Сахабаны қарақшыдан құтқарып қалған дұға (оқиға)
Сахабаны қарақшыдан құтқарып қалған дұға (оқиға)
7 ай бұрын 4780
А. Қасым

Кейбір риуаят кітаптарында сахаба Әнәс ибн Мәліктен жеткен деп келтірілген мынадай бір оқиға әңгімеленеді.

Әбу Миъләқ (ابو معلق) есімді сахаба болыпты. Ол сауда кәсібімен айналысады екен. Өзінің саудасын да, өзгенің саудасын да жүргізіп, алыс сапарларға шығатын көрінеді. Тақуа, адал жан болған.

Күндердің бірінде әдеттегінше сапарлап бара жатқан кезінде алдынан бір қарулы ұрлықшы шығады. Ол:

- Нең бар болса, бәрін бер! Сөзсіз жаныңды алушымын! - дейді.

- Мені өлтірудің қажеті жоқ. Сені қызықтыратын менің дүнием емес пе?! - дейді сахаба.

- Сенің дүниең онсыз да менікі, бірақ мен сенің жаныңды алғым келіп тұр, - деп жауап береді қарақшы. Сонда сахаба қарақшыға қарап:

- Олай болса, маған рұқсат бер, төрт рәкәғат намаз оқып алайын, - дейді. Ол: «Қалағаныңша оқы!» - деп рұқсат береді.

Сахаба дәретін жаңалап, төрт рәкәғат намаз оқиды да артынан былай деп дұға жасайды: 

(يا وَدُودُ، يا ذا العرشِ المجيدِ، يا فعَّالُ لِما يريدُ، أَسأَلُكَ بِعِزِّكَ الذي لا يُرامُ، ومُلكِكَ الذي لا يُضامُ، وبِنُورِكَ الذي مَلأَ أركانَ عَرشِكَ، أن تَكفِيَنِي شَرَّ هذا اللِّصِّ، يا مُغيثُ أَغِثنِي، ثلاثَ مِرار)

Транскрипциясы:

«Йә, Дәуду! Йә, Зәльъаршиль Мәжид! Йә, Фәъъәлу лимә юрид! Әс-әлукә биъиззәтикә әлләзи лә юром, уә мүлкикә әлләзи лә юдом, уә бинурикә әлләзи мәлә-ә әркәнәль ъаршик - ән тәкфияни шәрро һәзәл-лыйсс! Йә, муғису, әғисни!»

Осы дұғаны сахаба үш рет қайталап оқиды. Әлгі дұғаны оқығаны сол екен, бір атты жауынгер найзасын атының құлағының ортасына қойып, қарақшыға беттеп келе жатады. Қарақшы да оны көре салып, оған қарай ұмтылады, атты адам оны найзасымен түйреп, өлтіреді.

Кейін сахабаға келіп:

- Тұр! - дейді.

Сахаба: 

- Анам да, әкем де сенің жолыңда құрбан болғыр, сен өзің кім боласың? Бүгін Алла Тағала мені сен арқылы аман алып қалды! - дейді сахаба.

Сонда періште:

- Мен төртінші аспандағы періштелердің бірімін. Сен дұғаңды бірінші оқығаныңда пейіштің есіктері сарт етіп жабылғанын естідім. Дұғаңды екінші мәрте оқығаныңда аспан иелерінің шуылын естідім. Дұғаңды үшінші рет оқығаныңда маған: «мына дұға тығырыққа тірелген адамның дұғасы» делінді. Сосын мен Алла Тағаладан қарақшыны өлтіруімді рұқсат сұрадым (рұқсат берді)» - деп жауап береді адам кейіпіндегі періште. 

Әзіреті Әнәс ибн Мәлік (радияллаһу анһ) айтады: «Білгін! Кім дәрет алып, төрт рәкәғат намаз оқыса және осы дұғаны айтса, оның тілеген дұғасы қабыл болады, мейлі қайғылы жағдайда болсын, мейлі қайғысыз болсын» деп, әлгі дұғаны келтірген екен1.

Дұғаны қолдану әдісі: 

Төрт рәкәғат нәпіл намаз оқып артынан әлгі дұғаның мына бөлігін оқып, артынан өзінің қазақша тілегін айтады: 

يا وَدُودُ، يا ذا العرشِ المجيدِ، يا فعَّالُ لِما يريدُ، أَسأَلُكَ بِعِزِّكَ الذي لا يُرامُ، ومُلكِكَ الذي لا يُضامُ، وبِنُورِكَ الذي مَلأَ أركانَ عَرشِكَ،

«Йә, Дәуду! Йә, Зәльъаршиль Мәжид! Йә, Фәъъәлу лимә юрид! Әс-әлукә биъиззәтикә әлләзи лә юром, уә мүлкикә әлләзи лә юдом, уә бинурикә әлләзи мәлә-ә әркәнәль ъаршик - (деп өзінің қазақша тілегін айтады). 


Хадисті Әбу Дүния «Мүжәбуд дәъуа» атты кітабында келтірген; Ибн Әсир: «Әсәдуль Ғоба». Әлсіз риуаят дейтіндер бар және риуаяттың шын екендігіне күмәнмен қараушы хадисшілер де бар.

0 пікір