Әсмә (р.а.) анамыздың әңгімесі
Әсмә (р.а.) анамыздың әңгімесі
9 жыл бұрын 5116

Хазірет Әсмә (р.а.) анамыз бір естелігін былай баяндайды:

“Зүбәйірмен жаңа отау құрған кезіміз. Жұпыны ғана үйімізде шаруаға жарайтын жалғыз атымыз болды. Ат әбзелдерін безендіріп тігіп беретінмін. Арасында егістікке барамын, жеміс-жидек, көкөніс, құрма жинап, атқа өңгеріп үйге әкелетінмін. Үй ішімен қатар, бұл жұмыстарды да қоса атқаратынмын. 

Көршім иудей еді. Бірде үйінің алдынан өтіп бара жатып, олардың қой сойып, етін баппен пісіріп жатқанын көрдім. Аяғым ауыр, етке жерік кезім. Еттің иісі мұрнымды жарып барады. Кенет бір ой келді: “Оттық сұрап барсам, етінен дәм ауыз тигізер ме екен” – деп, көршінің үйіне беттедім. Көршім оттық беріп шығарып салды. Әлгі еттің иісіне құмарлығым басылар емес. Екінші мәрте оттық сұрап кірдім. Көршім тағы да оттық беріп шығарып салды. Еттің иісі мені қатты тартқаны сонша, еріксіз үшінші рет оттық сұрап бардым. Бірақ онымнан түк шықпады. Қатты жабырқап үйге жеттім. Өз-өзімді ұстай алмай көп жыладым. Бірақ тағдырға налымадым. Мүмкін осы себепті Аллаға тілегім жеткен болар. Осы кезде әлгі көрші әйелдің күйеуі келіп: “Үйге кім келді?” – деп сұрайды. Әйелі менің үш рет оттық сұрап барғанымды айтады. Сол кезде күйеуі: “Ол кісі етке жеріктіктікпен қайта-қайта келген болар. Айта алмай кеткен ғой. Сен ол кісіге еттен апарып бер, әйтпесе мен бұл етті ауызға алмаймын”, – деді. Кенет есік қағылды. Көрші әйел асқан етінен бір табақ әкеліп, алуымды өтінді. Өз көзіме сенер-сенбесімді білмей абдырап қалдым. Алғысымды жаудырып, піскен етті асыға дастархан үстіне қойдым. Алланын жіберген рызығына шүкір етіп, сол жолы тойғанымша жеп, бір құмарымнан шықтым. Сірә, дәл сол еттей дәмді ет жемеген шығармын. Осындай күнді де бастан өткергеніміз есімде”.

0 пікір