Діннен шығарар бір сөз айтса, оразасы бұзыла ма?
Діннен шығарар бір сөз айтса, оразасы бұзыла ма?
2 жыл бұрын 2140

Діннен шығарар бір сөз айтса, оразасы бұзыла ма?

Кім Рамазан айында ораза ұстап жүріп діннен шығарар бір сөз айтса, мысалы, Құдайға тіл тигізсе, пайғамбарлар мен періштелерді мазақ қылып, келекеге айналдырса, дінді балағаттаса т.б.,  оның сол күнгі оразасы бұзылады. Құран Кәрімде Алла Тағала былай деген: «Кім иманға күпірлік етсе, оның амалы жойылады» - деген[1].  Осы аятта «Иманға..» дегені – «иман етілу керек нәрселерге күпірлік қылса...» деген мағынада.

Ендеше, діннен шығарар бір сөз айтқан кісінің ниеті бұзылатындықтан, тұтқан оразасы да бұзылады. Егер қайта тәубеге келгісі келсе, шәһәдат сөздерін айтып, Құдайдан кешірім тілеуі тиіс. Және де сол күнгі оразасының бір күндік қазасын Рамазаннан кейін өтеуі керек[2]. Бұл жайында Ханбали ғалымы Ибн Құдама былай деген:

«Аузы берік сәтте діннен шыққан кісінің оразасы бұзылатындығына қатысты ғалымдар арасында екі ұдай пікір кездеспеген. Егер ол адам қайта Исламға оралып жатса, сол күнгі оразасының қазасын өтеп алуы тиіс...»[3].

 Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Құран Кәрім: «Маида» сүресі, 5 аят.
[2] Атыйя Сақр: «Ахсануль Кәләм филь Фәтәуә уәл Әхкәм». 4\637 бет.
[3] Ибн Құдама: «әл-Муғни».

Абдусамат Қасым