Әзіреті Омар және зағип кейуана (ғибрат)
Әзіреті Омар және зағип кейуана (ғибрат)
5 жыл бұрын 3663

Мәдина қаласының шет жағында орналасқан бір шағын үйде бір зағип кейуана өмір сүріпті. Дүниелік мал-мүліктен тек бір қойы, бір шелегі және тозығы жеткен пальма жапырағынан жасалған төсеніші ғана бар екен. Мұқтаж жанға жәрдем қолын созуды қалт жібермейтін Әзіреті Омар әжейге келіп, күнде кешқұрым суын тасып, отынын жинап, үйін жинап, сыпырып-сиырып тұруға уәделесіпті. Осылайша күнде кешке кейуананың үйіне келіп, үй шаруасын жасап беріп тұрыпты.

Күндердің күнінде Әзіреті Омар әдетінше әжейдің үйіне келсе, үй іші жинаулы, реттеулі тап-тинақтай болып тұрғанын көреді. Басқа біреу одан бұрын келіп, әжейдің үй шаруасын тыңдырып кеткендігін бірден ұғады. Келесі күні кешке келсе, тағы үйі жинаулы, суы тасулы, отыны жинаулы екен. Үшінші күні келсе тағы сондай. Содан оның кім екенін білгісі келген  Әзіреті Омар ертесіне сол үйге жақын бір жерде жасырынып отырады. Біраз уақыт өткеннен соң қараса, бір ер адам кейуананың үйіне келіп, есігін қағады да ішке кіреді. Сөйтсе ол ер адам Әзіреті Әбу Бәкір Сыддық екен. Ол кезде ол халифа тұғын.

Әзіреті Омар жасырынған орнынан шығып, жан досы Әбу Бәкірдің бұл қылығына тәнті болған күйі үйіне қайтқан екен.  

Пайғамбар мектебінен шыққан саңлақ сахабалардың бұл істеріне таңданбау мүмкін емес. Ардақты Алла елшісі қысқа уақыт ішінде (23 жыл) тарихта бұрын-соңды кездеспеген ізбасарлар тәрбиелеп қалдырған еді. Олар Алла елшісінің теңдесіз тәлімін одан әрі халыққа сөз жүзінде де, іс жүзінде де насихаттай білді. Сахабаларды пайғамбарымыз жұлдызға теңеген тұғын. Шынында да, олардың әулиеліктеріне қарап, адамгершіліктері мен істеген істеріне қарап: «жұлдыз десе, жұлдыз екен» демеске шара жоқ. Алла олардан разы болсын! О дүниеде сахабалармен көрші тұруымызды жазсын!

Араб тілінен аударған:  islam.kz

0 пікір