"Түсімде үйімнің бағанасы сыныпты..." деген әйелге Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқаны
"Түсімде үйімнің бағанасы сыныпты..." деген әйелге Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқаны
3 жыл бұрын 8286

Риуаяттардың бірінде Айша анамыз (Алла одан разы болсын) көрген түсін Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жорытуға келген әйел жайында былай деп әңгімелейді:

«Мединелік бір әйел бар еді. Оның саудамен айналысып жүретін күйеуі бар тұғын (саудалап сапар шегіп жүретін). Сол әйел бір күні Алла елшісіне (с.а.у.) келіп:

- Менің күйеуім - ғайып. Ол мені аяғым ауыр күйінше қалдырып (сапар шегіп) кеткен еді. Содан жақында түс көрдім. Түсімде үйімнің бағанасы сыныпты, ал өзім болса бір көзі соқыр бала дүниеге әкеліппін» - дейді (мәнісін білгісі келіп).

Сонда Алла елшісі (с.а.у.) ол әйелге:

- Жақсылық болғай! Алла қаласа, ерің – аман-сау оралады. Және өзің изгі бала босанасың, - деп жауап айтты.  

Десе де, әйел көрген түсінің мәнін сұрап үш рет келеді.

Бір күні әлгі әйел Алла елшісі (с.а.у.) жоқ кезде тағы келді. Мен одан (қайта-қайта келе беруінің себебін) сұрадым. Ол маған түсін айтып берді. Онысын мен былай деп жорыдым (Айша анамыз ол сәтте Пайғамбарымыздың не деп жорығанын білмеген еді. Айша анамыздың анша-мұнша түстерді жори алатын да қасиеті бар болатын):

- Егер, түсің рас айтып тұрса, күйеуің бақилық болады. Ал өзің содырлы бала туасың, - деп (түстен түсінгенімді) айттым. Әлгі әйел отыра қалып жылады.

Сол мезетте Алла елшісі де (с.а.у.) келіп қалды. (Әлгі әйелдің жылап отырғанын көріп, себебін сұрайды. Себебін білгеннен кейін, Айша анамызға):

- Қой, Айша! Егер бір мұсылманның түсін жоритын болсаңдар, жақсылыққа жорыңдар! Шынында түстер – жорушының жорығанына сай жүзеге асады» - деді» - деп сөзін аяқтайды Айша анамыз[1]. 


[1] Дәрими; Асқалани: Фәтхуль Бәри. Хасан хадис.

Абдусамат Қасым
0 пікір