"Пейіште «Хор» қыздарымен жүресің, ол «зина» емес пе?" дейді. Бұған не дейсіз?
"Пейіште «Хор» қыздарымен жүресің, ол «зина» емес пе?" дейді. Бұған не дейсіз?
2 жыл бұрын 12695

Ассаләмуғалейкум! Кешегі күні фейсбук желісінен бір кісінің: «діндарлар бұл дүниеде зина жасауға болмайды дейді, бірақ о дүниеде хор қыздарымен жүресің, ол зина емес пе, шарап ішу болмайды, бірақ о дүниеде шарап беріледі делінеді» деп мысқылдапты. Оған не дейсіздер?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен мына нәрсені ескере кетелік: дін негіздерін мазақ қылу адамды кәпір етеді, егер тәубе етпесе ондай кісілердің жаназасы шығарылмайды, о дүниеде барар жері тозақ. Ал хор қыздары жайында мұндай нәрселерді (сауалдағы нәрселерді) айтушы кісіге байланысты "білместіктен айтуда, білсе айтпас еді" деп, жақсы ойда болалық.

Енді, Пейіште «Хор» қыздарының берілуі «зина» емес пе, дегенге жауап берер болсақ:

Пейіште зина ісі жоқ. Пейіштегі хор қыздар, әлдекімдердің ойлайтыны сияқты, жүргіш қыздар емес. Олар – пейіштегі кісінің жарлары болып саналады. Құранда Алла Тағала ашық түрде: «Сондай-ақ, Біз оларды (тақуаларды) хор қыздарымен үйлендіреміз» - деп айтқан[1]. Алла Тағала аятта "үйлендіреміз" деп тұр. 

Тағы бір аятта: «Онда өз ерлеріне ғана қарайтын, одан алдын ешбір адамның және ешбір жынның қолы тимеген жұбайлар бар» - делінеді[2]. Яғни, бұрын соңды ешкімнің қолы тимеген, ары таза және пейіштегі Құдай қосқан қосағынан өзгеге мойын бұрып қарамайтын жұбайлар болады. Ал енді, құдай қосқан жұбайы орнындағы хор қыздарымен қатынаста болуын қалайша «зина» деп санауға болады?! Бұл – бір.

Екіншіден – бұл дүниеде діннің бұйырған кейбір бұйрықтары мен кейбір тыйымдары, о дүниеге барғанда күшін жояды. Мысалы, пейіште құлшылық жасамайды, ораза ұстамайды, намаз оқымайды. Сол сияқты, төрт әйелден артық әйел алу тыйымы да күшін жояды деуге болады. Өйткені, хадистерге қарағанда бір ер адамға төрттен көп жұбайлар берілетіндігі айтылған. Яғни, пейіштегі мүмін кісіге осы дүниедегі өз әйелімен қоса, жетпіске жуық хор қыздары да жұбай ретінде беріледі. Бірақ өз әйелі пейіште хор қыздарынан асқан сұлу әрі хор қыздарынан дәрежесі үстем болады екен. Ал пейіште төрттен көп жұбайы болған күнә емес пе? Бұ дүниеде «төрттен артық» әйел алуды тыйған Жаратушы Иеміз, о дүниеде ол тыйымын алып тастаймын десе, өз еркі.

Қалайша бір еркектің сонша жұбайға күші жетуі мүмкін?

Осы орайда "Қалайша бір еркектің сонша жұбайға күші жетуі мүмкін?" - деуіңіз мүмкін. Оған таң қалатын түгі жоқ. Пейішке кіретін кісінің бойы алпыс зираъ, яғни, шамамен отыз метр ұзындықта, өте сұлу әрі жасы отыз үште болады. Олар ешқашан қартаймайды. Енді осындай отыз метірлік алып денесіне сай күш-қуат та берілетіндігі сөзсіз. 

Ендеше, пейіштегі хор қыздарының пейіштегі ер адамға берілуі зина болып саналмайды, өйткені олар оның құдай қосқан жарлары болып есептеледі. Жарымен қатынас жасаудың «зина» еместігі баршаға аян. 

Пейіштегі шарап

Екінші сауалыңызға келсек:

Пейіште біз білетін арақ-шарап сияқты алкогольді ішімдіктер болмайды. Пейіштегі шараптардың осы дүниедегі шараптардан бір айырмашылығы, олар мас қылмайды, әрі басты ауыртпайды. Бұған қатысты Құранда былай делінеді: «Ол шарапта бас ауыртушы ерекшелік жоқ, әрі олар одан мас болмайды»[3]. 

Екінші айырмашылығы - Пейіштегі шараптардың дәмі тәтті болады. Бұл жайында Құранда: «...Және де ішкен адамдардың тілін үйірер тәп-тәтті шараптан өзендер бар...»[4].

Үшінші айырмашылығы - Пейіштегі шараптың түсі сүттен де ақ болады. «Түсі аппақ. Ішкен адамдарға тәп-тәтті...»[5]

Демек, пейіште шарап беріледі делінгенімен, олар – мас етуші сипатта болмайды екен және құстырмайды екен, басты ауыртпайды, әрідесе, еш зиянсыз бейнебір тәп тәтті, бойға сіңімді сусын іспетті болады[6]. Сондықтан да, Құран аяттарындағы «пейіште шарап беріледі» деген сөзге қарап, ол жақта да арақ беріледі екен деп түсіну қате.

Сөз соңында айтарымыз, біздердің міндетіміз - пейіштегі хор қыздарының жағдайын талқылау емес, сол пейішке кірудің жолын іздеу болу керек. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 

[1] Құран Кәрім: «Дұхан» сүресі, 54 аят.
[2] Құран Кәрім: «Рахман» сүресі, 56 аят.
[3] Құран Кәрім: «Саффат» сүресі, 47 аят.
[4] Құран Кәрім, «Мұхаммед» сүресі, 15 аят.
[5] Құран Кәрім: «Саффат», 46 аят.
[6] Толығырақ: «Осы дүниедегі шарап пен жәннәттағы шараптың айырмашылығы бар ма?» атты жазбамыздан оқи аласыздар.

Абдусамат Қасым