Бала тәрбиесіндегі кейбір олқылықтар
Бала тәрбиесіндегі кейбір олқылықтар
7 жыл бұрын 7337
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Ата-аналардан: «Ұл-қыздарыңызды қалай өсіріп жатырсыздар?» деп сұрасақ, көбіне көп еститін жауабымыз: «Тамағын тоқ, киімін көк етіп, ешкімге жалтақтатпай өсіріп жатырмыз» болып шығады. Қазіргі қоғамымызда балаға тәтті тамақ, шырын сусын беріп, жылы үймен қамтамасыз ету оның алдындағы қарыздарымыздан құтылғандай болып көрінетін секілді. Алайда киімін, ішіп-жемін, баспанасын дұрыстауымыз перзенттеріміздің сөздерін, қылықтарын, ұстанымдарын және екі дүниеге деген ұстанымдарын өзгертіп жатқан жоқ. Күндер өтіп жатыр, бірақ балаларымыз рухани толықпай отыр.

Әкелер: «Мен бала-шағамды асырау үшін күндіз-түні еңбек етіп жүрмін. Өзім қиналсам қиналайын, баларым жақсы болсын деп жүрмін» дейді. Осылай жүріп, балаларын тек қана ұйықтап жатқан кезде ғана көретіндерін сол әкелер өздері айтады. Бірақ өкінішке қарай, олар осылай үй бетін тек түнде көріп жүргенде, ұл-қыздарының қандай бағытта өсіп жатқандығынан бейхабар қалып қойып жатады. Мысалы, мұсылман отбасы болса, балаларының намазын толық оқып жүргенін немесе өткізіп қойып жүргенін анық біле алмайды. Айтатын сөздері рас-өтірік екенін тағы білмейді. Өзі жоқта балаларының қандай кітап оқитынын, не үйреніп жүргенін білмейді. Кімдермен дос болып жүргенінен де хабарсыз. Ал шындығында, нағыз тәрбие осы сауалдардың маңында жатыр. Ата-ана ұл-қызының ішкі рухани қоймасын немен толтырып жатқанын үтір-нүктесіне дейін жақсы білуі тиіс. Керек десеңіз, баланың достарының кім екенін бақылаудың өзі артық емес.

 Ал баланың анасы: «Мен бүгін балама ең дәмді тағамды сатып әпердім, ең тәтті асты пісіріп бердім, ішетін сусыны шырын болуын қадағаладым» дейді. Осылайша ананың да күндік уақыты асханада өтеді.

Бала-шағасы мектептен, бала-бақшадан немесе ойыннан келгенінде, олардың не істегенін тәптіштеп сұрап отырмайды. Кейде балалар теледидардың алдында бақылаусыз қалып жатады. Ондағы хабарлардың баласының келешегіне, ішкі руханиятына пайдасы бар ма, зияны бар ма, мінез-құлқына қандай әсері бар, көріп жатқаны адал ма, басқа ма оған немқұрайлы қарай салады. Әйтеуір бала-шаға ауыртпашылығынан өзін аман сақтаса болғаны. Бірақ сол аналар өз балаларын осылай қараусыз қалдыру арқылы өз қолдарымен қауіп-қатерге тігіп жатқанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.

Өйткені ана әкеге қарағанда көбірек үйде отырады да, кешке күйеуі бала-шағасының жағдайын сұраса, үндемей қоя салады немесе бір сылтауларды айтып, тақырыпты өзгерте салады. Тіпті, кейде: «Құдайға шүкір, бала-шағаң жақсы» деп те қояды. Міне, осы дұрыс емес. Осы дүниедегі немір зұлмат қылмыстар балаларды осылай қараусыз қалдырудың нәтижесінде болып жатқанын білуіміз керек.

Баласының үйде немен айналысып отырғанын білмейтін ата-ана олардың көшеде не істейтінін қайдан білсін? Ұрлықпен, айналысып жүр ме, біреуді қан қақсатып жылатып жүр ме, қыздары жеңіл жүріспен жүкті болып, қолдан түсік жасатып жатыр ма, арақ ішіп мас болып жүр ме – біреуінен де хабарсыз.

Енді осы мәселелерге асыл дініміз тұрғысынан келейік. Ислам көзқарасы бойынша балаға тәлім-тәрбие беретін ең алғашқы мектеп, алғашқы медресе, алғашқы ұя отбасы болып саналады. Егер отбасында баланың рухани дамуына, жетілуіне көңіл бөлінбесе, онда ол бала ертең бас ауруымызға, жүрегіміздің ең ауыр қайғысына айналуы мүмкін. Дұрыс тәрбие көрмеген ұл-қыз тек ата-анасының ғана емес, бүкіл қоғамның, елдің, тіпті адамзаттың ең үлкен проблемасына айналуы әбден ықтимал. Кешегі ата-бабамыз жастардың бұзықшылығын көргенде, ең алдымен «Бұл баланың ата-анасы қайда, неге баласына дұрыс қарамайды?» деп бұзақылықтың себебін әке-шешеден іздейтін. Осыған көп көңіл бөлуіміз керек. Олай болса, бала тәрбиесі - бұл дүниедегі барлық істен жоғары тұратын өте үлкен жауапкершілік. Сонда не істеу керек?

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір хадисінде: «Адам баласы қайтыс болғанда, оның үш нәрседен басқа амалдары түгел тоқтайды: «көпшіліктің игілігі үшін берілген садақа, пайдалы ілім және артынан дұға жасап тұратын ізгі ұрпақ» делінген.

Осы жерден қорытынды шығарар болсақ, сіз ұлыңызға намаз үйрететін болсаңыз, оның әрбір оқыған намазынан өзіне берілетіндей сауап сізге де жазылып отырады. Ал егер ол үйленіп, өз баласын да сол сіз үйреткенге баулитын болса, оларға жазылатын мол сауапқа сіз де ие боласыз. Баламызға өзге де игі істерді үйретудің осы намазға үйрету секілді сауабы мол.

Тағы бір хадисінде Алланың елшісі (с.а.у.) былай деген: «Кім де кім тура жолға шақырса, оған соңынан ерушілердің сауабындай сауап жазылады. Одан бір де бір нәрсе кемітілмейді, ал кімде-кім теріс жолға бастаса, оған соңынан ерушілердің күнәсіндай күнә жазылады, Одан бір де бір нәрсе кемітілмейді».

Олай болса, балалар әкесінен темекі шегу, арсыз киноларды көру, біреуді алдау секілді қылықтарды үйренсе, онда сол күнәлар әкеге баласына жазылғандай көлемде жазылады.

Иә, ертең Қиямет күні болғанда, алдымен бала емес, баласы жайлы әке сұралады. Сондықтан бала-шағамызды еш уақытта қараусыз, назарсыз қалдырмауымыз керек. Ата-ана ұл-қызының қандай ауамен тыныс алып жүргеніне дейін өзінің бес саусағындай білуге тиіс. Бұл бір. Екіншіден, перзенттерімізге Ислам дінінің негіздерін жастайынан үйретуіміз керек. Ол үшін алдымен ата-ананың өзі дін мен дінсіздіктің, иман мен имансыздықтың, бұл дүние мен арғы әлемнің парқын ажырата білетіндей сауатты болуға тиіс. Дініміз ер-әйел мұсылмандарға ғылым ізденуді парыз етуінде мән бар. Ата-ана көп ізденуі тиіс. «Жүрегім таза, ешкімнің ала жібін аттап жүрген жоқпынмен» көп мәселе шешіле қоймайды. Бүгін біз осылай ойлап жайбарақат отырсақ, ертең өзге біреулер келіп біздің ала жібімізді аттауы мүмкін. «Байығың келсе, дін ойлап тап» деген саясатты ұстанып жүргендер бүгінде аз емес. Ағылшын тілін үйретем, компьютер үйретем, «таза дін» үйретем деп жүріп, перзенттерімізді көрінген көк атты келіп өз тобына тартып әкетіп жатса, бармағымызды шайнайтын кез сонда. Бірақ ол кезде кеш болады. Өйткені жастардың жүрегіне жазылған нәрсе тасқа қашалған жазумен тең. Оны тек сындырып қана өшіруге болады. Сондықтан ұл-қыздарымыздың жүрегіне ең бірінші діни жазуды ата-анасы жазуға тиіс. Сонда ғана ол баланың келешегінен үміт етуімізге болады.

1 пікір