Рамазан оразасы және оның ақыреттік сауабы
Рамазан оразасы және оның ақыреттік сауабы
9 жыл бұрын 7975

Рамазан айында ұсталған ораза – пішенін о дүниеде, ақыретте жинау мақсатында бұл дүниені егістік деп біліп егінін егумен айналысып жатқан диқан кейпін елестетеді. Ол сондай-ақ мынадай сырларға ие: Рамазан айында жасалған қандай да бір жақсылықтың сауабы мың есе. Хадистерге жүгінсек, Құран Кәрімнің әрбір әрпі он сауап, он Жұмақ жемісіне тең. Ал Рамазан айында болса әр әріп он емес мыңға, Аятүл күрсі секілді аяттың әр әрпі мыңдаған сауапқа тең. Рамазан айының Жұма күндері бұл сауаптар саны тіптен арта түседі. Қадір түні болса отыз мың сауапқа еселенеді. Өйткені «Қадір түні мың айдан артық» (Қадір, 3) аятында ашық айтылғанындай, мың ай отыз мың күнді құрайды. Әр әрпі отыз мың мәңгілік жеміс сыйлайтын Құран Кәрім нұр шұғыласы мол Туба ағашы* секілді миллиондаған мәңгілік жемістерін қасиетті Рамазан айында мұсылмандарға үйіп-төгеді.

Олай болса, сен де кел, жақсылап ойлан! Мынадай керемет саудасы мол іске ой жібер! Бұндай қыруар сауапқа батыратын әріптердің қадірін білмегендер қаншалықты залалға ұшырайтынын ескер!

Рамазан айы - ақырет саудасын қыз-қыз қайнататын қара базар. Тұп-тура көктемгі енді қылтиған жас оттың Сәуірдің толассыз жауған жаңбырымен дүр етіп көктегені секілді амал мен ғибадат сауаптарын еселей түседі. Иләхи құдіреттің сән-салтанатын жақыннан сезінген адамның өз құлшылығына қайта оралуындағы ең жарқын қасиетті мереке. Сол себепті жеп-ішу секілді нәпсінің ерік-қалауына бір сәт тізгін салып, пайдасыз бос істерден бойды тежеп, нәпсіқұмарлыққа салынбас үшін ораза ұстауға міндеттіміз. Адам Рамазан айында уақытша болса да пендешіліктен арылып, періштелік кіршіксіз таза қасиеттерге бой ұрады, ақыреттік саудаға түскендіктен уақытша болса да дүниелік қажеттіліктерін ысырып қояды. Нәтижеде оразасы арқылы ақыреттік бір адам немесе денеге айналып, «самедиятқа»* айна рөлін атқарады. Өйткені Аллаһ Тағала - Самад. Яғни ол еш нәрсеге мұқтаж болмағанмен барлық нәрсе оған мұқтаж. Аллаһтың былайша айтқанда жеуге де, ішуге де еш нәрсеге мұқтаждығы болмайды. Періштелер де осы жемеу, ішпеу, үйленбеу тұрғысынан Самадтық қасиетке жақын болып табылады. Адам да Рамазан айында ауыз бекіту арқылы рухани өмір, рухани тазарып періштелермен иық тірестіріп «Самадият» айнасына айнала алады.

Иә, Рамазан айы бір тұтам жалған өмірдің ішінен мәңгілік арман өмірді сыйлайды.

Иә, Рамазан айы сексен жылдық өмірдің жемісін шашу ғып шашуы мүмкін. Құранның «Қадір» сүресінде айтылған оның мың айдан артық болуы сөзіміздің бірден-бір дәлелі. Мысалы, бір патша өз салтанаты шеңберінде өзінің таққа отыруы секілді басқа да көңіліне жаққан айтулы күндерді мереке ретінде жариялауы мүмкін. Бірақ ол күн ерекше күн болмақ. Ол күні бүкіл халыққа ерекше ықылас-кішіпейілділік танытқан патша оларды жай кездегіден бөлек әдеттегі жалпы заңдылықтар шеңберінен тыс өзінің ерік-қалауы бойынша жеке жарылқауына, тікелей қабылдауына, бөлек ілтипат-жақсылығына бөлейді. Сол секілді ежелден келе жатқан әзәли әрі соңы жоқ мәңгілік әбәди жаратушы, он сегіз мың ғаламның патшасы Аллаһ Тағала да сол он сегіз мың ғаламға сәуле болып төгілген Құран Кәрімді қасиетті Рамазан айында түсірген. Әрине онда Рамазанның бүкіл халыққа қуаныш сыйлайтын ерекше мереке болары сөзсіз. Егер Рамазан мереке болса ол әрине халықты асқа тоғышарлық пен нәпсіқұмарлықтан арылтатын оразаны әмір етері сөзсіз. Оразаның ең жақсысы тек қана асқазанға ғана көңіл бөлу емес, оразаның ең жақсысы көз, құлақ, жүрек, тіпті ой-пікірді де барынша таза ұстап оларға да ораза ұстату болып табылады. Былайша айтқанда көзді харам нәрселерден қорғау арқылы, құлақты өсек-аяңнан қорғап Құран тыңдату арқылы, жүректі де барлық жамандық атаулыдан қорғау, ой-пікірмен де жаман нәрселерді барынша ойламау арқылы ораза ұстауға тырысу. Айталық, тілді өтірік айтып, көрінгеннің артынан өсектеп ғайбаттаудан сақтап, керісінше ол тілді зікір, пікір, салауат, истиғфар (кешірім тілеу) секілді жақсы ғибадаттарға бағыттау.

Асқазанға келер болсақ, ол онсыз да күндіз-түні үздіксіз жұмыс істеп тұрған үлкен фабрика іспетті. Ораза оған бір сәт тынығуды сыйлайды.

1 пікір