Босануды жеңілдететін діни әрі ғылыми кеңестер
Босануды жеңілдететін діни әрі ғылыми кеңестер
8 жыл бұрын 147903
Жарылқасын Жарбол

Босануға жақын қалған күндерде жүкті келіншек діни әрі ғылыми кейбір әдістер арқылы осы қиындықты жеңіл еңсере алады. Құрма жеу, кейбір сүрелерді оқу, терең тыныстау, су секілді қуат беретін сусындар ішу, жаяу жүру және т.б. осындай кеңестердің қатарына жатады.

Босану – дене әрі рухани тұрғыдан әйел өміріндегі өте маңызды тәжіибе. Сәбиінің алғаш тыныс ашқаннан кейінгі жылауы анасын қуантатын алғашқы сәт. Бірақ бұл сатыға келгенге дейін ана уайым мен үрейді бастан кешеді. «Қалай босанар екенмін?», «Сәбиімді сап-сау қалпында қолыма ала алам ба?» т.б. Болашақ ана осы секілді ондаған сұрақтармен бірнеше ай босануды күтеді. Шынтуайтында, күткен сәт жақындаған күндері кейбір діни әрі ғылыми әдістерге жүгінсе, олар босануды мейлінше жеңілдете түседі.

Жаратушы ие босануға дейін және босану кезінде әйел ағзасын физикалық тұрғыдан тууға дайын күйге келтіреді. Бұған қоса, ағзадағы көптеген механизм үйлесіммен жұмыс істеуге көшеді. Қаншалықты қиналса да, болашақ ана үшін босануды сабырмен күтуден басқа іс болмайды. Ал онсыз да оңай соқпайтын бұл үрдіс болашақ ананың қатты үрейленуімен одан да қиындай түседі. «Жүкті әйелдер 9 ай бойы босану жайлы небір қорқынышты әңгімелерді естиді. «Ішіңнен басады, кеседі, сәбиіңнің жүрек соғысы нашарлауы мүмкін, кейде кіндікке байланып қалады» деген секілді сөздерден қорқып, туу мекемесіне сондай қорқынышты қоса арқалап келеді» дейді акушер мамандар. Әрине, қорқу адамның денесін физикалық тұрғыдан қатайтып, сірестіре түседі. Ал денесін, бұлшық еттерін қатты ұстау жеңіл босануға кедергі келтіреді. Қорқыныш пен үрей босануға ең үлкен кедергі екенін айтқан акушер мамандар бұдан арылудың жолы арнайы маманға жолығып, кеңес алу екенін білдіреді.

Босануға бара жатқанда, көп жақындарына хабар айту әрі олардың сыртта күтіп тұрғанын білу босанатын әйелді күйзеліске итермелеуі мүмкін. Күткен кісілердің сабырсыздығы, туу кезінде мекеме қызметкерлерін мазалауы, болашақ анаға және оның босануына кері әсер етеді. Осы себепті босануға мүмкіндігінше аз, босанатын әйелді тынышталдыратын адамдар баруы керек. 

 

Құрма босануды жеңілдетеді

Мамандардың айтуынша, құрма жеу босануға көмектеседі. Әсіресе, жүктіліктің 37 аптасынан кейін күніне 4-5 (бұл сан бұдан да аз немесе көп болуы мүмкін) құрма жеуге болады. Құрма витамин, протеинмен қатар окситоцин гормонын қамтиды. Oкситоцин босанардан бұрын толғатуды, сүт жиналуын, босанғаннан кейін жатырдың жиырылуын қамтамасыз етеді. Құран кәрімде де: «Толғақтан қиналған ол құрма бұтағына қарай беттеді. «Қап, бұған дейін өліп, ұмытылып кеткенімде болар еді» деді. Төменнен (бір дауыс) естілді: «Мұңданба, Раббың саған төмен жағыңнан бір арық жасады. Құрма бұтағын өзіңе қарай сілкі, сонда саған жаңа піскен құрмалар түседі. Содан алып же, іш, көзайым бол...» ("Мәриям" сүресі, 23-26) деп бұйырып, хазірет Мәриямға босанардан бұрын жаңа піскен құрма жеуіне кеңес берген.

Жүктілік кезінде өте-мөте қол, сан және арқа бұлшық еттерін жұмыс істету болашақ ананы дене және рухани тұрғыдан босануға дайындайды. Бұдан бөлек, терең тыныс алып күту, демді ұстау да ауырғанды азырақ сезінуге көмектеседі.

 

Аятүл-күрси, Фәлақ, Нас сүрелерін оқу

Босануға рухани дайындық жасау да маңызды. Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) хадисінде әйел кісілерге: «Босанатын әйел саулықта әрі жеңіл босану ниетімен әуелі Аятүл-күрсиды, артынан Фәлақ пен Нас сүрелерін оқысын» деп кеңес берген. Осылардан кейін мына аятты оқуға болады: «Иннә раббакумуллази һалақас самауати уәл арда фи ситтати әйямин сүммәстауа алал арши юғшил ләйлән нахара ятлубуху хасисау уәш шамса уәл қамара уән нужума мусаххаратим би әмрих ала лахул һалқу уәл амр табаракәллаху раббил аламин (Раббыларың аспан әлемі мен Жерді алты күнде жаратты, содан кейін аршқа истиуа етті, түнді ізінен ұдайы қуалайтын күндізбен бүркеді. Күнді, Айды және жұлдыздарды әміріне бағынған кейіпте жаратқан Алла екені еш күмәнсіз. Біліп қойыңдар, жарату да, бұйыру да Соған тән. Күллі ғаламның иесі Алла неткен ұлы!)” ("Aғраф" сүресі, 7/54).

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу алайи уә сәлләм) қызы Фатима анамыз босанарда оған осы аятты оқытқан. Хазірет Хасан мен Хүсейін секілді мүбәрак ұрпақ осындай дұғалармен дүниеге келген.

 

Жеңілірек босану үшін...

Жүктілік кезде күн сайын 2-2,5 литр су ішу керек.

Толғақ басталғаннан кейін су секілді қуат беретін қорек қабылдаған дұрыс. Алайда жиі-жиі қуықты босатып тұрған жөн. Қуық пен ішектердің бос болуы босануды жеңілдетеді.

Босанудың алғашқы сатысында жаяу жүрген пайдалы. Жүру бұлшық еттерді босатады.

Ерте толғақ кезінде байқалған дене босаңсуын есепке алмау керек. Жүкті әйел күнделікті істеріне жасап, көңілін басқа нәрселерге бұруға тырысқаны дұрыс. Жылы сумен ваннан қабылдап, жеңіл нәрселер жеп, толғақтың жиілеуін күтуі тиіс. Содан кейін барып дәрігерге хабарласуына болады.

Туу жақындағанда, омырау ұштарына массаж жасауға болады. Массаж босануға итермелейтін, толғақ келтіретін окситоцин гормоны үшін өте пайдалы. Жылы орамалмен кеудені жауып, бес минуттай тұрып жылудың денеге тарауын сезініңіз. Артынан он минут массаж жасаңыз.

4 пікір