Өрт сөндіруші намаз оқып тұрғанда дабыл қағылса, намазын бұзуына бола ма?
Өрт сөндіруші намаз оқып тұрғанда дабыл қағылса, намазын бұзуына бола ма?
5 жыл бұрын 5429

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Бір сауалым бар еді. Мен өрт сөндіруші қызметінде істеймін. Жұмыста жүріп намаз оқимын. Сонда дабыл қағылғанда намазды тастап жүгіріп кетсем бола ма, егер аяқтап үлгермесем?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи фиқһ кітаптарында: «Өртте қалған адамды құтқару үшін намазын бұзу - парыз»[1] - делінген. Сіздің жағдайды да осыған жатқызсақ болады. Намаз оқу барысында дабыл қағылса, намазыңызды үзуіңіз күнә емес.

Және де сіздікіндей қауырт жұмыста істейтін кісіге уақыттың тығыздығы себепті намаздың тек парызын ғана оқып, сүннеттерін оқымауына рұқсат. Осылайша, қазаға қалдырғаннан гөрі тым болмағанда парызын уақтылы оқып алған жөн. Ал, жайшылықта намаздың сүннеттерін де тастамай оқу керек.


[1] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтәр – 4/190 бет.

Абдусамат Қасым