Таң намазының сүннеті оқылмаса, парыздан кейін немесе күн шыққаннан соң оқуға бола ма?
Таң намазының сүннеті оқылмаса, парыздан кейін немесе күн шыққаннан соң оқуға бола ма?
7 жыл бұрын 34476

Әссәләмуғалейкум! Оразаларыңыз қабыл болсын! Сұрағым: мешітке келгенде жамағат таң намазының парызын оқып жатыр еді. Имамға ұйып таң намазының парызын оқыдым. Енді таң намазының 2 рəкат суннетін қалай оқимын? Айдын

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Таң намазына мешітке келген кезде имам парызға бастап қойған болса, қарайды: егер, парыз аяқталмай тұрып имамға ұйып үлгерем деген ойы басым түссе, онда мешіттің бір бұрышында екі рәкәғат сүннетін оқиды да, үлгерген жерден имамға ілеседі. Риуаяттарға қарағанда сахаба Әбу Дәрда (р.а.) бір күні таң намазына мешітке кірсе, жамағат парызды бастауға сап құрып жатыр екен. Сонда ардақты сахаба мешіттің бір бұрышында екі рәкәғат сүннетті оқып алып, содан кейін жамағатқа келіп қосылған екен[1].

Ал, сүннетті оқып болам дегенше имам парызды аяқтап қоятындай болса, ол жағдайда сүннетті оқымай бірден жамағатқа қосылады. Осы тұрғыда, ол сүннетті парыздан кейін оқыса бола ма? – дегенге келсек, парыздан кейін күн шыққанша сүннет оқылмайды. Мұнда Ханафи ғалымдары арасында, талас жоқ.

Алайда, күн шыққаннан соң да Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Әбу Юсуф (р.анһума) оқылмайды десе, Имам Мұхаммед кейбір хадистерге қарай отырып «зәуәл уақытына дейін оқып алуы менімше, абзалырақ» деген. Себебі, Имам Тирмизидің хадис кітабында келтірілген бір риуаятта Алла елшісі (с.а.у.):  «Кімде-кім, таң намазының екі рәкәғатын оқымаса, ол екеуін күн шыққаннан соң оқып алсын», - дейді[2].

Тоқ етерін айтқанда, таң намазының сүннеті оқылмаған жағдайда Ханафи мәзхабында сол күйінше оқылмайды. Өйткені, таң намазының сүннетін парыздан кейін оқу - мәкруһ. Күн шыққаннан кейін де өтелмейді, өйткені өзге сүннеттер секілді оның да өз алдына қазасы жоқ (оның қазасы тек парызымен бірге). Дегенмен, күн шыққаннан соң оқыған адамға күнә жазылмайды, тек онысы Әбу Ханифаның көзқарасында «нәпіл» намазға есептелсе, Имам Мұхаммед бойынша сүннет намаз саналады[3]. Алла оларды өз рақымына бөлесін! 


[1] Имам Тахауи: Әсәрус сүнән; Таханәуи: Иълә*әс сүнән - №1839 хадис. 5/136 бет.
[2] Имам Тирмизи - №423 хадис.
[3] Хашияту ибн Ғабидин – 4/405-406 б. 

 Абдусамат Қасым