткені, дәрігер мамандардың анықтамасына қарағанда, әйелдердің жыныс мүшесіндегі каналдар ер адамдардікі сияқты емес. Мүлдем басқа қалыпқа ие. Қынап ‒ әйелдік жыныс мүшедегі үш қуыстың бірі. Ол ‒ зәр шығатын канал мен тік ішектің ортасында орналасқан. Сондықтан да, әйелдің қынабынан шыққан сұйықтық зәр шығатын каналға соқтығыспастан, тікелей сыртқа шығады. Зәрді немесе үлкен дәретті сау әйел керек кезінде тежеп, ұстай алады, бірақ, қынаптан бөлінген сұйықтық еріксіз келіп тұрады. Ол ‒ ақ түсті, иіссіз әрі жабысқақ болып келеді.

«Осыған қарағанда, фиқһ ғылымында таза деп саналатын қынаптан еріксіз бөлінетін əлгі сұйықтық ешқандай нәжістермен араласпай сыртқа өзінше шығатындықтан дәретті бұзбайды. Өйткені, фиқһ бойынша, тас сияқты негізі таза саналатын заттар нәжіс шығатын каналдан шыққан жағдайда, егер, ешқандай нәжіспен араласпай шыққан болса, дәретті бұзбайды делінеді. Нәжіске малынып шықса ғана, дәрет бұзылады.  

Аталмыш сұйықтық та тап солай. Егер, оған, сырқаттықтан пайда болған басқа бір сұйықтық араласып шыққан болса ғана дәретті бұзады, әрі, тиген жерін нәжіс етеді. Қазіргі ғалымдар ондай болмаса, дәретті бұзбайды дейді.

Қорытынды:

  1. Қынаптан бөлінетін аталмыш сұйықтық ‒ таза үкімінде.
  2. Бірақ, аталмыш дымқылдық, егер, мәзи, уәди немесе сырқаттықтан пайда болған сұйықтықтармен араласып шыққан болса, нәжіс саналады, әрі дәретті де бұзады.
  3. Дәретті бұзу жағына келер болсақ, егер, аталмыш сұйықтық бөлінген күннің өзінде, көбіне ішкі жақта қалып қойып, сыртқа анда-санда шығып, оқта-текте байқалатындай күйде болса, сыртта көрінген мезетте мүмкіндігінше, дәретті жаңалаған жақсы.
  4. Ал, егер, бөлінген сайын сыртында байқалып, бір намаз ішінде бірнеше рет келетіндей жағдайда болса, ол кезде «қынаптан бөлінген дымқылдық дәретті бұзбайды» дейтін ғұламалардың тұжырымына сүйенуге рұқсат.
  5. Алайда, аталмыш сұйықтық өзге бөтен сұйықтықтармен араласып шыққан жағдайда дәретті бұзады[1].

[1] Пайдаланған әдебиеттер:
     1) Ибн Ғабидин Мұхаммед Әмин ибн Омар ибн Абдуль Азиз: «Раддуль Мұхтәр». «Дарус сақафа», Дамаск-Сирия.
     2) Уәһбәту Зухайли: «Фәтәуә Муъасира». «Дәруль фикр». Дамаск-Сирия.
     3) Профессор Доктор Рахми Яран: «Kadinlardan Gelen Vajinal Akintinin Tahirligi ve Abdeste Etkisi».  
     4) Руқия бинт Мухаммед: «Мәсә’илу Хассати биль Мар’ә». Рияд-Сауд Арабиясы.
     5) «Әл-Маусуғатуль фиқһия»: «фәрж»; «рутуба»; «нәжәса».
     6) http://cinselsagligimm.blogspot.com/
     7) https://kk.wikipedia.org/wiki/
     8) http://www.health-ua.org/

Абдусамат Қасым