БАЛАНЫҢ ӘКЕСІНДЕГІ АҚЫСЫ
БАЛАНЫҢ ӘКЕСІНДЕГІ АҚЫСЫ
5 жыл бұрын 12352
Әбу Ләйс әс-Самарқанди (м 911-985 ж.)

Ғұлама ғалым Әбу  Ләйс әс-Самарқанди былай дейді: Бізге Мұхаммед ибн Фазл хадис жеткізді (хәддәсәнә), Мұхаммед ибн Фазл айтты: Бізге Мұхаммед ибн Жағфар былай деп хадис жеткізді. Ол айтты: Бізге Ибраһим ибн Юсуф былай деп хадис жеткізді. Ол айтты: Бізге Әбу Муъауия хадис жеткізді. Ол Хасан ибн Аммарадан, ол (яғни, Хасан) Мұхаммед ибн Абдуррахман ибн Әбу Ләйләдан, ол Иса ибн Талхадан, ол Әбу Һурайрадан, Әбу Һурайра болса, Пайғамбарымыздың былай дегенін жеткізді:

«Үш нәрсе баланың әкесіндегі ақыларынан: туылған  кезде көркем ат қоюы, есі кіргенде (оқу) жазуды үйретуі және кәмілетке толғанда үйлендіруі»[1] .

Риуаят етілгенге қарағанда Әзіреті Омарға (радияллаһу анһ) бір ер адам баласын ертіп алып келіп: «Мына балам менің тілімді алмайды» - деп шағымданыпты. Әзіреті Омар балаға қарап: «Әкеңе қарсы келуде Алладан қорықпайсың ба? Оның ақысы мыналар» деп, әке алдындағы міндеттерін тізе бастапты. Сонда бала: "Уа, мұсылмандардың әмірі! Баланың да әкесінде ақылары бар ма?" - деп сұрайды. Әзіреті Омар: «Иә, бар. Баланың әкесіндегі ақысы: әкесі анасын аларда таңдап алуы, яғни болашақта баласы ұялмайтындай иманды, ибалы әйел затын әйелдікке алуы керек. Сондай-ақ, жақсы есім беріп, оқу-жазуды үйретуі» деп баланың әкесіндегі ақысын айтып беріпті. Жауапты естіген бала: «Аллаға ант етейін, әкем менің анамды таңдап алмаған. Анам Синх ұлтынан. Оны әкем төрт жүз дирхамға сатып алған екен. Және әкем маған көркем есім бермеді. Ол маған "Жуъал" деп, жарғанаттың еркегінің атын берген. Сондай-ақ, әкем маған Құранның бір де бір аятын үйреткен емес» - деп ақылары орындалмағанын айтып ол да қарсы шағымданыпты. Сонда Омар әкесіне қарап: «Балам менің ақымды жеді деп отырсың. Ол сенің ақыңды жеместен бұрын, сен оның ақысын жеген екенсің. Тұр да бар», - деген екен.

Сәбит әл-Бәннәни рахимаһуллаһ әңгімелейді:

Бір ер адам өз әкесін үнемі денесінің бір жерінен ұрады екен. Оны көрген жұрт: «Бұл неғылған іс?» деп сұрапты баласының әрекетін дұрыс көрмей. Сонда әкесі оларға: «Оны қоя беріңдер. Мен де кезінде әкемнің тура сол жерінен ұратынмын. Міне енді сол ісім өз басыма келіп, балам мені тура сол жерімнен ұруда. Оның себебі сол. Баламды айыптамаймын» дейді екен.

Даналар айтқан: «Кім ата-анасына қарсы келсе, кейін баласынан жақсылық көрмейді. Кім әлдебір істі кеңесіп істемесе, ойлаған нәтижеге қол жеткізбейді. Кім отбасындағы анша-мұнша нәрселерге көз жұмбаса, отбасындағы өмірінен рахат кетеді» деген.

Шағбиден риуаят етілген хадисте Алла елшісі былай деген:

«Баланың жақсылығы үшін оған жәрдем еткен әкені Алла рахымына бөлесін»[2].

Яғни, баласы қарсы келіп, орындамайтын істі әкесі бұйырмағаны абзал.

Кейбір салиқалы кісілер балаларына ешқандай іс тапсырмайды екен. Егер, бір нәрсені қажет етіп тұрса, басқа біреуге тапсырады екен. Оның себебін сұрағандарға: «Егер ұлыма оны істеуді бұйырсам, ұлым тілімді алмай маған қарсы келіп, соның салдарынан о дүниеде тозаққа түсіп қала ма деп қорқамын. Мен өз қолымен ұлымды отқа тастағым келмейді» деп түсіндіреді екен.

Алла елшісінің мынадай сөзі риуаят етіледі:

«Төрт нәрсе адамның бақыты: Әйелінің салиқалы болуы, балаларының жақсы адам болулары, ізгі жандармен араласуы және ризық-несібесі өз қаласынан шығуы»[3].

Егер балаға әкесі Құран үйретіп, білім беріп ізгі адам боп өсуіне жағдай жасаса, баласының сауабы әкесіне де жазылады және баласының сауабынан еш кемітілмейді. Ал, егер әкесі баласына Құран үйретпесе, оның орнына бұрыс жолды үйрететін болса, оның күнәсі әкесіне де болады және баласының күнәсінан кемітілмейді.

Сахаба Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уә сәлләм) былай деген:

«Адам өлген болса, одан үш нәрседен өзге амалдарының сауабы тоқтайды. Ол үш нәрсе мыналар: Садақа жария, адамдар пайдаланатын ілім және оның артынан дұға етіп тұратын салиқалы бала»[4].

 «Тәнбиһул ғофилин» атты кітаптан. (Ықшамдап алынды).
Арапшадан аударған: А. Қасым 


[1] әл-Бәззәз риуаят еткен. Сәнәдінда Абдулла ибн Саъид әл-Мақбари бар. Ол - мәтрук. (Мәжмаъуз зауаид).
[2] Әбу Шайх «Китабус сәуаб» бөлімінде Ибн Омар және Алиден әлсіз сәнәдпен риуаят еткен. Және де хадисші Науқани оны мүрсәл хадис ретінде Шағбиден риуаят еткен. Әлсіз хадис.
[3] Хадисті Ажләуәни «Кәшфуль Хофа» кітабында келтірген. Хадистің нөмері - 310. Ибн Асакир мен Дәйләми де Сәһлден және Ибн Әби дүниядан «Кітабуль Ихуан» бөлімінде келтірген.
[4] Сахих Мүслим.

0 пікір