Қырық хадис үйренудің артықшылығы
Қырық хадис үйренудің артықшылығы
9 жыл бұрын 6099
Бақ БЕР

Күнделікті өмірде қырық санын көп қолданып жатамыз. Мәселен, қырқынан шыққан бала дүниеге бой үйрете бастайды. Қырық күн өткеннен кейін марқұмның жоқтығын мойындайсыз. Ертегі, аңыздарда отыз күн ойын, қырық күн тойын жасапты деп жатады. Бір қонып ас ішкен үйге қырық күн сәлем беріледі. Бір ақымақтың құдыққа лақтырған тасын қырық ақылды кісі шығара алмайды. Қырық күн әлдекімге ақымақ делінсе, бұл сөздің дұғадай әсер беретіндігі айтылады. Қырық қарақшының жол торитыны да есте қалған жайт. Жүніс пайғамбар қырық күн ораза ұстап, қырық күн бойы дәріс оқитын жеріне қисық отын әкелмеген. Қырықтың қырқасына шыққандағы өмірге көзқарас та басқаша болары белгілі. Осылардың қатарында қырық хадис жаттауға арнайы тоқталсақ.

Бұл тұрғыда мына бір хадистің алар орны ерекше: «Үмбетімнен қырық хадис үйренген әрі үйреткен жанды Алла тағала фақиһтар мен ғалымдар қатарында тірілтеді» (Бәйһақи, Ибн Малик).

Ислам бізге Ардақты пайғамбарымыз арқылы жетті. Расулалла (с.а.у.) дінді қалай ұстану керектігінде өзі үлгі болды. Осы себепті оның өмірі, бұйрықтары мен сөздері біз үшін жолбасшы болып табылады. Хадис шәріптер оның өмірін, бұйрықтары мен тыйымдарын қамтығандықтан, өте маңызды. Жоғарыдағы хадисте де айтылғандай, Расулалла (с.а.у.) қырық хадис үйренген әрі үйреткен жандарға қуанышты хабар айтқан.

Хадис шәріптер дініміздің бүкіл қырларын Расулалланың тілімен бізге жеткізеді. Иманнан ықыласқа, ғибадаттардан тазалыққа, отбасы іші қатынастардан қоғам ішіндегі жүріс-тұрысқа, ел азаматы ретіндегі міндеттерімізден бастап басшыларға дейін берілген кеңестерде ислами өмірдің барлық қыры хадис шәріптердің ішінде қамтылған.

Хадистер исламның алғашқы жылдарынан бастап жазыла бастаған. Ал кейінгі ғасырларда бұлар жинақталып, хадис жинақтарын құраған. Хадис ғалымдары жүргізген мұқият жұмыстар нәтижесінде хадистер жүйеленіп, жалған хадистерден тазартылған.

Хадис шәріптер жүрегімізді жайландырады, жолымызға сәуле шашады, ой-өрісімізді кеңейтеді. Осы себепті хадис үйренуші жан Сүннеттегі көп нәрсені де қоса үйренеді.

Пайғамбарымыздың жоғарыдағы хадисі сахабалардың хадис риуаят етуге деген қызығушылығын арттырған әрі хадис жазуға кең өріс ашқан. Соның бірі қырық хадис жазуға деген талпыныс. Бұл дәстүрдің кең тарағаны сонша, қазіргі күнге дейін мыңдаған ғалым осы қуанышты хабарға иек артып, қырық хадис іріктеген неменесе іріктелген қырық хадисті кеңірек түсіндіруге тырысқан. 

Дереккөздерінде айтылғандай, алғаш қырық хадис жинақтаған кісі хазірет Абдуллаһ ибн Мүбарак болған. «әл-Арбаун» (қырық) деп аталатын оның еңбегі кейіннен жазылатын 40 хадис жинақтарына негіз қалаған. Арабша «арбаун», парсыша «чихил» осы жинақтарға атау болған.

Еңбектердің атауы көбіне бір болғанмен қамтыған хадистері құрастырушыларға қарай өзгеріп отырған. Кейбірі сенім мен ақырет, кейбірі фиқһ пен діни үкімдер, кейбірі зүһд, аһлақ пен нәпсі тәрбиесі, кейбірі зікір, дұға, ал енді біреулері Құран сүрелері мен ғибадаттың артықшылығы тақырыбындағы хадистерді жинақтап, «қырық хадис» құрастырған. Кейбір ғалымдар құдси хадистерден қырық хадис құрастырған. Хадис үйрену үшін ел аралаған мұхаддистер өздері аралаған қалалардан «Бұлдания» (қалалардан) деп аталған қырық хадис жинағын құрастырған.

Бір қырық хадиспен шектелмей, бірден көп хадис жинақтаған ғалымдар да болған. Мәселен, әйгілі хадис жаттаушысы Асқаланидың ұзын саны он бірді құрайтын қырық хадис еңбектері бар. Соңғы дәуір ғалымдарынан Юсуф Нәбхани болса, классикалық дереккөздерін пайдалана отырып, түрлі жағдайлардағы қырық түрлі «Қырық хадис» еңбегін құрастырған. Соңғы ғасыр мұсылман ғалымдардың бірі О. Насиухи Білменнің де «10 рет 40 хадис» атты әдемі жинағы бар.

Қырық хадисті іріктеп құрастырушылар қатарында Бәйһақи, Исфаһани, Мұнзири, Нәсаи, Сүлами, Захаби мен Нәуәуи секілді әйгілі ғалымдар да бар. Тіпті Имам Нәуәуидің бұл еңбегі кең танымал болып, кейінгі ғасырларда келген көптеген белгілі ғалымдар осы еңбекке түсіндірмелер жазған. Әрине, бұл салада еңбек еткен ғалымдардың бәрін атап шығу мүмкін емес. Бар болғаны, осы қырық хадисті іріктеп құрастыруға деген құлшыныстың себебін ғана айта аламыз. Қырық хадис құрастырушылардың мақсаты: Расулалланың қуанышты хабарына құлақ түру, сонда айтылған жайтқа қызығу, мұсылмандар арасында сүннетті жаю болып табылады.

Қырық хадистерді арабша білмейтіндер де түсінуі үшін бұл еңбектер түрлі шет тілдеріне аударылған. Бұдан Расулалланың мүбәрак сөзімен үмбетіне жол көрсеткенін, ал оған мыңдаған ғалымдардың құлақ түріп, қолдау білдіргенін көреміз.

Біз бүгін басқа дәуірлерге қарағанда хадистерді түсінуге әрі түсіндіруге, көрсетілген тура жолмен жүруге көбірек мұқтажбыз. Сондықтан төмендеп кеткен тәрбиемізді қайта дұрыстау үшін әлемге ұстаз ретінде жіберілген елшінің әр сөзін көкейге тоқи білуіміз керек.

0 пікір