Мұсылман емес адамнан өсімге қарыз алуға немесе оған өсімге қарыз беруге бола ма?
Мұсылман емес адамнан өсімге қарыз алуға немесе оған өсімге қарыз беруге бола ма?
5 жыл бұрын 4463

Ассаламуғалейкум! "Мұсылман мен кәпір арасында өсім жүрмейді" дейтіндер бар. Яғни, харам болмайды екен. "Анық кәпір екенін білсен, одан өсімге ақша алсаң болады" деп жүр кей бауырларымыз. Сол туралы шариғат бойынша біраз талдау жасап жіберсеңіз! Мансур. 

Асаламуғалейкум! Қазақстан сияқты халқының жартысы мұсылман емес елдерде "Банкте депозит ашу жайыз, яғни рұқсат етілген дейді, рас па? Шахан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қағида бойынша, «Даруль Исламда», яғни мұсылман жеріндегі діні бөтен кісіге, мейлі ол сол елдің азаматы болсын, мейлі өкіметтің қорғауындағы келісіммен сауда жасау үшін келген болсын, өсімге қарыз беруге де, одан өсімге қарыз алуға да болмайды, үкімі - харам. Мұнда Ислам ғалымдарының ижмасы бар.

Ал, «Даруль харбте», яғни «Соғыс өлкесінде», басқаша айтқанда «жау кәпір жері», бұндай өлкеде діні бөтен, кәпір адаммен өсімге қарыз алысып-берісуге Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша және Имам Мұхаммед бойынша рұқсат. Өйткені, «сиқа» атағына лайық Мәкхул есімді табиғин ғалымнан жеткен «мүрсәл» хадисте Алла елшісі: «Даруль харбте мұсылман мен даруль харб жұртшылығы арасында өсім жоқ» деген екен[1].

Бірақ, Ханафи ғалымдарынан Имам Әбу Юсуф және өзге үш мәзхаб ғұламалары «даруль харбте» болса да, өсім харам деген. Бүгінгі дін ғалымдарының басым көпшілігі осы пәтуаны негізге алады. Ал, Имам Ағзамның тұжырымын арқау етіп, өсімге рұқсат берген бірен-саран дін ғалымдарының уәждері талқыға салынып, негізсіз деп таңылған.

Имам Ағзам Әбу Ханифаның (Алла одан разы болсын) пәтуасын негіз етіп алған күннің өзінде , біздің еліміз – «Даруль Ислам», яғни «Мұсылман елі».  Ал, жеріміз о бастан – мұсылмандардың жері. Бұл жер - өздерін мұсылман санаған, мұсылманша тәрбиеленіп, мұсылманша хат таныған, өлгендерін мұсылманша жерлеген ата-бабамыздың аманаттап жеткізген жері. Олай болған болса, біздің елде мұсылманмен де, мұсылман емеспен де өсімге қарыз алысып, берісу - харам әрекет. Ал шет елдік банк жүйелері, қанша шет елдік болса да, олар елімізге келісіммен әрі өкіметтің қорғауында сауда жасауға келгендер. Олардан да өсімге несие алуға рұқсат жоқ, тек мәжбүр қалғанда болмаса.

Діні бөтен Европа жерлерінде өсімге несие алуға бола ма?

Бүгінде Европа елдері - «Даруль харб» емес, «Даруль ъаһд» (دار العهد) өлкелері саналады. Яғни, өзара достық қарым-қатынаста болуға келісім жасасқан елдер. Бәріңізге белгілі, өткен ғасырда «Біріккен Ұлттар Ұйымы» құрылған тұғын. Бұл ұйымға әлемдегі екі жүзге жуық (192) елдері мүше. Олардың бәрі бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздік сақтауға, достық қарым-қатынастарды дамытуға, адам құқығын құрметтеуге және осы мақсаттарға жұмыла ат салысуға келісім жасасқан. Ендеше, Әбу Ханифа бойынша да діні бөтен Европа жерлерінде мұсылманның «өсім» жеуіне, не өсім жегізуіне рұқсат жоқ деуге негіз бар[2].

Тоқ етерін айтқанда, мұсылман болсын, кәпір болсын өсімге ақша алуға да (яғни, өсім жегізуге), өсімге ақша беруге де (яғни, өсім жеуге) діни тұрғыда рұқсат жоқ. Ал "діні бөтен болса болды, өсімге қарыз ала беруге болады" деген сөз - асығыс айтылған уәж.

Банктерден несие рәсімдеудің де үкімі діни тұрғыда харам. Тек, аса зәру жағдайларда ғана кей ғалымдар рұқсат деген. 

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Имам Сәрахси: әл-Мәбсут – 14/56 бет.
[2] Уһбату аз-Зухайли: Фәтәуа муасыйра. Дамаск-Сирия. 100 бет.

Абдусамат Қасым