"Құдай Тағаланың барлығында күмән жоқ"
"Құдай Тағаланың барлығында күмән жоқ"
2 жыл бұрын 2937
Шейх Мұхаммед әл-Ғазали (1917-1996 ж.)

«Нью-Йорк. Рэйтор[1]. Әйгілі «Ко́льерс»[2] журналы «астрономия», «биология» және «математика» салаларының мамандарынан тұратын бірнеше ғалымдардың басын қосып, сұхбат жүргізді. Сұхбатқа қатысқан ғалымдар Құдайды мойындап «бүкіл болмысты реттеп, оны өзінің қамқорлығында ұстайтын, қамын ойлайтын, білімі мен біліктігі шексіз Ұлы бір Заттың бар екендігіне орай, қолдарында дәлелдер мен көптеген айғақтардың бар екендігін» нақты айтты. 

Доктор «Роин», өзінің жүргізген лабароториялық зерттеулерінің нәтижесінде адам денесінде «рух» немесе сол сияқты «көзге көрінбейтін бір дененің» барлығын анықтағанын білдірді. Және басқа бір ғалым сол жерде: «Тәңірлік діндерде «Құдай» деп аталатын Ұлы бір Заттың табиғаттағы атом энергиясынан бастап, көрнеу-көмес бүкіл керемет заңдылықтарды басқарып, билеп-төстеп отырғандығы күмәнсіз» деді»...  

Рэйтор агенттігінің бүкіл әлемге жар салған жоғарыдағы ақпаратты «Мысыр» газеті жариялаған болатын. Ол ақпарды өзгелер сияқты, мен де оқыдым. Бойымды қуаныш биледі. Неге десеңіз, ғылым адамдары мен зерттеуші мамандардың Ұлы ақиқатты сезіп («білді» деп тұрғаным жоқ, сезді), ішкі сезімдері мен материалдық зерттеулерін Құдайға деген сенімнің шеңберінде жүргізе бастағандары қуантарлық жайт.

Атеизм деген не?

Атеизмнің не екенін білесіз бе? Атеизм деген, кісінің өз-өзін ақымақ қылу деген сөз. Айналасындағы ешнәрсеге қарамай, көзін жұмып алып, басы ауған жаққа кету деген сөз. Сөйтеді де, ақылға сыйымсыз, дені дұрыс ақыл-оймен ұштаспайтын, негізсіз теорияларды тудыра бастайды.

Құран Кәрім алғаш келгенде адамдарды ақиқатқа жетелеу жолында оларды қиын нәрселермен жүктеген жоқ. Құран адамдарды көздерін ашып, көк жүзіне, жердің сай-саласына және т.б. түрлі заттардың ерекшеліктеріне қарауға шақырды:

«Былай деп айт: Көктер мен жерде не бар екен, қараңдар!»[3]

«Олар көктер мен жердегі мүліктерге (жаратылыстарға) және Алланың оларды не нәрседен жаратқанына қарамай ма?...»[4].

«Олар өздері жайында пікір жүгіртпей ме? Алла көктер мен жерді және ол екеуінің арасындағыларды хақпен және белгілі мерзім үшін жаратты...»[5]. 

Адам баласы, егер зерделі назарын болмысқа салса, назары әлемнің жаңалықтары мен тіршіліктің жасырын сырларын кезіп болғаннан кейін, «менмұндалап» тұрған айқын ақиқатпен бірге оралар еді (яғни, әлемді зерделей қараған адам хақтың бар екендігіне көзі жетер еді-ауд.). Ол ақиқат – Құранның мына қасиетті аяты баяндаған ақиқат:

«Алла – барлық нәрсенің жаратушысы және Ол – барлық нәрсеге кепіл. Көктермен жердің кілті Оның иелігінде. Алланың аяттарын (сенбей) жоққа шығарғандар, міне солар - зиянға ұшыраушылар. Айт: «Маған Алладан басқаға құлшылық қылуды бұйырасыңдар ма? Ей, надандар!» - деп»[6].  

Елімізде атеизммен уланған жастар бар. Білімнің беткі қабығын ғана біледі. Және де, олар ақыл иелерінше еш салмағы жоқ болжамдарға байланған. Сол жастардың - құдай жайында, дін жайында, уахи жайында айтқан сөздерін тыңдасаңыз, тілдерін негізсіз бірақ батыл түйінмен, тәкәппарлыққа толы сөйлемдермен шиыршықтатқанын байқайсыз. Оларды бақылай қарасаңыз, Алла Тағаланың мына бір сөзі еске түседі:

«Адамдардың арасында Алла Тағаламен білімсіз, тура жолсыз және (санаға) сәуле шашар кітапсыз таласатындар бар. Алланың жолынан адастыру үшін тоң мойындық істейді...»[7].

Ендеше, атеизм жолын «ғылым» деп ойлап жүрген жастарға (айтарым): өздерінің пір тұтар көшбасшыларының (немесе ғалымдардың) қол жеткізген "тіршіліктің негізі" төңірегіндегі зерттеу нәтижелеріне қарасын дер едім...

Автордың «Мұсылманның сенімі» ("ъақидатуль муслим") атты кітабынан. (Араб тілінде)


[1] Reuters - әлемдегі ең ірі халықаралық жаңалықтар мен қаржылық ақпараттар агенттігінің бірі. 19 ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келеді. 2008 жылы оны Thomson Corporation сатып алды, содан кейін ол Thomson Reuters деп аталды. (Википедия).
[2] Collier’s – АҚШ елінде 1888-1957 жылдар аралығында жарыққа шыққан апталық журнал. (Википедия).
[3] Құран Кәрім: «Юнус» сүресі, 101 аят.
[4] Құран Кәрім: «Ағраф» сүресі, 185 аят.
[5] Құран Кәрім: «Рум» сүресі, 8 аят.
[6] Құран Кәрім: «Зүмәр», 62-64 аяттар.
[7] Құран Кәрім: «Хаж» сүресі, 8, 9 аяттар.

Аударып, дайындаған Абдусамат Қасым
 
0 пікір