Жар таңдау – жауапты іс
Жар таңдау – жауапты іс
9 жыл бұрын 9172
Шәмшат Әділбаева

Кісі өмірінде үлкен жауапкершілікті қажет ететін істің бірі – жар таңдау. Кішігірім ауылда тұратындар үшін жар таңдау аса қиынға соға қоймас. Себебі, ауылдастар бір-бірін бұрыннан таниды. Жастар да бір-бірінің өскен ортасын, отбасы жағдайын, туған-туыстарын, мінез-құлқын азды-көпті біледі. Ал ауылдан жырақта жүрген жастар үшін өмірлік жар таңдауда кейбір кедергілердің туындайтыны жасырын емес.

 

1. Ата-ананың пікірі

Қазіргі кезде ата-аналардың көбі балалары есейе бастағанда жар таңдауды олардың өз еріктеріне қалдырып, еркін көзқарас шеңберінде тәрбиелейді. Тіпті, кейде «Үйленетін сенсің, өзіңе ұнаса болғаны» деп әңгіме арасында айтып отырады. Осыны естіп өскен қыз немесе ұл үйленуге шешім қабылдарда «Ата-анам менің ісіме араласпайды. Маған ұнағаны оларға да ұнайды» деп түсініп, өзінің қалауындағы жаспен отбасын құруға бекінеді. Осылайша екі жас көңіл жарастырып, шаңырақ көтермекке ниеттенген соң күйеу жігітті немесе қалыңдықты ұнатпаған ата-аналары олардың үйленуіне қарсы шығуы мүмкін. Ең өкініштісі, көңілі қалаған адамын «Отбасым қарсы болмайды» деп үміттендіріп, кейін ата-анасын ренжітпеу үшін үйленуден бас тартулары жастар арасында аз ұшыраспайды. Сондықтан отбасын құруды жоспарлаған адамына кесіп ештеңе айтпай тұрып, бұл істі алдын-ала ата-анасымен ақылдасып, шешіп алған дұрыс. Әйтпесе, мұндай жағдай қарсы жақтағы жасқа қатты соққы болып, көңілі қалуы мүмкін.

 

2. Екі жасты туыстарының таныстыруы

Кейбір отбасында ата-аналары немесе туыстарының ержеткен ұлына немесе бойжеткен қызына «Саған қалыңдықты (күйеуді) өзіміз тауып береміз» дейтін жағдайлар да орын алады. Осылайша өздерінің достарының немесе жекжат-жұрағаттарының балаларымен таныстырып жатады. Мұндай кезде жастың өзіндік көзқарасы, талғамы екінші сатыға түсіп, ата-анасының таңдауы басымдыққа ие болады. Басынан өткен осындай жағдайды университетті енді ғана бітірген жігіт былай баяндайды: «Ата-анам маған «Саған жақсы қалыңдық тауып қойдық. Екеуіңді таныстырайық» деді. Әкемнің ескі достарының бірінің қызы екен. Үйлеріне қонаққа бардық. Қызды тек қана дастархан басында көрдім. Үйге келген соң ата-анам қыз жайлы пікірімді сұрады. Бір ауыз тілдеспеген, тіпті алғаш рет көрген қыз туралы не дейін?». Кейде мұндай жағдайда жастар ата-анасын ренжітпеу үшін «Сіздерге ұнаса болғаны» деп үйленуге келісім береді. Өкінішке орай, көбінесе мұндай жұптың арасында сүйіспеншілік емес, керісінше түсініспеушілік белең алады. Аталмыш оқиғадағы жігіт ата-анасының қолқалауымен үйленіп, бірақ, бір жылдың ішінде ажырасқанын тілге тиек еткен еді.

 

3. Достарының таныстыруы

Таныстырған достары екі жастың мінез-құлқын, ерекшеліктерін, бір-біріне үйлесер-үйлеспесін өте жақсы білмесе, кейін арада туындайтын түсініспеушіліктер үлкен мәселелерге жол ашуы мүмкін. Сондықтан, арадағы адамдар екі жақты да өте жақсы танып, әрі жастарға алдын-ала бір-бірі жайлы дұрыс мәліметтер бергені абзал. Сонда ғана мұндай жастар тез арада бір-біріне үйренісіп кетеді. Сонымен қатар, достарының «Бұдан артық жар таппайсың» деп қолқалауы да  жастардың таңдауына кедергі келтіреді. Мұндай кеңестердің соңы жастарды кездесіп тұруға итермелейді. Ондайда жастар «Біраз жүрейін, егер ұнамаса бас тарта салармын» деп ойлайды. Бірнеше мәрте кездескеннен кейін бірін-бірі «Үміттендіріп, ақырында көңілін қалдырмай-ақ қояйын» деген оймен үйлене салады. Бір-бірін жақсы танымай шаңырақ көтерудің соңы «әттеген-ай» дегізіп бармақ тістетеді. Ал екі жас танысып-біліскен болса, мұндай өкініштерге ұрынбас еді. Сондықтан үйленбес бұрын екі жастың бір-бірі жайлы мәлімет алып, бір-бірін тануы, ортақ тұстары мен мінез-құлқының бір-біріне сай келер-келмесін білгені жақсы.

3 пікір