Ауа мен климаттағы тепе-теңдік
Ауа мен климаттағы тепе-теңдік
8 жыл бұрын 3696
Бердібек Мәсенов

Ғарыш кеңістігі қараңғы әрі суық. Біз осы алып кеңістіктің тіршілікке ыңғайлы, ең жайлы ғаламшарындамыз. Жер шарының жайлылығы сондай, одан бір ақау табуы мүмкін емес. Үскірік аяз бен аптап ыстықтан ада қоңыржай белдеуде адам баласы қиындықсыз өмір сүруде. Ғасырлар бойғы динамикалық тепе теңдігінен аумаған орташа климат Жер шарының бізге лайықтап жаратылғанын көрсетеді. Бұны жақсы түсіну үшін бізге ең жақын Айға көз жіберейік. Айда күндізгі уақытта ыстық 120 градусқа көтерілсе, түнге қарай суық нөлден төмен 150 градусқа түседі. Сол себепті, айда тіршілік белгісі жоқ. Ол метеорит жауып тұратын, ультакүлгін әрі ғарыштық сәулелер шұрық тесік қылған тым-тырыс аймақ.

Жер шарының орташа климатын сақтауда ықпал етуші бірнеше фактор бар. Солардың біразына қысқаша тоқтала кетейік. Күн қуатының қажетті мөлшері Жер шарымен оның арақашықтығына байланысты. Күннен тым алыс жатқан Марста сақылдаған сары аяз, ал Күнге жақын Венераның қайнаған ыстық будан көз ашпайтынын еске түсірсек, Жер шары климатының ерекшелігі еріксіз назар аудартады. Күн қуаты небәрі 10 пайызға азайса, жер бетін дереу бірнеше метр мұз қаптайды. Ал, Күн қуатының сәл ғана артуы жер бетіндегі бүкіл тіршілік иелерінің ыстықтан күйіп кетуіне жетіп жатыр. Ауа газдарының жерге тартылып тұруы әрі өмір сүру үшін қажетті мөлшерде болуында Жер шары үлкендігінің келістігі ғажап. Жер шары өзінен 8 есе кішкентай Меркурий немесе өзінен 318 есе үлкен Юпитер сияқты тым үлкен жаратылуына да болатын еді. Бірақ олай болса, бәрі басқаша болып кетеді. Егер жер шары кішкене пішінде жаратылғанда, жердегі тартылыс күші де әлсіз тартар еді. Онда газдарды өзіне тартып ұстау мүмкін болмай, оларды ғарыш кеңістігіне шашыратып алады, онда сөзсіз жер шары ауа қабатынан ажырайды. Егер Жер шары үлкен болғанда, жердің тартылыс күші тым артып, улы газдар да ауада жүрер еді. Тығыз әрі қысымы жоғары газдар жайылса, өмір сүру мүмкін болмайды.

Ауаға жайылған көмірқышқыл газы мен бу молекулалары жоғарғы жылу сақтау қасиетімен күндізгі уақыттарда Күннен тарайтын бірқатар сәулелерді жұтады. Түнде, Күн сәулесі қайтқанда, ауа молекулалары тарапынан жұтылған жылу жылыжайлардағы секілді тамаша сақталады. Атмосфера қабатының бұл қасиеті күндіз Жер шарын Күн сәулелерінен сақтайтын қалқан, түнде жылулықты ұстайтын көрпе, жамылғы секілді. Айда мұндай ерекшелік жоқ. Сол себепті, ол жердегі күндізгі ми қайнатар ыстық түнге қарай сақылдаған суыққа айналады. Жердегі күндіз бен түн арасындағы температура айырмашылығының аз болуы атмосфера газдарының термос міндетін атқарумен ғана шектелмейді. Жер шарының өз өсін айналу жылдамдығының 24 сағат болуы да осы температура айырмашылығын едәуір азайтады. Бұның сыры мынада: егер түн анағұрлым ұзара түскенде, жер бетінің салқындығы да арта түсер еді, ал күндізгі уақыт ұзара түссе, жер бетінің ысуы да еселене түсер еді. Өз өсін өте баяу айналатындықтан күндіз бен түн арасындағы температура айырмашылығы Меркурийда 1000 дәрежеге дейін жетеді.

Климаттың реттелуінде өте маңызды рөл ойнайтын тағы бір фактор ол теңіздер. Теңіздердің құрлықтардан басым келуі көпшілігімізді таңдандыратыны шындық. Алайда, жер шарының үштен екісін су алып жатуы да климаттың реттелуінде үлкен рөл ойнайды. Өйткені, біз осының арқасында Антарктиданың суығына тоңып, тропикалық аймақтардың ыстығына күймейміз. Оның мәнісі мынада: күндіз Күн сәулесімен тез жылитын құрлық радиатор сияқты алған жылуын жан жағына таратады. Үлкен аймақты алып жатқан теңіздер болса, Күннен миллиондаған калория жылу алса да тез ыси қоймайды, көп болса бірнеше дәрежеге ғана жылиды. Бірақ бір жылығаннан кейін тез арада суи қоймайтыны да шындық. Теңіздердің құрлықтардан көп болуы климаттың реттелуінде қатты ысу мен қатты суудың алдын алуда термостат рөлін атқарады, булану арқылы құрлықты қажетті сумен қамтамасыз етеді. Теңіздер аз болғанда булану да азаяр еді. Онда жаңбырдың азаюы салдарынан жер беті құрғақшылыққа ұшырап, шөлге айналар еді.

Күн сәулесінің әсерімен жылы ауа жоғары шығып, орнын суық ауа басады. Осылайша жер бетіндегі жылы ауа болған жерде төменгі қысым, суық ауа болған жерде жоғары қысым орталықтары деп аталатын динамикалық ауа ағыстары пайда болады.

Жер бетіндегі климаттың тіршілік етуге бейімдігінде Жер шарының Күнге өз өсінен 23,27’ дәрежелік сәл қиғаштығының да маңызы зор. Таулардың орналасуы, Экватор мен полюстер арасында шамамен 100’С температура айырмашылығы жел соқтыруда мотор рөлін атқарады. Бұндай температура айырмашылығы рельефі өз жер бетінде жүзеге асқанда, жылдамдығы сағатына 1000 шақырымға жететін құйынға ешкім де қарсы тұра алмас еді. Алайда жер беті күшті ауа ағыстарының алдын алатындай бедерге, рельефтерге толы жаратылған. Бұл рельефтер Гималай тауларынан бастап, Таврларға жалғасады. Одан үздік создық Альпіге дейін созылып, батыста Атлант мұхиты, шығыста Тынық мұхитқа барып тіреледі.

Климат тепе теңдігін реттеуде мұхит ағыстары да айтарлықтай мәнге ие. Экваторда пайда болатын жоғары мөлшердегі артық температура солүстікке және оңтүстікке қарай мұхит ағыстары негізінде тарайды.

Ауа температурасының теңесу жүйелерін үзбей бақылайтын Жаратушы құдіреті бұнымен ғана шектелмейді. Климаттың реттелуі бұларға да қатысты. Олар айна секілді Күннен түсетін сәулелердің біразын шағылыстырып, жер бетіне толық түспеуіне ықпал етеді.

 

Газдардағы өлшем

Ауа құрамы 77 пайыз азот, 21 пайыз оттегі және 1 пайыз мөлшерде көмірқышқыл және аргон секілді басқа да газдардан құралады. Адамдар секілді жан-жануарлар да қуат алу үшін оттегіні қажет етеді. Тыныстау негізінде сол өзіне керекті оттегіні алып отырады. Аса қажетті болғандықтан оттегінің ауада көп болғанын қаларымыз сөзсіз. Алайда, Алла Тағала бұл әлемді біздің санамызға шақтап жаратпаған. Олай дейтін себебіміз, оттегінің тез жанатын қасиетін ұмытпау керек. 21 пайыздан артып, көбейген әрбір оттегі найзағайдай тұтанып, бір орманды өртеп жіберетіндей қауқарға ие. Оған 70 пайыз кепілдік беруге болады. 25 пайыздан асатын жоғарғы оттегі мөлшері болса, жеміс-жидек, көкөніс біткеннің жанып, күл болуына себеп. Ондай жағдайда бүкіл тропикалық ормандар мен арктикалық тундралар құрып, алапат өртке қарсы тұру тіптен мүмкін болмас еді. Демек, ауадағы қазіргі оттегі мөлшері керекті тепе-теңдікті сақтауда керемет дәлдікті көрсетуде.

Оттегі мен көмірқышқылдың үнемі қолданыста болатындығына қарамастан, ауадағы тепе-теңдігінің үнемі сақталуы да таңғаларлық. Жан-жануарлар оттегін пайдаланып, өздеріне зиянды көмірқышқыл газын сыртқа шығарады. Өсімдіктер болса, көмірқышқыл газын қабылдап, оттегін өндіреді. Күн сайын осылайша миллиондаған тонна оттегі өндіріліп, ауаға жайылады. 

Жан-жануарлар секілді өсімдіктер де оттегін пайдаланып, көмірқышқыл газын шығарса, онда не болар еді? Онда планетамыздың жүйесі бұзылар еді. Ауадағы оттегі тез бітіп, тіршілік иелері қырыла бастайтын еді. Ал, жан-жануарлар да, өсімдіктер де тек қана оттегі өндірсе, онда не болар еді? Онда ауада тез жанатын қасиет пайда болар еді. Сәл бір ұшқын шықса, дереу тұтанып, от жалынға оранар едік.

Ауадағы басқа да газдар сияқты оттегінің де қауіп төндірмей, қайта пайда тигізуі, өте дәл мөлшерде болуы, бұл тұста да тепе-теңдіктің сақталуы – Жаратушының керемет құдіреті. Бұндай керемет тепе-теңдіктерді өз-өзінен яки кездейсоқ пайда болды деу ақылға сыйымсыз. 

 

Тыныстау

Ауа тығыздығының тыныстау үшін керемет жаратылғаны да ешқандай кездейсоқтықтың бұған қатысы жоқтығын көрсетеді. Қаласақ та, қаламасақ та сәт сайын тыныстаумен боламыз. Үнемі өкпемізге дем тартып, сәлден кейін-ақ сол ауаны сыртқа қайта шығарамыз. Денемізде сәт сайын миллиардтаған биохимиялық үрдістер оттегінің арқасында жүзеге асады. Сол себепті, біз оттегіне мұқтажбыз. Дәл қазір осы мақаланы оқып отырған көзіміздің көруінде де оттегінің рөлі бар. көз қабатына тән миллиондаған жасуша оттегімен қоректенеді. Қанымыздағы оттегі мөлшері кемігенде, көзіміз қарауытады. Денедегі бұлшық еттердің, осы бұлшық еттерді құрап отырған жасушалардың барлығы карбон қоспаларын жағады, яғни оттегімен реакцияға түсу арқылы қуат өндіреді.

Тыныстау үшін жаратылған ауа, оның құрамындағы дәлдік, қойнауы байлыққа толы жер, климаттың тіршілік етуге жайлылығы, жарығы мен жылуын қатар төккен Күн, теңіз, құрлық т.б. – бәрі де адам игілігі үшін жаратылған.

Ендеше, осының бәрін бір-бірімен тамаша үйлестіріп, адамға қызмет еттірген Ұлы Жаратушының құдіретін мойындау пенденің борышы емес пе?!

1 пікір