Намазды бұзатын жағдайлар (2 бөлім)
Намазды бұзатын жағдайлар (2 бөлім)
2 жыл бұрын 4148

(Басы алдыңғы жазбада)

42) Намазда абайсызда дәреті бұзылып, дәретін жаңалауға кеткен кісінің дәрет алу барысында ғаурат жері ашылса, намазы бұзылады. Шариғатта намаз оқып тұрып еріксіз дәреті бұзылған кісі, сөйлеу, күлу сияқты намаз бұзатын артық әрекеттерге бармастан, тіке дәретін жаңалап келіп, намазын үзген жерден жалғастырып оқып кете беруіне болады. Алайда ол кісінің дәрет алу барысында ғаурат жерінің бірі ашылса, намазы бұзылған болып есептеліп, намазды қайта оқуы керек.

43) Намазда дәреті бұзылған кісі дәрет жаңалауға бара жатып немесе дәрет жаңалап келе жатып, Құран оқыса намазы бұзылады. Намазды қайта оқуы керек. Бірақ тәспих, зікір айтса бұзылмайды, сырт дәретін жаңалап келіп, намазын үзген жерден жалғастырып оқи береді.

44) Намазда дәреті бұзылған кісі бір рүкінді орындайтындай уақыт себепсіз кідіріп қалса, намазы бұзылады. Дәретін жаңалап келіп, оны қайта бастан оқуы тиіс.

45) Намазда дәреті бұзылған кісі жақын жердегі дәретханадан өтіп кетіп, басқа алыстау дәретханаға барса намазы бұзылады.

46) «Дәреті бұзылды екен» деп, дәрет жаңалап келу үшін мешіттен сыртқа шықса, бірақ сол арада дәреті бұзылмағандығы анықталса, намазы бұзылады, ал мешіттен шықпай тұрып дәретінің бұзылмағандығын анықтаса, намазы бұзылмайды. Өйткені, мешіттен шығуы себепті, үзірсіз денесі құбыладан ауытқыған болады. Мешіттен шықпай жатып, анықталса намазы бұзылмайды, үзген жерден жалғастыра беруіне болады.  

47) Мешіттен тыс жерлерде (мысалы далада) намаз оқып тұрған кісі дәреті бұзылмағанымен «дәретім бұзылды екен» деп ойлап, дәрет жаңалап келу үшін саптан асса, намазы бұзылады. (Бұл жағдайда, жалғыз оқыған кісі жайнамазынан асса намазы бұзылады).

48) Намаз оқып тұрған кісі дәреті бар болғанымен «дәретсіз оқып жатыр екенмін» деп ойлап, орнынан тұрып кетсе, артынан дәреті бары есіне түссе, үзген жерінен жалғастыра алмайды, оқып тұрған намазы бұзылады. Оны қайта оқуы тиіс. Тіпті мешіттің ішінде болса да үкім осы. Бұл және төмендегі жағдайлар - «намазда тұрып дәреті нақты бұзылған» кісінің үкімінен басқа.

49) Тура сол сияқты – уақыты бітпесе де «мәсімнің уақыты бітті екен» деп ойлап, орнынан тұрып кеткен кісінің де, намазы бұзылады. Артынан мәсісінің уақыты бітпегені анықталса да, намазын үзген жерден жалғастыра алмайды, мешітте болса да солай.

50) Тура сол сияқты – қаза намазы болмаса да «өтемеген қаза намазым бар екен деп» намазынан шықса, бірақ артынан қаза намазы жоғы анықталса, ол кісі басынан оқиды, үзген жерден жалғастырмайды. Мысалы, парызды бұзса – парызды, сүннетті бұзса – сүннетті бастан оқиды.

51) Тура сол сияқты – үсті таза болса да «нәжіс тиді деп ойлап» намаз оқып тұрған орнынан тұрып кетсе, артынан таза екендігі анықталса, намазын қайта оқиды, үзген жерден жалғастырмайды, тіпті мешітте болса да үкім сол.

52) Жамағаттан бірі намаздағы ұйып тұрған имамынан басқа біреудің ұмытып қалған аятын есіне салса, оның намазы бұзылады. Себебі оның бұл әрекеті – намазда тұрып өзгеге аят үйретумен тең, сондықтан намазы бұзылады. Ал өзінің ұйып тұрған имамына ұмытқан аятын оқып еске түсіруі намазын бұзбайды.

53) Намаз оқып тұрып, басқа намазға өту ниетімен «тәкбір тәхрима» алса, оқып тұрған намазы бұзылады. (Мысалы, сүннетті оқып тұрған кісі оны аяқтамай жатып, «Аллаһу әкбар» деп парыз намазын бастап кетсе, оқып тұрған сүннет намазы бұзылады).

Осы жерге дейін айтылғандар – намаздың соңғы отырысында «әттәхият» дұғасының мөлшеріндей отырмастан бұрын орын алған кезге қатысты, ал егер аталмыш жағдайлар - намаздың соңғы отырысында «әттәхият» дұғасының мөлшеріндей отырғаннан соң орын алған болса, намазы дұрыс, қайта оқудың қажеті жоқ.

54) «Аллаһу әкбар» дегендегі «Аллаһ» сөзінің «а» әріпін «Аа» деп созып дыбыстаса, намазы бұзылады. Мысалы, «Ааллаһу әкбәр» десе мағынасы бұзылатындықтан, намаз бұзылады. 

55) Жаттамаған сүресін Құранға қарап оқыса, намазы бұзылады. Ал егер жаттаған сүресін Құранды қолға ұстамай, Құранға қарап оқыса, намазы бұзылмайды.

56) Намаздың бір рүкінін (парызын) ғаурат жері ашық болған күйін орындаса намазы бұзылады.

57) Немесе ашық қалған ғаурат жерін бір рүкін мөлшеріндей уақыт ішінде жауып үлгермесе, намазы бұзылады.Мысалы, үш рет сүбханалла дейтіндей уақыт ғаурат жері ашық қалса, намазы бұзылады. Одан аз уақыт ашық қалса немесе сол арада дереу жауып үлгерсе, намазы дұрыс, бұзылмайды.

58) Тура сол сияқты – намаздың ең аз бір рүкінін денесіндегі нәжіспен оқыса немесе бір рүкін орындайтындай уақыт ішінде нәжісін кетірмесе, намазы бұзылады. Ондайда нәжісті тазалап, қайта оқуы керек. Дәрет жаңаламайды.

59) Ұюшы кісі имамнан озып, намаздың рүкіндерінің бірін имамсыз орындаса, намазы бұзылады. 

60) Мәсбұқ кісі (намазға кешігіп қосылған кісі) имам сәлем бергеннен кейін «Аллаһу әкбар» деп тұрып, үлгермеген алғашқы рәкәғатының сәждесін орындап қойған кезде, имам сәһу сәждеге барса және бұл да (мәсбұқ та) сол арада сәһу сәждесін орындау үшін имамға ұйыса, оның (мәсбұқтың) намазы бұзылады, қайта басынан бастауы керек. Бұл – мәсбұқтың жіберіп алған рәкәғаттарының алғашқысының сәждесін орындап қойғанға қатысты. Ал, жіберіп алған рәкәғаттарының алғашқысын толық орындамай тұрып, имам сәһу сәждесін жасап, бұл да оған ұйыса намазы бұзылмайды.

61) Намаздың бір сәждесін орындамағаны соңғы отырыста еске түсіп, сол арада ұмытқан сәждесін орындап, бірақ соңғы әттәхият отырысына қайта отырмаса, намазы бұзылады. Өйткені, намаздың рүкіндері болып саналатын сәждені орындау арқылы, соңғы отырысы жоққа саналады, соңғы отырысты қайта орындау керек болады.  

62) Намазда ұйықтап тұрып орындаған бір рүкінді (парызын) қайта орындамаса, намазы бұзылады. Өйткені намаздың ішкі парыздарын (рүкіндерін) ояу хәлде өтеген болуы тиіс. Сондықтан да, егер, мысалы, соңғы отырыста көзі ілініп кетіп, бір сәттен соң оянып, бірден екі жаққа сәлем берсе, намазы бұзылады, себебі оның ұйықтап орындаған "қағдаға отыру" парызы саналмайды, ондай жағдайда ояна салып, "әттәхият" дұғасын оқып, сосын барып екі жаққа сәлем беріп намазын аяқтауы тиіс, т.б. осы сияқты рүкіннің бірін ұйқылы хәлде орындаса, ол рүкінді қайта орындауы тиіс.

63) Намазда соңғы отырысында, «әттәхияту» дұғасын оқып қойғаннан кейін, сәлем бермей тұрып имам дауыстап күлсе мәсбұқтың намазы бұзылады. Имамның намазы дұрыс. (Мәсбұқ – имамға кешігіп ұйыған кісі).

64) Сондай-ақ, имам соңғы отырыстан кейін (сәлем бермей тұрып) әдейі дәретін бұзса, мәсбұқтың намазы бұзылады. (Бұл Әбу Ханифа бойынша, ал Имам Әбу Юсуф бұл екі жағдайда да мәсбұқтың намазы, өзге ұюшылардың намаздары сияқты бұзылмайды деген).

65) Кімде-кім жолаушы болмаса да «жолаушы екенмін» деп ойлап, төрт рәкәғаттық намаздардың алғашқы отырысында сәлем беріп аяқтаса, намазы бұзылады. Ол намаздарды қайта бастан оқуы керек.  

66) Кімде-кім бесінді оқып тұрып, «жұма намазы екен» деп қалып, екі рәкәғаттан кейін екі жаққа сәлем беріп аяқтаса, намазы бұзылады. Бесінің парызын қайта бастан төрт рәкәғат етіп оқуы тиіс.

67) Кімде-кім кұптан намазын оқып тұрып «тәрәуих намазы екен» деп қалып, құптанның екі рәкәғатынан кейін сәлем беріп аяқтаса, оның ол намазы бұзылады, құптанның парызын қайта оқуы тиіс.

68) Исламға жаңадан кірген кісі "екі рәкәғат оқылу керек екен" деп ойлап, төрт рәкәғаттық немесе үш рәкәғаттық парыз намаздардың алғашқы отырысында сәлем беріп аяқтаса, намазы бұзылады. Қайта бастан оқуы тиіс[1].


[1] Имам Шүрунбүләли: «Нұруль Изах» - Бәбу мә юфсидус саләһ (намазды бұзатын жағдайлар бөлімі).

Дайындаған Абдусамат Қасым

0 пікір