"Ақшаны жеп қойды" деп даулаған адамның дауын Әзіреті Әли қалай шешті?
"Ақшаны жеп қойды" деп даулаған адамның дауын Әзіреті Әли қалай шешті?
6 ай бұрын 2332
Абдусамат Қасым

Әзіреті Әлидің заманында бір кісі өлер алдында екінші бар адамға 1000 алтын динар ақшаны табыстайды. Табыстап жатыпп:

- Мына мың динардың ішінен қалаған соманы садақаға бер, - деп өсиетін айтып кетеді.

Алайда, ақшаны алған адам мың динардың ішінен тек жүз динарын ғана елге садақа қылып береді де, қалған тоғыз жүз алтын динарды өзіне алып қалады. Оның мұнысын біліп қойған садақа алушы адамдар әлгі кісінің ынсапсыздығына ренжіп, Әзіреті Әлиге барады. Әзіреті Әлиге барып, бар жағдайды айтады да, жиналған адамдар:

- Тым болмағанда бізге жарымын берсін, ал жарымын өзі ала қойсын! - дейді.

Әзіреті Әли әлгі адамға қарап:

- Әділ ұсыныс, - деп айтады қанағаттылыққа шақырып. Бірақ әлгі адам ынсапқа келмей:

- Жоқ, маған ақшаның иесі айтқан: «қалаған сомаңды садақаға бер» деген, - деп қоймайды.

Сонда Әзіреті Әли оған:

- Олай болса, сен өсиет еткен кісінің атынан тоғыз жүз динарды садақаға беріп, қалған жүз динарды өзіңе қалдыр, - дейді.

Әлгі кісі:

- О, неге? - деп сұрайды түсінбей.

Әзіреті Әли:

- Өйткені, ақшаның иесі саған «қалаған сомаңды садақаға бер» деп өсиет етті емес пе? Сенің қалаған сомаң қанша? «Тоғыз жүз» динар. Демек, адамның өсиетіне сай сен тоғыз жүз динарды садақаға беріп, қалғанын өзіне қалдыруың тиіс, - деп түсіндірген екен1. Осындайда қазақтың: "ынсап сайын береке!" деген аталы сөзі еске оралады. 


1  Ибн Қаюм: «ат-Туруқуль Хукмия фи саясәтиш шәръия».

0 пікір