Сахаба Абдулла ибн Омардың түсі
Сахаба Абдулла ибн Омардың түсі
3 жыл бұрын 2953

Хазірет Омардың баласы Абдуллаһ (Алла ол екеуінен разы болсын) жастық шағында көрген түсін былай баяндайды:

«Мен де өзгелер секілді Пайғамбарымызға (а.с.) көрген түсімді айтып, жорытқым келетін. Бірақ, өкініштісі оған айтатындай түс көрмейтінмін. Бойдақ болғандықтан кей күндері мешітте түнеп жүрдім. Бір түні есте қаларлықтай қорқынышты түс көрдім. Екі қолымнан ұстаған екі періште жетектеп шөлге алып келді. Әлгі жерде қазылған бір терең құдық көрдім. Құдық ішінде алаулап от жанып жатыр екен. Айналасында келушілерді күтетін тастармен қаланған екі орын бар. Сол жерге Құрайыш тайпасынан біреулер келіп сол отты күтіп тұрғандай болып көрінді. Мен жалыны лапылдаған, қызыл тілді оттан қатты қорқып:

-  «Уа, Раббым! Тозақтың отынан сақтай гөр!» – деп жалбарына бастадым. Қатты қорыққаным соншалық, бұл дұғамды үш мәрте қайталадым.

Сонда бір періште келіп:

- «Қорықпа, қорықпа!» – деп қайталады. Періштенің бұл сөзі мені біраз тыныштандырды. 

Сол сәтте оянып кеттім де, көрген түсім туралы көп ойландым. Хафса әпкеме көрген түсімді айтқан едім, ол түсімді қаз-қалпында Аллаһ елшісіне жеткізіпті. Көңіл қоя отырып тыңдаған  Пайғамбарымыз (с.а.с):

- «Абдуллаһ – жақсы жігіт. Шіркін, түнде тұрып біраз намаз оқыса ғой» – депті.

Бұл хадисті келтірген кітаптарда: «Осы оқиғадан кейін Абдуллаһ түнде тұрып намаз оқуды күнделікті әдетке айналдырды. Түнде аз ұйықтап, көп намазға берілетін болды» – делінген[1].


[1] Нұрлан Сайлауұлы, Еркебұлан Ыбырайымұлы, «Намаз – діннің тірегі». «Көкжиек» баспасы, Алматы-2015 ж.

0 пікір