«Қабір басында «Там байғазы» деген ырым пайда болыпты. Бұған не дейсіздер?
«Қабір басында «Там байғазы» деген ырым пайда болыпты. Бұған не дейсіздер?
10 сағат бұрын 343

Біздің Маңғыстауда садақаны (құдай тамақ) модаға айналдырып жіберген сияқты. Жетісі, қырқы, жүздігі, жылы – бұлар боса да жасалады. Бұларға қосып, «там байғазы» деген тағы бір нәрсені шығарып алған. Бүкіл адамды қабірдің басына жинап, «тамы құтты болсын» деп, құдалықтағыдай бағалы зат таратады салтанатты түрде. Жерге түскен күні деп тағы садақа (құдай тамақ) жасайды. Бармасаң бақабит деп шығады. Анон.

Құрметті сауал жолдаушы!

Сіз айтып отырғандай «там байғазы» деген ырымның шариғатта негізі жоқ. Тіпті шариғатқа қайшы іс. Шариғи тілмен айтқанда «бидғат». Алла елшісі өзінің бір сахих хадисінде былай деген: «Кім біздің осы ісімізде онда жоқ бір дүниені кіріптар ететін болса, ол қабыл етілмейді» деген1. Дініміз бойынша, қабір басында кішігірім уағыз айтылады, Құран оқылады, оған қосымша «тәһлил амалын» орындаса болады. Ал бейнебір жаңа пәтерге қоңыстандырғандай қабіріне құтты болсын айту деген ақылға да сыйымсыз, дінге де кереғар тірлік. Ал қабір басында бағалы зат тарату бекер мал шашпақ болмақ. «Ырым етер, кейде қырың кетер» демекші, неше түрлі ырым-салтты көбейтіп, жерлеу рәсімін қиындатудың қажеті жоқ. Ең дұрысы – шектен шықпай, шариғат реттеген жоралғы бойынша атқарған жөн.

Алла Тағала тауфиқ, һидаятынан айырмасын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

1Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».

Абдусамат Қасым