Бір атақты неміс философының өмірбаянын оқығаным бар еді. Сонда, әлгі философтың көршісінің қоразы болған екен. Қораз тура мұның оқу-жазу бөлмесі жағындағы тамның үстіне шығып алып, бұл шаруасымен айналысар сәтте шақыра бастайтын көрінеді. Қораздың шақыруынан ойы шашырап, маза қашады. Шыдамы таусылған философ қызметшісін көршісіне жіберіп, одан қоразды сатып алып, кейін бауыздап, етінен тамақ істеуін тапсырады.
Қораздан құтылғанына мәз философ түскі асқа досын шақырады. Досы екеуі ас дайын болғанша әңгімелесіп, оған қораздың оқиғасын айтып береді – қалай жүйкесін тоздырғанын, қалай сатып алып, бауыздатқанын, ендігәрі тынышталып, ешқандай қораздың дауысы мазаламайтынын жеткізеді.
Сол арада, қызметшісі де тауық етінен пісірілген тағамды алып кіреді. Алайда, ол тағамды дастарханға қойғаннан соң кешірім сұрапты. Себебі, көршісі қоразды сатпай қойған екен, сосын бұл базарға барып, басқа қоразды сатып алып келіп, соның етінен тағам әзірлепті. Ал, көршісінің қоразы болса, бұрынғысынша шақыруын жалғастыра берген екен.
Сол ұлы философты ойладым. Оның әтеш шақырғанда бақытсыздық күй кешіп, ал әтеш шақырмаған кезде қуанғанын ойладым. Шындығына келгенде, өзгерген ештеңе жоқ. Өзгеріс оның ішінде. Оны қайғыландырған әтеш емес, іштегі ЭГОсы. Қуантқан да сол.
Өз-өзіме сұрақ қойдым: Бақытты болу өз қолымызда тұрғанда, неге біз оны басқалардан іздеуіміз керек? Бақыт қасымызда тұрғанда, оған оның жолынан басқа жолмен барып және басқа есікке жалбарынып (астарлы айтқанда), неге оны өзімізден ұзақтатамыз? Біз даусынан құтылу үшін әтешті соямыз. Бірақ та оны сойғанымен, оның орнына жүз әтеш келмей ме? Өйткені жер планетасы әтештерге толы. Олай болса, неге әтештерді миымыздан шығарып тастамасқа?! Егер ол әтештердің үнін жаба алмайтын болсақ, неге құлақтарымызды олардың үнін естімес үшін жаппасқа?!...
Әл-Худрий есімді тарих ғылымдарының докторы бар еді. Ол кісі өмірінің соңғы шағында ипохондрия сырқатына шалдығып, ішектерінде жылан бар деген ойда болды. Қайта-қайта дәрігерге барып, ішегінде жылан бар деп шағымданса да дәрігерлер күлісіп, ішекте жылан болмайды, ішекте құрт болады, деп сенбей қайтарады екен.
Ақырында бір білікті, тәжірибелі дәрігерге жолығыпты. Дәрігер зерек әрі адамның рухын түсінетін көкірек көзі ашық жан екен. Ол қарияның оқиғасын соңына дейін тыңдап, кейін ішті жүргізетін дәрі беріпті. Артынан қарияны сырттағы әжетханаға жолдапты. Ол бармастан бұрын, әжетхана тесігіне өлі жылан тастапты. Кейін қария әжетін өтегеннен кейін қараса, төменде жылан жатыр. Оны көрген қария қуанып, жүзі нұрланып, бойына қуаты оралып, өзін жақсы сезіне бастаған. Алғаш келгенде зорға жүріп, әһілеп, үһілеп келген болса, енді ширақ жүріп үйіне қайтқан екен. Содан кейін еш ауырмапты.
Қарияны сауықтырған не нәрсе? Ішіндегі жоқ жыланның түсуі ме? Әсте, олай емес. Жылан оның ішінде емес еді, жылан оның миында еді...
Неге біз өзіміздегі нығметті жоғалтқаннан кейін ғана білеміз? Неге қария өзінің жастық шағын ойлап көзіне жас алады? Неге біз бақытты бізден ұзақтағанда ғана көреміз? Неге біз оны өткен шақтан іздейміз немесе белгісіз болашақтан іздейміз? Қазіргі сәтіміз өткен шаққа айналмай тұрып неге қазіргі сәтімізді ойламаймыз?...
Мырзалар мен ханымдар!
Біз байлықты тек мал-дүниемен өлшейміз. Мал-дүние дегенің не тәйірі. Баяғы заманда бір патша өмір сүрген екен. Күндердің күнінде сырқатқа шалдығып, ас ішуден қалыпты. Сан алуан тәтті тағамдарды жасап әкелсе де, олардан бір үзім болса да жей алмапты. Күндердің күнінде, мойнын бұрып терезеге ұңілсе, терезенің арғы жағында, сыртта бау-бақшаға қарайтын бағбан отыр екен. Қолында қара наны мен қара зайтуны бар, екеуін қосып жеп отыр екен. Әр үзімін рақаттана үзіп жеп, рақаттана жұтады. Сол сәтте патша көзіне жас алып: «әттең, мына бағбанның орнында мен болсам ғой, ол ұқсап бір үзім нан жей алсам ғой» деп армандаған екен.
Ендеше, құрметтілер, алтынға бергісіз нығметтерге ие бола тұра, неге алтын іздейміз? Көз алтын емес пе? Есте сақтау жадыңыз баға жетпес асыл зат емес пе? Денсаулық алтын емес пе? Уақыт алтын емес пе? Неге уақытымызды дұрыс пайдаланбаймыз? Неге өмірдің қадірін білмейміз?
Құрметті оқырман, сіздердің барлықтарыңыз бақыттысыздар, бірақ соны жете ұғына бермейсіздер!
Али Тантауи, "Ойтолғау" (араб тілінде).
Ықшамдап аударған А. Қасым