Сикхтар деген кімдер?
Сикхтар деген кімдер?
9 жыл бұрын 12244
Құдайберді Бағашар

Сикхизм қазіргі Үндістанның солтүстік аймағында он бесінші, он алтыншы ғасырларда пайда болған сенім. Оның негізін қалаушы Нанак (1469-1538) жылдары өмір сүрген. Нанак өз өмірінде малшы болған, саудамен де айналысқан, кейіннен мемлекеттік қызмет те атқарған. Ақындығы да болған. Бірде өзенге түсіп, орманда жоғалып кеткен. Осы уақыттарда ерекше қасиет қонған деп білінеді. Бұл сенімде он ұстаздың (гуру) тәлімдері негізге алынады. Гуру (гу: қараңғылық, ру: жарық) құдайдан алған ерекше қасиеттер әрі жарығымен қараңғылықты сейілтуші дегенді білдірді. Нанак таратқан «Ек-Онкар» (жалғыз құдай) үндеуінің мазмұны мынау: біз бәріміз де теңбіз, бәрімізді ғаламның бір ғана Жаратушысы жаратты.

Нанак өз шындығын: бір ғана жаратушы бар, бірақ оған бастайтын жолдар көп деп түсіндірді. Нанактың ізбасарлары өздерін сикх (ақиқатты іздеушілер, шәкірттер) деп атады. Нанак оларды бір жаратушыға бас июге, ақиқат нұрына ғана малынуға, әрдайым Жаратушымен бір болуға шақырды. Құдай әндерін салуға үйретті. Бұл әндер жазылып, кейіннен сикхтардың қасиетті жазбаларын құрады (Гуру Грант Сахиб).

 

Сикх ұстаздары

Сикхизмнің негізін Нанак Дев Джи (аса құрметті ұстаз Нанак) қалады. Нанак өз ілімін жалғастыратын, қауымды басқаратын лайықты шәкіртін тапқанда, иығына қолын қойып тұрып, оны «Ангад» (өз денесінің бір бөлшегі) деп жариялады. Ілімі кейінгі ұстаздарға осылай жалғасты. Бұл ұстаздар бір жанға ие, бірақ әр түрлі тәнді иеленді деп сенеді.

Он ұстаздың әрбірі құдайдың бір қырын паш еткен болып қабылданды:

Ұстаз Нанак Дев – бойұсынушылық, ұстаз Ангад Дев – тіл алушылық, ұстаз Амар Дас – теңдік, ұстаз Рам Дас – қызмет ету, ұстаз Арджан Дев – өзін құрбандыққа шалу, ұстаз Харгобинд – әділеттілік, ұстаз Хар Рай – мейірімділік, ұстаз Харкрисхан – пәктік, ұстаз Тег Бахадур – тыныштық, ұстаз Гобинд Сингх – ерлік, ұстаз Гобинд Сингх – жаужүрек жауынгер, данышпан. Соңғы Гуру «Өзге ешбір тәсілден нәтиже шықпағанда ғана қылышқа жүгінуге болады» деген сөз қалдырды. Ол сондай-ақ Үндістандағы кедей әрі қуғын көрген жандардың қорғаушысы болды. 

 

Шри Гуру Грантх Сахиб (Қасиетті кітап немесе ұстаз)

Шри Гуру Грантх Сахиб немесе Ади Грантх Сахиб – бұл сикхтардың қасиетті жазбалары әрі бір жағы ұстаз болып есептеледі. Өз жетекшілігі кезінде Гобинд Сингха қауымның ендігі билігі қасиетті кітапқа өткенін, сол үшін ендігі жерде он бірінші әрі сикхтардың мәңгілік ұстазы осы жазба болатынын бекіткен.  Шри Гуру Грантх Сахибқа тірі ұстаздар секілді үлкен құрмет көрсетіледі. Ол сикх храмы Гурдварда (сондағы негізгі залда) сақталады.  

 

Хальса – рухани бауырластық

Гобинд Сингх – іріктеулі сикх ұстаздарының соңғысы болды. Ол ой мен іс әрекеттегі тазалыққа шақыратын рухани бауырластық Хальсаларды құрды. Хальсаға мүше болғандардан ерекше сыртқы пішінді талап етті.  Бұл ерекше сыртқы пішін оларға өз міндеттерін еске салып тұруға әрі өздерінің ішкі биік рухани өресін сақтауға көмектеседі деген сенімде болды. Хальсаға мүше әрбір сикх төмендегідей 5 «К» ны өзінде көрсетуге, дәріптеп жүруге міндеттелді. 

Кеш – сақал мұрт пен шашты алмау. Ол құдай берген кейіпте сақталуы тиіс. Сәлде – руханилықтың тәжі, ол бір жағы ұстазға қол берудің рәмізі.

Кангха – ағаш тарақ, тазалықтың рәмізі ретінде шашты мұқият күтіп ұстауға көмектеседі.

Катчера – арнайы мақтадан жасалған белдеме киім, ол тазалықты ұстануды білдіреді.

Кара – болат білезік, ол жалған нанымнан алыс болып, ақиқатқа беріктікті білдіреді.

Кирпан – қанжар не қылыш, Хальса мүшелері бұл қарумен ақиқатты қорғауға тырысады.

Хальса мүшелеріне некеден тыс жыныстық қатынас, темекі, арақ, есірткі түрлері мен масайтатын заттар қолдануға, бұған қоса, өсек, өтірік, тәкаппарлыққа тыйым салынады. Бірақ бес К–ны ұстанбайтындарды олар сикх болудан шеттетпейді.

 

Негізгі нанымдары мен ұстанымдары

«Ек Онкар» (жалғыз құдай): бір ғана құдай бар, оның есімдері мен сипаттары сансыз, барлық діндерде айтылатын құдай осы. Оған жыныс тән емес, барлық уақытта, барлық жерде бар болып табылады.

Ерте тұру және ой жіберу, күн шықпай тұрғандағы уақыт құдаймен бір болуды сезіну мен медитацияға, дұғаға арналады.

Адал табыс табу, адал өмір сүру. Өзгелердің арқасында арам пайда таппау, адал еңбектену.

Өзгелермен бөлісе білу: үйдің есігін қашанда өзгелерге ашық ұстап, келгендерді жылы қабақпен қарсы алу. Адал табысының белгілі бір мөлшерін өзгелермен бөлісу.

Қайта туылу, карма және құтқарылу: барлық заттардың жаны бар, өлген соң жан басқа денеге ауысады. Бұл рух толық азаттық алғанға дейін жалғасады.

Құдайды еске алу: құдайды жақсы көру, оған ерекше құрмет көрсету.

Адамдық: пенделердің барлығы тең, бәріміз құдайдың балаларымыз, құдай біздің қамқор ата-анамыз (Бұл бірақ христиан дініндегі Иса құдайдың баласы дегендей емес).

Адами құндылықтарды ұстану: барлық тіршілік иелерінің құқық қорғау, сақтау, әсіресе өз жақындарыңның. Отбасы құндылықтарын сақтау.

Жеке құрбандық: жоғарғы құндылықтар үшін өз өміріңді қиюға әзір болу.

Құдайға апаратын жолдардың көптігі: сикхтар өзге дін өкілдері де тура жолда болуы мүмкін деп сенеді, тек өздерімен шектемейді.

Өмірге жағымды көзқараспен қарай білу: «Чарди кала» ұстанымы – яғни әрдайым өмірге оң тұрғыда, оптимистік көзқараспен, қуанышпен қарай білу.

Тәртіпке бағыну; Хальсаға кіргендер 5 К-ны алып жүруге, және басқа да ережелерге бағынуға міндетті.

Арнаулы қасиетті күндер жоқ: сикхтар ерекше қасиетті күндер болатынын қабылдамайды.

5 «ұрыны» бағындыру: әр сикхтың міндеті 5 ұрыны бағындырып ұстау:  менмендік, ашу, сараңдық, тәуелділік пен құмарлық.

5 қылышпен шабуылдау: жомарттық (дайя), ақиқат (сат), қанағат (сантокх), бойұсынушылық (нимрата) және махаббат (пайар)

Сикхтарда мұсылмандардағы Жұма не христиандардағы Жексенбі секілді белгілі бір құлшылық күні жоқ, батыста христиан елдерінде өмір сүретін сикхтар жамағат болып атқаратын құлшылықтарын Жексенбі күні өткізеді. Сикхизм сырттай қарағанда Ислам мен Индуизм арасынан пайда болған синкреттік дін секілді көрінсе де, өздері бұл діннің синкреттік екенін қабылдамайды. Өйткені құдайдан келген деп біледі. Сихк дәстүрінде Ислам мен Индуизмдегі қажылық, ораза және құрбан секілді құлшылықтар жоқ. Сүндетке отырғызу дәстүрі де оларға жат. Бұған қоса, сикхтер кейбір үнді дәстүрінде орны бар аскетизм, кезбелік, қайыршылық немесе өлген күйеулерінің артынан жесірлерін қоса өртеу (сати) дәстүрін де қабылдамайды. Десе де Нанак дәріптеген сенім исламдағы тәухид түсінігіне жақындау келетінін айтуға болады.

Бүгінгі күні бұл сенімнің 23 миллион ұстанушылары бар деп білінеді. Біздің мақсат: Үндістандағы көп құдайшылық жүйенің арасында бір құдайшылық сенімді дәріптеушілердің барын көрсету. Әрине, ол сенімнің қаншалықты тазалығы, дұрыстығы өз алдына бөлек әңгіме.   

1 пікір