Екі қыздың оразасы (ғибрат)
Екі қыздың оразасы (ғибрат)
10 ай бұрын 3083

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір күні сахабаларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай деп қатаң ескерту жасады:

– Мен рұқсат етпейінше кешке ешкім ауыз ашпасын!

Елдің бәрі жаппай ауыз бекітіп, ораза ұстады. Кеш түскенде жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алып жатты. Дәл осы тұста бір кісі жақындап келіп:

– Уа, Расулулла! Екі қызым күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, ауыздарын ашса, жақсы болар еді, – деп өтініш білдірді.

Алайда, рұқсат берілмеді.

Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрады. Үшінші рет келгенде пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

– Өкініштісі, олар бүгін ораза ұстаған жоқ. Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып ғайбаттаған) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып тастасын, – деді.

 Әлгі кісі мұны қыздарына айна-қатесіз жеткізді. Олар бұйрықты орындап, өздерін күштегенде кесек-кесек қан құсып жіберді. Әлгі кісі келіп бұл жайды пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) білдіргенде, ол:

– Құдіреті күшті Алла тағалаға ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамағанда, тозақта күйдіретін от асаған болар еді, – деді. 

Иә, тек қарынға ғана емес, тілге де, көзге де, аяққа да, қолға да ораза болса, сонда ғана ол нағыз ораза болмақ екен[1].


[1] Н. Анарбаев, Е. Қарақұлов, «Ораза теңдесіз құлшылық». Алматы-2012, «Көкжиек» баспасы.

0 пікір