"Уа, Балам! Рухты кемелдендіру жолында ыждағат қыл...": Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (5)
"Уа, Балам! Рухты кемелдендіру жолында ыждағат қыл...": Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (5)
2 жыл бұрын 2901
Аударған Абдусамат Қасым

УА, БАЛАМ!

Рухты (кемелдендіруге), нәпсіні жеңуге, денені өлімге әзірлеуге ыждағат қыл. Өйткені, (ақырғы) мекенің – қабір. Қабір жұртшылығы «қашан келер екен» деп сені әр сәтте күтуде. Әсте ол жаққа (ақыреттік) азықсыз барма! Әбу Бәкір Сыддық (Алла оған разы болсын) былай деген:

«Адамның денесі – не құс торы іспетті, не малдардың қорасы сияқты»[1].

Ендеше өзіңді ойлап қарашы, сен ол екеуінің қайсысың? Егер биікке самғайтын құстардың бірі болсаң, «Раббыңа қайт!» деген дағыра (әмірінің) үнін естіген кезіңде биікке самғап ұшып, пейіштегі ең биік мұнараға барып қонасың (пейішке тұрақтайсың). Құдды Алла елшісінің (Саъд ибн Мұғазға қарасты): «Саъд ибн Мұғаздың өлімі себепті Рахман Алланың аршы (қуаныштан) тербетілді» - деп айтқаны секілді[2]. (Яғни, Ибн Мұғаздың рухына арш шаттанып, тебіренді, себебі Алланың аршы - бақытқа кенелген рухтардың орны).

Алайда, Алла Тағала (Құранда): «Олар мал сияқты, тіпті олар малдан да қатты адасқан» дегені секілді, егер жануарлардан бір жануар болсаң, Алла сақтасын, онда дүниеден қайтқанда, тура тозақтың түбіне барудан аман қалмайсың.

Риуаяттарға қарағанда, Хасан әл-Басриге (Алла Тағала оны рахымына бөлесін) ішуге бір кесе салқын су береді. Кесені қолына алғаны сол екен Хасан әл-Басри есінен танып, қолындағы кесесі жерге түседі. Ес жиіп, өз-өзіне келген заматта қасындағылар одан:

- Уа, Әбу Саъид, сізге не болды? – деп сұрайды. Сонда ол:

- (Құран аятында баяндалған) тозақтағылардың пейіштегілерден өтініп сұрайтын мына бір сөздері ойыма келді: «Бізге де судан құйсаңдаршы немесе Алла берген ризықтан бізге де берсеңдерші»[3], - деп жауап берген екен[4].

УА, БАЛАМ!

Егер де білімнің құр өзі ғана жеткілікті болып, одан басқа ізгі істерді істеу қажетсіз болғанда, Алла Тағаланың: «Менен тілейтін тілеуші бар ма?», «Менен кешірім сұраушы бар ма?», «Тәубе етуші бар ма?» деген үндеуі босқа айтылған пайдасыз сөз болып қалар еді.

Риуаятқа қарағанда, бір топ сахаба (Алла оларға разы болсын) Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәләм) жанында Абдулла ибн Омар жайында мақтап сөз етеді. Сонда Алла елшісі: «Неткен керемет жан! Және қосымша түнде тұрып намаз оқитын болғанда (мүлдем керемет болар еді!)» - дейді[5]... Жалғасы бар...

Имам Ғазалидің «Әюһәл Уәләд» («Уа, балам») атты кітабынан. (Араб тілінде).  


[1] Құран Кәрім, «Ағраф» сүресі, 179 аят.
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №3803 хадис.
[3] Құран Кәрім: «Ағраф» сүресі, 50 аят.
[4] Әбу Наъим: «Хилятуль Әулия».
[5] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».

0 пікір