Темекі, насыбай дәретті бұза ма?
Темекі, насыбай дәретті бұза ма?
2 жыл бұрын 42314

Әссәләму алейкум, баршаңызға! Аллаһ екі дүниеде абырой берсін! Темекі және насыбай жайында сұрайын деп едім. Дәретті бұза ма, жоқ па? Ішке кірген нәрсе емес, сыртқа шыққан нәрсе дәретті бұзады деп оқып едім. Бұзатын болса оған қандай дәлел бар? Егер бұзбайтын болса оған да қандай дәлел келтірсек болады? Аллаһтың амандығы болсын сіздерге! Мейіржан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, сіздің айтып отырған ережеге ұқсас, сахаба Абдулла ибн Мәсъудтың мынадай сөзі бар. Ардақты сахабадан мынадай сөз жеткен:

عن عبد الله بن مسعود - رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ - قال إنما الوضوء مما خرج وليس مما دخل والفطر في الصوم مما دخل وليس مما خرج 

«Дәрет – ішке кірген нәрсе себепті емес, шыққан нәрсе себепті керек. (Керісінше) Оразада ауыз ашу (оразаның бұзылуы) – шыққан нәрсе себепті емес, ішке кірген нәрсе себепті болады»[1].

Сахабаның «дәрет - шыққан нәрсе себепті керек...» дегендегі сөзін –«шыққан нәрсе нәжіс болса...» деп ұғамыз. Сондықтан да, денедегі жарақаттан қан немесе ірің ақса дәрет бұзылады, себебі қан да, ірің де нәжіс саналады.  

Темекі мен насыбайға келер болсақ, бұл екі нәрсені пайдалану дінімізде күнә саналғанымен, бұлар дәретті бұзбайды.

Біріншіден - өзіңіз айтпақшы, дәретті іштен сыртқа шыққан нәрселер бұзады, ішке түскен нәрселер дәретті бұзбайды (бірақ оразаны бұзады). Сондықтан да, темекіден дәрет бұзылмайды, өйткені түтін ішке кетеді (бірақ, темекі оразаны бұзады). Насыбай жұтылмайды, жұтылса да ол дәретті бұзбайды (бірақ насыбай жұтылса оразаны бұзады). Тіпті, біраз тұрпайы естілсе де, мысал ретінде айталық: арақ татып алған болса да дәрет бұзылмайды дейміз. Әрине, арақ жұтқаннан кейін, өзге дәрет бұзатын жағдайлар туындаса, ол кезде дәрет бұзылады, мысалы, құсса, ұйықтаса, есін жоғалтса т.б., бірақ дәл арақты татқаны - дәретті бұзатын себеп емес. (Бұл жерде, арақ іше беруге болады деп тұрғанымыз жоқ, мұны мәселені аша түсу үшін айтылған мысал деп түсінгендеріңіз жөн).

Екіншіден –  «іштен шыққан нәрселер бұзады» деген кезде, ойға мынадай сауал келеді: Темекінің де түтіні іштен қайта шығарылады ғой? Дәретті бұзбай ма? - деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұған айтарымыз: іштен шыққан нәрсе, егер нәжіс болса, дәретті бұзады, ал нәжіс болмаса дәретті бұзбайды. Мысалы, қан, ірің, ауыз толы құсық, бұлар - нәжіс. Сондықтан дәретті бұзады дейміз. Ал түкірік, қақырық, терлегенде шығатын тер, бұлар – нәжіс емес, сондықтан дәретті бұзбайды. Солар сияқты, темекінің түтіні де нәжістер қатарынан емес, сол себепті, ішке тартып, қайта сыртқа шығарылған түтін, іштен шығып тұрса да дәретті бұзбайды.

Үшіншіден - дәретті бұзатын жағдайлар белгілі[2]. Оның бәрі Құран аяттары мен хадис шарифтерден және қияс жолымен бекітілген үкімдер. Аят-Хадистерде көрсетілген жағдайлардан өзге, қисынсыз түрде өзіміздің тарапымыздан дәрет бұзатын жағдай қоса алмаймыз. Өйткені, намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты, дәрет үкімдері де тек Құран аяты мен хадис шәрифтерге және сол екеуінен шығарылған ережелер мен қағидаттарға сүйенеді. Ал, хадис шәрифтерде темекі мен насыбайдың дәрет бұзатыны жөнінде айтылмағаны белгілі және ол екі нәрсенің дәрет бұзатындығын білдірер шариғатта қисын жоқ.

Төртіншіден - бірде-бір дін ғалымы темекінің дәрет бұзатынын айтпаған...

Тоқ етерін айтқанда, темекі мен насыбай дәретті бұзбайды, бірақ денсаулықты бұзады. (Темекі мен насыбайдың үкімі жайында төменде көрсетілген сілтемелерден біле аласыздар).


[1] Абдурраззақ: «әл-Мусаннаф». «Мауқуф» хадис.; Даруқутни.
[2] Дәретті бұзатын жағдайлар жайында мына сілтемеден оқи аласыз: https://www.islam.kz/ 

Абдусамат Қасым