Өнер-білім бар жұрттар
Өнер-білім бар жұрттар
3 жыл бұрын 3680
Асылбек Әуезханұлы,

Қазақтың ағартушыларының бірі Ыбырай атамыз:

Өнер-білім бар жұрттар,

Тастан сарай салғызды.

Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды.

Аты жоқ құр арбаны,

Мың шақырым жерлерге,

Күн жарымда барғызды, – деп өз заманындағы өнерлі елдерді жастарға үлгі ете жырлайды. Байқап қарасақ, бүгінгі ХХІ ғасыр қауіп-қатер, қиыншылықтарымен бірге жақсылығы мен мүмкіндіктері де мол ғасыр. Ғылым да, жаңа технологиялар да дамыған заман. Алайда мұсылмандар әлемі осы мүмкіндіктерді әзірге барынша кең пайдалана алмай жүрген секілді. Құрандағы «Оларға: «білетіндер мен білмейтіндер тең бе? деп айт». Шын мәнінде, ақыл иелері ғана ғибрат ала алады» («Зүмар» сүресі, 9-аят) деген аятты оқып өскен мұсылмандардың бүгінде ғылымы артып тұр дей алмаймыз.

Бүгінгі ғылым мен техниканың жетістіктері, адамзаттың ойлау кеңістігі шырқау биіктерге самғап кетті. Техникалық жүйелер, технологиялық ағымдарды бұрынғы дамумен салыстыруға да келмейді. Бұрын жазылмастай көрінген дерттердің дауасы табылып жатыр. Мұсылман елдері бұл жағынан, өкініштісі, кешеуілдеп келеді. Ал тарихта бүкіл ілім Исламнан, Құраннан басталғанын бәріміз білеміз.

Бүгінгі таңда жұрттың бәрі өмірден өз үлестерін алып қалу жолында жандарын салып жатыр. Жатпай-тұрмай білім ізденіп әлемдік бәсекеге барын салуда. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Рызық-несібелеріңді жер қойнауынан іздеңдер» немесе «ғибадаттың ең артығы ғылым іздеу» дейді. Дінімізде ер кісіге де, әйелге де ғылым іздену парыз. Бірақ бүгінде кежегесі кейін тартқан мұсылман елдері, соның ішінде қазақ жұрты жағамызды жайлауға салып, жайбарақат жатқанға ұқсаймыз.

Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріптерінің бірінде:

«Білімсіздер мен білімділердің парқы өлі мен тірідей» дейді. Қарап отырсақ, бұл хадисте білім өмірге теңелген. Рас, «оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ». Білім аламыз деп оқуға түсеміз. Бірақ университет, институттағы әр минуттың қадірін біліп жүрміз бе? Әр күннің қанша сағаты кітапханада өтеді? Бір түннің қанша бөлігін ғылым іздеуге арнадық?

«Ғылым мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан дүниесі. Қай жерден тапса да, оған иелік етіп алуы тиіс» деген хадис пайғамбардың ғайыптан берген хабары. Бір кездері мұсылмандар ғылымның сан қатпар жұмбағын шешіп, қазіргі дамыған Еуропаның ренессансының негізін қалады. Кейін мұсылмандар ғылымы кенжелеп қалды. Бұл мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы емей немене? Малымыз немесе көлігіміз жоғалса, шарқ ұрып ауыл-ауылды адақтап іздейтініміз бар. Сол секілді қазіргі таңда бүкіл әлемді шарлап жүріп, ілім мен хикметті іздеуіміз керек.

Сөз соңында тілеріміз, Алла тағала біздің жұртты да өнерлі, білімді, иманды жұрттардың қатарына қоссын! 

"Даналық ойдан дән ізде"

0 пікір