Ірімшікке (сыр) «телячий фермент» қосылады екен. Харам ба?
Ірімшікке (сыр) «телячий фермент» қосылады екен. Харам ба?
8 жыл бұрын 11884

Көбіне сауда орталықтарында сатылатын ірімшіктердің құрамында «телячий фермент» болады. Халал ма? Махамбет

Құрметті Махамбет, «телячий фермент» дегеніміз - жаңа туылған бұзаудың қарнынан (ұлтабарынан) алынатын ақуыз (белок) тектес органикалық зат. Мұны ұйытқы ретінде ірімшікті өңдеу процесінде қолданады екен.

Ірімшіктің негізі – сүт. Сүттің құрамы «тығыз» және «сұйық» құрылымнан тұрады. Ірімшік үшін сүттің әуелгі құрылымы керек, яғни тығыз. Ал, енді оны сүттен айырып алу үшін сүтке аталмыш фрегментті қосады. Фрегмент қосылысымен сүт қоюланып, соңында ақуыздық түйіршіктер пайда болады. Бұл түйіршіктерді - «ірімшік ұйлығы» дейміз (сырный сгусток)[1].

Шариғи тұрғыда:

Шариғаттағы үкіміне келер болсақ, Абдурраззақтың (ө.ж.х 211 ж.) «әл-Мусаннаф» атты хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта Әзіреті Омардан біреулер:

- Адамдар ірімшік өндіруде. Ірімшіктеріне өлген малдың ферментін қосады екен?» – деп сұрайды. Сонда Әзіреті Омар:

- «Бисмилла» деп, жей беріңдер» – деген екен[5]. 

Аталмыш риуаяттың арабша нұсқасында ферментке «الإِنْفَحَة-инфәхә» сөзін қолданған (көпше түрі әнәфих). Негізінен алып қарағанда арабшада «инфәхә» деп, күйісті жануардың бірнеше бөлімнен тұратын қарнының соңғы безді бөлімін атайды[2]. Қазақ тілінде оны «ұлтабар» дейді[3]. Сол ұлтабардан фермент алынады.

Ханафи мәзхабында да хайуаннан алынатын аталмыш «инфаха», яғни, фермент халал саналған. Мейлі, ол арам өлген малдан алынған болсын, мейлі адал малдан алынған болсын, үкімі бір (бірақ, шошқанікі харам)[4].

Ендеше, өзіңіз айтпақшы сауда орталықтарында сатылып жатқан ірімшіктерді аталмыш қоспа себепті (телячий фермент) харамға шығармаймыз. Ең дұрысы - Аллаға аян! 


[1] http://syrodelie.com/
[2] Әл-Мәусуғатуль Фиқһия – 40 том: инфәхә.
[3] https://kk.wikipedia.org/
[4] Имам Сәрахси: әл-Мәбсут.
[5] Әл-Мусаннаф - №8782 (8389).

Абдусамат Қасым